Оралда жас босанған әйел үшінші қабаттан секіріп кетті

ОРАЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда 1983 жылғы жас босанған әйел 8 қазан күні облыстық перинаталдық орталықтың үшінші қабатынан секіріп кеткен.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, дене жарақатын алған ол жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілген. Қазіргі кезде аталмыш азаматшаның мұндай қадамға неліктен барғандығы анықталу үстінде.

Өткен аптада басқа да оқиғалар тіркелді. 4 қазан күні сағат 22.00-де белгісіз жүргізуші «Ниссан Максима» автокөлігімен Орал қаласының Ә.Молдағұлова көшесіндегі «Вольный стиль» дүкеніне қарсы бағытта жаяу жүргінші зейнеткерді қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмған. Хабар түсісімен оқиға орнынан табылған тәртіп сақшылары жаяу жүргіншіні қаққан жүргізушіні анықтап, қолға түсірді.

6 қазан күні сағат 19.30-да белгісіз біреулер қаланың ет комбинаты ауданында орналасқан «Альмира» дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған. Пышақпен қорқыту арқылы дүкеншіден азық-түлік алып кетпекші болған. Хабар түскен бойда оқиға орнына жеткен Орал қаласы ІІБ учаскелік полиция инспекторлары 1987 жылғы күдіктіні ұстап, пышақты тәркіледі. Күдікті ҚР ҚК 132-бабына сәйкес Орал қаласы ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.