Оралда жас отбасыларға арналған жаңа үй пайдалануға беріліп, Үкімет басшысы бір топ қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етті

ОРАЛ. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік үй пайдалануға беріліп, оның ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты. Үкімет басшысы бір топ қоныс иелеріне жаңа пәтер кілттерін табыс етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов үйдің салтанатты ашылу рәсімінде атап өткеніндей, бұл - өңірде «Баспана - жастарға» жобасына сәйкес беріліп отырған екінші үй. Алғашқы баспана 2008 жылы қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын.

Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін 2006 жылы облыс әкімдігі жарғылық қорына 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен «Ақжайық-Жас отау» ЖШС-ін құрған еді. Жобаға сай бірінші үй құрылысына 2007 жылы облыстық бюджеттен 273 млн. теңге бөлінсе, 2009 жылы 228,6 млн. теңге қаралып, екінші баспана салына бастаған болатын.

Жобаға сәйкес жас отбасы тұрғын үйді сатып алу үшін қаржының 50 пайызын үш жыл бойы "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде" жинақтамақ. Қаржының қалған жартысын банк 6 жылға 5 пайыздық мөлшерлемемен береді.

Алдағы уақытта да жас отбасыларға арналған үй салу жалғаса бермек.