Аталмыш шараны БҚО ІІД жол полициясы басқармасы ұйымдастырды. Ағымдағы жылдың 23 қарашасында еліміздегі жол полициясының құрылғанына 20 жыл толмақ. Осыған орай еліміздің барлық аймақтарында түрлі іс-шаралар өткізу қолға алынған. Бүгінгі шара - соның бірі. Мақсат - жол апаттарының алдын алу. Жол сақшыларының айтуынша, тоғыз ай ішінде өңірде 298 жол-көлік оқиғасы орын алды. Соның салдарынан 63 адам қаза тауып, 363 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Қаза тапқандардың алтауы - бала, ал 68 бала түрлі дене жарақатын алды.
Шара Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жас жол қозғалысы инспекторларының саптық байқауына Орал қаласындағы мектептерден 20-ға жуық команда қатысты. Әр команда саптық байқауда өздерінің ептіліктерін көрсетті.
Байқау қорытындысында №44 орта мектеп командасы жеңімпаз атанса, №40, Зеленов ауданынан Қ.Аманжолов атындағы орта мектеп - екінші, Оралдағы №10, №34, №41 мектептер үшінші орынды еншіледі. Жасақ мүшелеріне медальдар берілсе, командалар грамотамен марапатталды.