ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны салынуына байланысты құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде адам сүйектері табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Мирлан Әйтеновтің айтуынша, шіркеудің артындағы осы жерде бұрын казактар зираты болған. Өткен ғасырдағы азамат соғысы кезінде адамдар жерленген.
«Криминалистер барып қарады. Енді құрылыс жұмыстарының жалғасу-жалғаспауын Орал қаласы әкімдігі шешеді», деді М.Әйтенов.
Кеңес дәуірі кезінде аталмыш стадионның зират үстіне тұрғызылғанын өлкетанушылар да айтып жүретін.
Еске сала кетейік, «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қаржысына салынуда. Құрылыстың біту мерзімі алдағы көктемге жоспарланған болатын-ды. Осыған байланысты допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз кездесулерін әзірше «Стеновик» стадионында өткізуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).