ОРАЛ. 23 қазан. ҚазАқпарат - Орал қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында «Жаяу жүргінші, көрініп жүр!» шарасы ұйымдастырылды.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы жол полициясы бөлімінен Гүлжан Қанатованың хабарлағанындай, жаяу жүргіншілерге қатысты оқиғалар көбінесе күзгі және қысқы қараңғы мезгілде орын алады. Сол себепті адамдарға сыртқы киімінің сыртына жарықтандырып тұратын лентаны тігіп жүруге кеңес берілуде. Бұл, әсіресе, балалар мен жасы ұлғайған адамдар үшін қажет. Жүргізуші автокөлікпен келе жатқанда жаяу жүргіншінің үстінен лентаны көріп, оқыс оқиғаға жол бермейді.
Шара кезінде жас полиция сақшылары көшелерге шығып, жол ережесін бұзған жүргіншілермен түсінік жұмыстарын жүргізуде.
Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда жаяу жүргіншілердің қатысымен 156 жол-көлік оқиғасы болып, 17 адам қаза тапты, 143-і жарақат алды. Соның ішінде Оралда балалардың қатысымен 37 оқиға тіркеліп, 39 өспірім жарақат алды. Осы оқиғаның алтауы балалардың кінәсінен болған, олар жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).