ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласына қарасты Деркөл кентіндегі №12 мектептен өздерін жайсыз сезінген жеті бала ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, олардың алтауы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында. Бастапқыда біреуінің жағдайы ауыр, қалғандары орта және жеңіл дәрежеде делінгенмен, қазір бәрінің де халі жақсарып келеді. Тағы бір бала облыстық ауруханаға түскен.
Аталмыш мектеп директорының міндетін атқарушы Күләш Хайранованың сөзіне қарағанда, сағат 11.00 шамасында үзіліске шыққан балалар үшінші қабатта өткір иісті сезінген. Оқушылардың біреуі қиын халге душар болған. Сол бойда жедел жәрдем бригадасы мен тиісті қызметтер мамандары шақырылған. Жеті бала ауруханаға түссе, қалғандары сабақтан босатылған.
Қазіргі кезде мектепте комиссия жұмыс жасап, оқиғаның мән-жайын анықтауда. Алдын ала мәліметке қарағанда, газ баллоншасы шашылған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).