ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай Оралдағы Салтанат сарайында «Аймақтық журналистиканың бүгіні мен ертеңі» деген тақырыпта БҚО журналистерінің форумы өткізілді.
БҚО ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиынға астаналық журналистер, белгілі азаматтық белсенділер Нартай Әшім мен Максим Рожин қатысып, шеберлік сағаттарын өткізді.
Форумның екінші бөлімінде астаналық журналист, «Медиалық технологиялар орталығы» ЖШС директоры Артур Нығметов пен «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов өз ой-толғамдарымен бөлісті.
Журналистер форумында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, мұндай жиынның берері мол екендігін атап өтті.
Форумға Орал қаласы ғана емес, сонымен қатар барлық аудандардан қаламдастар келіп, пікір алысты.
Осындай тәжірибе алмасу ертең «Жайық Пресс» ЖШС-да жалғасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).