Оралдық оқушы халықаралық олимпиададан алтын медальмен оралды

ОРАЛ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдағы қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы Ғалымжан Асылханов Әзірбайжан елінің астанасы - Бакуде өткен мектеп шәкірттерінің қоршаған ортаны қорғау жобасы бойынша үшінші халықаралық олимпиадасынан алтын медальмен оралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оралдық оқушының Хромтау қаласы (Ақтөбе облысы) маңындағы хром өндірісінің қоршаған ортаға кері әсері туралы жұмысын шетелдік ғалымдардан құралған қазылар алқасы жоғары бағалады. Ғалымжанды аталмыш байқауға лицейдің биология пәнінің мұғалімі Халел Ибрагим мен «Katev» халықаралық қоғамдық қоры биология пәні бірлестігінің жетекшісі Байрам Кенжи даярлады. Осы лицейдің тағы бір шәкірті Серік Тоқыпов таяуда АҚШ-тың Техас штатына қарасты Хьюстон қаласында өтетін «I-SWEEP» білім бәсекесіне аттанбақ.