Оралдықтар А.Пушкиннің туған күнін атап өтті

ОРАЛ. 7 маусым. ҚазАқпарат - Кеше оралдықтар орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туған күнін атап өтті.

Орал - А.С.Пушкин аялдаған Қазақстандағы жалғыз қала. Сол себепті қала тұрғындары ұлы ақын есімін ерекше құрмет тұтады. Қалада ақынның бірнеше ескерткіш-мүсіні бұрыннан орнатылса, 2006 жылы Қазақстан мен Ресей Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путиннің қатысуымен А.Пушкин музейі ашылды.

Бұл жолы да жылдағы дағдымен әдебиет сүйер қауым ақын ескерткішіне келіп, тағзым етті. Ресей Федерациясының Оралдағы вице-консулы Дмитрий Пантелин, өнертану ғылымының кандидаты, доцент Галина Гурьева, А.Пушкинге қатты ұқсайтын Владимир Букреев және басқалар ақын шығармашылығының мәңгі өшпейтінін атап өтті. Шара барысында оның өз өлеңдерімен қатар Сергей Есенин, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев сынды ақындардың жырлары да оқылды.