ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағынауданын абаттандыруға облыстық бюджеттен 490 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бекжан Тоқжановтың айтуынша, осы қаржыға жалпы ұзындығы 7,8 км жол жөнделеді. Сонымен қатар 768 метр арық жүйесі ретке келтіріледі.
«Қазіргі кезде мердігер ұйым анықталды. Бұл жұмыстарды «Бірлік» ЖШС атқармақшы. Абаттандыру жұмыстары күн жылынысымен, сәуір, мамыр айларында басталатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Б.Тоқжанов.
Еске сала кетейік, облыстық мәслихаттың бүгін өткен 9-сессиясында өңірдегі жолдарды жөндеуге 1189,2 млн. теңге қаралды. Соның ішінде ауылішілік және қалаішілік жолдар орташа және күрделі жөндеуден өткізілмек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).