Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов баяндама барысында оралмандарды тартудың қолданыстағы жүйесінде орын алған кемшіліктерге тоқталған болатын. Оның айтуынша, біріншіден, қолданыстағы заңнамада көшіп келген оралмандардың қоныстануына қатысты қатаң талаптар қарастырылмаған. Бүгінгі таңда қоныстанатын мекенжайды оралмандар өздігінен таңдайды. Бұл республика аумағында шеттен келген этникалық қазақтардың жүйесіз қоныстануына әкеп соқтырып отыр. Екіншіден, елге әкелу процедуларын жеңілдетудің икемді материалдық төлемдері алынып тасталған.
«2013 жылы заңға өзгеріс енгізіліп, оралмандарға қатысты барлық материалдық төлемдер алынып тасталған еді. Соның салдарынан соңғы жылдары этникалық қазақтардың репатриациясының қарқындылығы төмендеді. Үшіншіден, елге оралуы, азаматтық алуы барысындағы үдерістер мен талаптар қиындатылып жіберілген. Мәселен, оралман мәртебесі Үкімет айқындалған өңірлерге орналасқан өңірлерге ғана берілді. Ал қалған өңірлерге келген оралмандарға мәртебе қарастырылмады, нәтижесінде олар шетелдік азамат болып қала берді», - деді вице-министр Д. Арғындықов.
Оның айтуынша, заң жобасында осындай олқылықтарды шешу жолдары қарастырылған. «Атап айтқанда, оралмандар мәртебесін қоныстандыру өңірлеріне қарамастан барлық этникалық қазақтарға беруді ұсынамыз. Ал оралман мәртебесін алуға қазіргі уақытта 7 жыл мерзім белгіленсе, оны 1 жылға дейін төмендету көзделеді. Сонымен қатар, бұған дейін оралмандарға ең алдымен тұруға ықтиярхат алу, сосын барып оралман мәртебесін беру қарастырылса, біз алдымен оралман мәртебесін алып, сосын тұрақты тұруға ықтиярхат беруді жөн санап отырмыз. Азаматтық алу жеңілдетілген тәртіппен 1 жыл ішінде беріледі, ал қазіргі жағдай бойынша бұл тұрақты тұруға ықтиярхат алғаннан кейінгі төрт жыл ішінде деп қарастырылған болатын», - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, оралмандарды қоныстандырудың Үкіметпен айқындалған өңірлік квоталары бекітіледі. Сонымен бір мезгілде, оралмандарға берілетін әлеуметтік қолдаулар қоныстандыру үшін айқындалған өңірлерге келген этникалық қазақтар үшін қарастырылады.
«Нақтырақ айтсақ, оралмандар үшін әлеуметтік қолдаулар «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанғандар үшін беріледі. Онда бір жолғы жәрдемақылармен қоса жол жүру және жүк әкелу үшін жұмсалатын көлік шығыстары төленеді, көшіп баратын облыстарда тұрғын үй немесе жастар үшін жатақхана беріледі. Баспаналарды жекешелендіру құқығы Үкімет айқындаған аймақта 5 жылдан астам тұрған оралмандар үшін қарастырылады. Егер оралмандар Үкімет айқындаған өңірден бес жыл ішінде тұрақсыз кетіп қалатын болса, олар баспанадан айырылады және шығындарды қайтарады», - деді вице-министр.