Оралмандарға арналған тұрғын үй құрылысы басталды ? Шымкент

ШЫМКЕНТ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Шымкентте «Нұрлы көш» бағдарламасы ауқымында «Асар» шағынауданының құрылысы басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазан айына дейін мұнда 575 коттедж тұрғызылады. Бағдарламаның Оңтүстік Қазақстан облысындағы операторы ? «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Корпорация қазірдің өзінде 40 үйдің құрылысын бастау үшін қаржыны алып, мердігерге аударды. Биыл барлығы 3 млрд. 569 млн. теңге қаржыны игеру көзделіп отыр. «Бұдан басқа, әр үйдің қасына жылыжай салынады. Бұл оралмандар үшін кіріс көзі болмақ. Олар көкөніс егіп, отбасын асырайды, тұрғын үй несиесін төлейді», - дейді «Оңтүстік» ӘКК төрағасының орынбасары Бердібек Жаңабаев. Инфрақұрылым салуды мемлекеттік бюджет өз міндетіне алып отыр. «Асар» шағынауданында тарихи отанына оралған қандастарымызға барлығы 1 725 үй салынбақ. «Нұрлы көш» бағдарламасы отандастарымыздың елге оралуына елеулі серпін бермек. Өйткені онда жаңа жерге қоныстануға байланысты барлық мәселелерді шешу көзделген», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті облыстық департаментінің директоры Әбдібақыт Мақұлбаев.