Ордабасыда қос денсаулық нысаны ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ордабасы ауданының Ақбұлақ, Ордабасы елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, ел игілігіне берілді, деп хабарлады Оңтүстік қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы күнге дейін қос ауылдағы медициналық ұйымдар ыңғайластырылған ғимараттарда орналасып келген болатын. Енді заман талабына сай жабдықталып, арнайы жобамен салынған медициналық бекеттер елді мекендер тұрғындарына сапалы қызмет атқаратын болады. Қос денсаулық нысанының құрылысын облыстық бюджет есебінен «Астана-Бексұлтан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Қаралған қаржы 72 млн. теңгеден асады. Жаңа медицина ұйымдарының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Самат Сапарбаев елімізде адам және оның өмірі басты құндылық болып саналатынын айта келе, салауатты өмір салтын ұстану - денсаулық кепілі екеніне назар аударды. Жаңадан іске қосылған медициналық бекеттердің ел игілігіне одан әрі қызмет етуіне тілектестік білдірді. «Экономикалық қиын-қыстау кезеңде бюджет жетіспеушілігінен әлеуметтік нысандар барынша оңтайландырылып, ыңғайластырылған ғимараттарға көшірілген болатын. Бүгінде заман түзеліп, әр ауылдарда заман талабын сай бекеттер ашылуда», - деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Болат Салыбекұлы.