Халықаралық сауда орталығының мәліметінше, ақпан айының соңынан бері Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кеме қатынасының азаюы, сондай-ақ тасымал мен сақтандыру құнының қымбаттауы Парсы шығанағынан тыс өңірлердегі сауда ағындарына да әсер еткен. Кеме қатынасын қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, қозғалыс қарқыны әлі де қалыпты деңгейден едәуір төмен.
Экспорт көлемі күрт төмендеді
Ормуз бұғазы — әлемдегі ең маңызды теңіз көлік дәліздерінің бірі. Ол арқылы дүниежүзіндегі теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен төрттен бірі, сұйытылған табиғи газ саудасының елеулі бөлігі және карбамидтің әлемдік экспортының үштен біріне жуығы өтеді.
2026 жылғы сәуір айына қатысты алдын ала деректер Ормуз бұғазына тәуелді елдерден экспорт көлемінің айтарлықтай азайғанын көрсетті. Былтырғы жылдың сәуірімен салыстырғанда негізгі 12 тауар санаты бойынша жеткізілімнің жалпы көлемі 54%-ға қысқарған.
Ең үлкен төмендеу:
сұйытылған табиғи газ экспортында — 95%;
карбамидта — 83%;
метанолда — 80%;
аммиакта — 75%.
Ең ірі шығын энергетика саласына тиесілі болды. Шикі мұнай экспорты 28 миллион тоннаға, мұнай өнімдері 7,3 миллион тоннаға, ал сұйытылған табиғи газ 5,5 миллион тоннаға азайды.
Сарапшылардың айтуынша, іркілістер энергетикамен ғана шектелмей, тыңайтқыштар, химия өнімдері, пластмасса және алюминий жеткізіліміне де әсер етіп, көптеген өндіріс салалары мен жеткізу тізбектерінің жұмысына кедергі келтірді.
Импорттаушылар балама жеткізушілерге бет бұрды
Дағдарыстың әсері әр елде әртүрлі болды. Бұл олардың Парсы шығанағы өңіріндегі жеткізушілерге қаншалықты тәуелді болғанына, қор көлеміне, ішкі сұранысқа және импортты басқа бағыттарға жедел ауыстыру мүмкіндігіне байланысты.
Зерттелген 12 тауар санатының 10-ы бойынша балама жеткізушілерден импорт көлемі артқан. АҚШ сұйытылған бутан мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімін едәуір ұлғайтса, Қытай этилен және пропилен полимерлерінің маңызды қосымша жеткізушісіне айналды.
Соған қарамастан, Ормуз бұғазына тәуелді елдерден импорттың қысқаруын тек екі өнім — аммиак пен полипропилен бойынша ғана толық өтеу мүмкін болды.
Халықаралық сауда орталығының бағалауынша, бұл жаһандық сауда бағыттарының қайта қалыптасу үдерісі басталғанын көрсетеді. Алайда сәуір айында жаңа жеткізілім арналары бұрынғы көлемді толық алмастыра алмады. Кейбір мемлекеттер жинақталған қорларын, стратегиялық резервтерін пайдалануға, ішкі өндірісті арттыруға немесе тұтынуды қысқартуға мәжбүр болған болуы мүмкін.
Ең осал елдер
Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімге тарихи тұрғыдан тәуелді мемлекеттер дағдарыстың салдарын көбірек сезінді.
Мәселен, бұған дейін импортталатын шикі мұнайдың 91%-ын осы өңір елдерінен алып келген Жапонияда мұнай импортының жалпы көлемі 64%-ға қысқарды.
Оңтүстік Кореяда мұнай импорты 23%-ға төмендеді. Бұл елдің өңірге тәуелділігі бұған дейін 62% болған. Ал Малайзияда импорт көлемі 41%-ға азайды, оның тәуелділік деңгейі 53%-ды құраған.
Сонымен қатар Таиланд мұнай импортын 62%-ға арттырды. Бұған жергілікті мұнай өңдеу компанияларының балама жеткізушілерден қосымша көлемді жедел тартуы мүмкіндік берген.
Дағдарыстың салдары ұзаққа созылуы мүмкін
Халықаралық сауда орталығы қалыпты кеме қатынасы толық қалпына келгеннің өзінде, дағдарыстың экономикалық салдары ұзақ уақыт сақталуы мүмкін екенін ескертеді.
Ұйымның бағалауынша, жеткізілімдердің кешігуі, қорлардың сарқылуы, тасымал кестесінің бұзылуы, сондай-ақ көлік және сақтандыру шығындарының жоғары болуы тәуекел ретінде әлі де сақталып отыр.
Соңғы оқиғалар қалыпты жағдайға толық оралу мерзімінің әзірге нақты белгісіз екенін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздің 3 тамызда өтетінін мәлімдеген еді.