Өрт 300 тайланған шөпті жойып жіберді, жас жігітті күйік шалды

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Буденов кентінде «Иволга холдинг» ЖШС-нің бидай егілген егістігі өртене бастады, деп хабарлайды ҚР ТЖМ.

Өрт 2 сағаттан кейін жойылды. Оны сөндіруге «Тобыл орман шаруашылығы» ММ-нің 21 адамы мен 7 техникасы жұмылдырылды. Жалын тілі 75 гектар жерді шарпыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Сенбі күні кешке Ақтөбе облысының Ақтасты кентінде бес сағат бойы далалық жер өртенді. Өртті сөндіруге Тасөткел ауылдық округінің ерікті өрт сөндірушілер құрылымының 27 адамы мен 7 техникасы жұмылдырылды. Өрт аумағы 500 гектар жерді құрады. Соның салдарынан 300 тайланған шөп жойылып, трактордың тіркемесі жарым-жартылай бүлінді. Оқиға орнында термиялық күйіктер шалған 22 жастағы жігіт ауруханаға жеткізілді.