Өрт сөндіру кезінде тәуекелге баратын кез көп болады – Алтынбек Ерғожин

Кейінгі жылдары өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ел алдындағы абыройы артты. Олар бүгінде халықтың нағыз қорғанына айналды. Содан да болар аталған мамандық иелеріне деген көптің сый-құрметі ерек. Ақтөбе қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Алтынбек Ерғожин Kazinform-ға берген сұхбатында антына адал, ісіне берік өрт сөндірушілердің қызыққа әрі қиындыққа толы қызметі туралы айтып берді. 

Фото: Алтынбек Ерғожиннің жеке мұрағатынан

– Алтынбек Аманжолұлы, төтенше жағдайлар қызметіне қалай келдіңіз?  

– Бала кезімде әскери қызметші, полиция қызметкері болуды армандадым. 11 сыныпты бітірген соң жоғары оқу орнының дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығына түстім. Ал 18 жасқа толғанда әскерге аттандым. Үйге аман-есен оралған кезде жан-жағымдағы ағаларымды, өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейтін таныстарымды көріп, осы саланы таңдауды ұйғардым. Бұл да әскери қызметтің бір түрі. Түрлі сынақтан өттім, оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Осылайша 2016 жылы Хромтау ауданында өрт сөндіруші қызметіне қабылдандым. Бір жыл сонда еңбек етіп, 2017 жылы Ақтөбе қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне аға өрт сөндіруші болып ауыстым. 2021 жылы бөлімше командирі қызметіне тағайындалдым. Біздің қарауылда ол кезде 14-15 адам болатын. Қарауыл бастығынан кейін бөлімше командирі жауапты болды. Өзім биыл осы саланың дипломын алдым. Жоғары оқу орнын бітірдім. Әлі де біліктілігімді жетілдіріп, әскери шенімді көтергім келеді. 

– Өрт сөндірушінің бір күні қалай өтеді?  

– Біз кезекшілікпен жұмыс істейміз. Таңертең жұмысты қабылдап алып, күн тәртібін құрамыз. Түске дейін сабақ болады. Жазу-сызудан өзге, практикалық оқу-жаттығу да жүргізіледі. Тәуліктік кезекшілікті бір-бірімізге тапсырған кезде күні бұрын не болғанын, өрт сөндіру құралдарының жарамдылығы туралы айтылады. Түстен кейін саптық жаттығу, бөлімнің жұмыстары қарастырылған. Оқыс шақырту түсіп, оқиға орнына шығып кетуіміз де мүмкін. Ол кезде дайындық, жаттығу кейінге қалады.

Қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі – облыстағы ең үлкен бөлім. 2015 жылы ашылды. Техникаларымыз да жеткілікті. Бір ауысымда екі бөлімше командирі жұмыс істейді. Барлығы 4 ауысымда негізгі үш автокөлік бар. Біріншісінде 7 адам, екіншісінде 6 адам болады. Ал үшінші көлікте автосаты қарастырылған. Ол көпқабатты үйлерге ғана жіберіледі. Өрт болған кезде көбіне бірінші көлік аттанады. Екіншісі қосымша көмекке барады. Өрт ішіне алдымен бөлімше командирі бастап кіреді. Содан кейін төрт өрт сөндіруші ілеседі.

Фото: Алтынбек Ерғожиннің жеке мұрағатынан

– Өрт шыққан аумаққа, ғимаратқа, пәтерге кіргенде сіздің бірінші міндетіңіз? 

– Бөлімше командирінің жұмысы бөлімнен шыққан кезде басталады. Алдымен барлау жүргіземіз. Нақты ақпарат берілгенімен, кейде өзге жағдайға тап боламыз. Барған соң бірінші адамдарды құтқарамыз. Мәселен 3-қазан күні қарауыл бастығының міндетін атқарушы болдым. Ақтөбе қаласындағы 9 қабатты үйде пәтер жанды. Жақындаған кезде балконнан қою түтін шыққанын көріп, қосымша күш шақырдық. Тұрғындар пәтер ішінде адам бар екенін айтты. Бір буын құрылып, ішке кірдім. Төртінші қабатқа көтерілген кезде пәтер есігінің ашық тұрғанын көрдім. Дәзілде ер адам жатыр екен. Есінен танып қалған адамды көтеріп, таза ауаға шығарып, жедел жәрдемге тапсырдық. Немересі туралы ақпарат түскенде қайта кірген едік, абырой болғанда ешкім болмады. Мұнда баланың ойыншығы, тұрмыстық заттар жанды. Өрт тез сөндірілдіп, басқа пәтерге ауысуына жол бермедік. 

– Көпқабатты үйлерге енген кезде қандай кедергілерге жиі тап боласыздар? 

– Көпқабатты үйлердің алдында көлік көп тұрады. Қайта-қайта ескерту болғанымен, ескермейтіндер жетерлік. Біреуі тыңдаса, екіншісі мән бермейді. Өрт сөндіруші үшін әр минут қымбат. Адам өмірін құтқару үшін кез келген уақытты тиімді пайдалануымыз керек. Сонымен бірге сол маңда жүрген адамдар түрі ақыл-кеңес айтып тұрады. Әр өрт сөндіруші өз міндетін біледі, оны бұлжытпай орындайды. 

– Қалада гидранттар жеткілікті ме? Оны жиі қолданасыздар ма? 

– Ақтөбе қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне 247 гидрант тиесілі. Біз әр мезгілге дайындаймыз. Қыста қарын тазартамыз, су беретін шүмек қатып қалмауы керек.

Фото: Алтынбек Ерғожиннің жеке мұрағатынан

– Өрт сөндіру оқу-жаттығуы алдын ала жоспарланған сценарий бойынша өтеді. Мұның пайдасы бар ма?

– Қазір мен біліктілікті арттыру семинарына қатысып жүрмін. Бөлімше командирі 2-3 жылда бір рет шеберлігін шыңдайды. Қайта даярлықта қосымша мағлұматтар беріледі. Жаңашылдық бар. Бұрын тыныс алу құрылғысын өзіміз ғана киіп, өрт болған аумаққа кіретінбіз. Биылдан бастап тағы біреуі қосымша беріледі. Демек түтінде қалып қойған адамға кигізіп таза ауаға шығарамыз. Ал оқу-жаттығуға келер болсам, кейде таныстарым «шақырту болмаса ұйықтайсыңдар» деп айтады. Бұл – қате түсінік. Күн сайын дайындық жүргізіледі. Біз халық ортасында барғанда абдырап қалмауымыз керек. Тұрғындар «сусыз келді» деп айтады. Көлікте үнемі су тұрады. Тек қысыммен 5 тонна суды 7-8 минутта шашып тастауымыз мүмкін. Ал арнайы оқу-жаттығу кезінде әр қимылымызды пысықтаймыз. Бәрі шынайы. 

– Өрт сөндіруші су тасқыны кезінде де көмекке бара ма?

– Биыл көктемде Қобда ауданында су тасқыны болды. Бізден бір топ өрт сөндіруші барып, суда жүріп, адамдарды үрмелі қайықпен тасымалдадық. Сонымен бірге қар құрсауында қалған адамдарға жәрдем береміз.

– Бос уақытта немен айнылысасыз?

– Бұған дейін дзюдомен шұғылдандым. Қол күресінен де спорттық жарыстарға қатысып тұрамын. 

Фото: Алтынбек Ерғожиннің жеке мұрағатынан

– Өрт сөндіру саласында қандай өзгеріс бар?

– Жалақымыз көтерілді. Сонымен бірге пәтер ақысы да өтелуі мүмкін. Бұл да біз үшін жақсы жаңалық. Кейде тағылымдамадан өткен жігіттер «барамын, жатамын» деп ойлайды. Мұнда жаттығуға басымдық берілген. Кез келген адам келіп, сіңіп кете алмайтын қауіпті мамандық. 

– Сақтық әлде тәуекел?

– Сақтық керек. Бірақ жұмыс барысында тәуекелге баратын кез көп болады. Бастысы, өз жұмысымызды қалтқысыз орындап шығуға бар күшімізді саламыз. 

– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.