Орта дәліз — геосаяси қажеттілік
Дәстүрлі сауда бағыттарындағы тұрақсыздық әсерінен Орта дәліздің маңызы артып келеді. Бұл сауда бағыты Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия аумағы арқылы өтіп, Орталық Азияны Еуропа нарықтарымен байланыстырады.
Халықаралық саудадағы белгісіздікке Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы хуситтердің әрекеттеріне байланысты қауіптер, сондай-ақ Иран төңірегіндегі шиеленіс пен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қойылған шектеулер де әсер етіп отыр.
— Солтүстік дәліздегі шектеулерге байланысты, оған қоса қазіргі уақытта қауіп төніп тұрған Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы теңіз жолының өтуіне байланысты бұл мәселенің маңызы арта түсті, — деді Эдинбург бизнес мектебінің докторы Асылбек Нұрғабдешов.
Оның айтуынша, Орта дәліз әлі де қалыптасу кезеңінде. Қазір оның өткізу қабілетін арттыру, шекарадағы кідірістерді азайту, қатысушы елдер арасындағы үйлестіруді жақсарту және рәсімдерді одан әрі цифрландыру негізгі міндеттердің қатарында болып отыр.
— Орта дәліз саяси тұрғыдан операциялық деңгейге қарағанда жылдамырақ дамып келеді, — деді сарапшы.
Ол бұл бағыттың геосаяси және экономикалық әлеуеті зор екенін атап өтті.
— Орта дәліз геосаяси тұрғыдан қажет. Ол Азия мен Еуропа арасындағы сауда бағыттарын әртараптандыру үшін маңызды. Сонымен қатар оның экономикалық әлеуеті де жоғары. Көп нәрсе оның өткізу қабілеті мен инвестицияға байланысты. Соңғы 5 жылда Каспий теңізіндегі порттарға қомақты инвестиция салынғанын көрдік, — деді Нұрғабдешов.
Көлік бағытынан өңірлік интеграцияға дейін
Кавказ саясатын талдау орталығының директоры Ахмад Алилінің пікірінше, Орта дәліздің маңызы жүк тасымалымен ғана шектелмейді. Оның айтуынша, мәселе Еуропалық одақ, Ұлыбритания, Орталық Азия және Қытай арасында тұрақты көлік-экономикалық байланыс қалыптастыруға келіп тіреледі.
— Сондықтан Еуропалық одақ пен Ұлыбританияны Орталық Азиямен, болашақта Қытаймен де байланыстыратын сенімді бағыт қажет. Біз мұны геосаяси қажеттілік деп атаймыз, — деді ол.
Алилінің айтуынша, дәлізді одан әрі дамыту үшін Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығын күшейту қажет.
— Бір-бірімізбен тығыз ынтымақтастық орнатпайынша, болашақта алдымыздан шығатын сын-қатерлерді еңсере алмаймыз. Алдағы онжылдықта Оңтүстік Кавказда, Орталық Азияда, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасында ынтымақтастықты күшейту қажет, — деді сарапшы.
Ол сондай-ақ Әзербайжан Орталық Азия елдерімен байланысты нығайтуды сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
— Геосаяси қажеттілік бұл үдерісті жеделдетіп отыр. Әзербайжанда Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалаулары арасындағы байланысты нығайтуға инвестиция салып, сенімді негіз қалыптастыру қажет екенін түсіну бар, — деді Алили.
Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер
Ұлыбританияның Корольдік қорғаныс зерттеулері институтының ғылыми қызметкері Арзу Аббасова бүгінде Орта дәліздің маңызы сауда саласымен ғана шектелмейтініне назар аударды.
— Украинадағы қақтығыс, Иран төңірегіндегі белгісіздік, теңіздегі сауда бағыттарындағы мәселелер, аса маңызды минералдар мен технологиялар үшін бәсекелестік, сондай-ақ жеткізу тізбектері төңірегіндегі бәсеке өзара байланысты мәселелерді жай ғана коммерциялық емес, стратегиялық мәселеге айналдырды, — деді ол.
Оның пікірінше, өңір елдері көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы транзит көлемін арттырып қана қоймай, экономиканы әртараптандыруға да басымдық беруі қажет. Перспективалы бағыттардың бірі — өңірлік өндірістік тізбектерді қалыптастыру.
Осыған байланысты сарапшының пікірінше, алдағы жылдардағы негізгі міндеттердің бірі — көлік дәлізін өңір елдерінің экономикалық дамуына толыққанды қызмет ететін құралға айналдыру.
— Өнім өндіру үдерісінде бұл бағытты белсендірек пайдалану туралы айтып отырмыз. Мәселен, өндіріс Орталық Азияның бір елінде басталып, өнімнің соңғы құрастырылуы басқа елде жүзеге асуы мүмкін. Алайда өндірістік процестерді жетілдіру және индустрияландыру тұрғысынан әлі де көп жұмыс атқару қажет, — деді сарапшы.
Батыстық серіктестердің мүддесі
Вебинарға қатысушылар Орта дәлізді дамытудағы Ұлыбритания мен АҚШ-тың рөлін де талқылады. Доктор Нұрғабдешовтің айтуынша, Лондон дәліздің тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті қаржылық, құқықтық және консультациялық тетіктерді қалыптастыруға ықпал ете алады.
— Лондон нарықтары қаржылық қызметтер ұсына алады. Ұлыбритания құқықтық негіздер мен басқару тетіктерін қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесе алады. Бұған қоса консультациялық және институционалдық қолдау көрсету мүмкіндігі бар, — деді ол.
Цифрландыру да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл салада Ұлыбританияның тәжірибесі мол. Қазақстан және дәлізге қатысушы басқа да елдер кедендік рәсімдер мен логистика саласында цифрлық құралдарды енгізіп жатыр. Бұл тасымалдардың ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Арзу Аббасова АҚШ-тың Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказға қатысты ұстанымының өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын негізінен саяси мәселелерге басымдық берілсе, қазір экономикалық ынтымақтастыққа көбірек көңіл бөлініп отыр.
— Бұрынғы әкімшіліктің адам құқықтары мен демократияға басымдық берген риторикасынан біртіндеп алыстап, бизнеске бағытталған тәсілге көшіп келеміз. Атап айтқанда, сирек жер элементтері мен аса маңызды пайдалы қазбалар мәселесіне назар аударылып отыр, — деді ол.
Сарапшының пікірінше, болып жатқан өзгерістер Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың ірі державалар тарапынан өзара тығыз байланысты біртұтас өңір ретінде қарастырыла бастағанын көрсетеді. Осы жағдайда Орта дәліз қалыптасып келе жатқан жаңа өңірлік құрылымның негізгі элементтерінің біріне айналып отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Орта дәлізді дамыту тетіктерін атаған болатын.
Бұған дейін Грузия арқылы Орта дәлізбен өтетін жүк тасымалының көлемі 20%-дан астамға артқаны туралы жаздық.