«Ортақ телеарнаның орайы келгелі тұр»- баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 тамыз, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Астық жинау: өткен жылдың сабағы көп» деген мақала берілген. Көктем мен күзде маңдайын күнге қақтаған диқанның қажырлы еңбегі болмаса, Қостанай облысы еліміздегі астық державасына айнала қояр ма еді? Алайда, табиғат-ана көктен нұрын сеппесе немесе көктем, күзде нөсер жаңбыр тыйылмай тұрып алса, диқанның да еңбегі еш, жігері құм болатын кез аз болмайды. 2014 жылы Қостанай өңірінде бітік егін шықты. Амал не, күзде аспанның түбі тесіліп кеткендей, табиғат шіркін диқанға орақ ұстатпады. Толассыз жауған жаңбырдан комбайндар жүре алмай, қаңтарылып тұрды. Күн жылт еткен сәтті пайдаланып орған астықтың ылғалдылығы өте жоғары болды. «Жақында облыс ауыл ша­руашылығы саласы қызмет­керлері астық жинау науқаны алдында бас қосып, кеңес өт­кізді. Қазір облыста негізі ас­тық жинау науқаны басталды десе болады, арпа мен сұлыға орақ түскен. Бірақ негізгі аттаныс тамыздың 20-нан кейін басталмақ. Кеңесте айтылғандай, тамыздың 25-не қарай барлық астықтың 37 пайызы жиналса, 1 қыркүйекте бидайдың 90 пайы­зы қамбаға түсіп, сол айдың ортасына қарай науқан аяқталуы керек. Алайда, «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегендей, алдын ала айтылған сөздің іске асуын алқаптағы ауа райының қолайлы-қолайсыздығы шешіп кететіні бар. Оның үстіне биылғы астық жинау науқанына көктемгі дала жұмыстарындағы қиындықтардың да салқыны тимей қоймайтын секілді»,-деп жазады мақала авторы. Бас басылымда «Ортақ телеарнаның орайы келгелі тұр» деген мақала берілген. Кеше Астанада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі­­нің ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің бірінші кездесуі болды. Онда түркітілдес елдердің ортақ телеарнасының тұжырымдамасы мақұлданды. Бір бұтақтан тарап, бір тамыр­дан нәр алып жер бетіне жайылған түркі баласының бірігуі жайында өткен ға­сыр­дың басында Алаш зиялылары мәселе көтеріп, Бакуге атбасын тіреп, ақылдасқаны да бар. Алайда, кеңес өкіметі оның тынысын өркен жайдырмай-ақ бітеген еді. Ғасырға жуық арман болған мақсат-мұрат­қа тәуелсіздікпен бірге жол ­ашылды. Былтыр Бод­­­румда өткен саммитте Елба­сы Нұрсұлтан ­Назар­баев түркі­тіл­дестердің ортақ телеарнасын ашу баста­масын көтеріп, ортақ тамыр­лас жұрт­тың өзара ақпа­рат алма­суы­ның, озық тәжі­ри­­белермен ортақтасудың ­маңыз­­­дылығын баса айтқан. Арада жыл өткенде көтеріл­ген кел­елі ой нақты жоспарға ұласыпты. Отырыс соңынан журналис­терге арналған баспасөз мәсли­хатында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «Түркітілдес елдердің ортақ теле­арнасын ашу бастамасын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев былтыр Түркия­да көтерген болатын. Содан бері тараптар бірталай жұмыс ат­қарды деді. «Бүгінгі кездесуде ортақ телеарнаның жұмысы бойынша нақты ұсыныстарды қарастыр­дық. Арнаның тұжы­рымдамасы мақұлданды. Қорытынды хатта­маға, сондай-ақ, ұлттық телеар­налар арасындағы ынтымақ­тас­тық туралы хаттамаға және ақпа­раттық агенттіктер арасында­ғы өзара түсіністік туралы мемо­рандумға қол қойылды», дей келе ол атқарылған жұмысты біздің мем­лекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында жасалған зор қадам деп есептейтіндігін жеткізді. ***

«Айқын» газетінің жазуынша, белгілі бір дәрежеде әрбір қо­ғам­дағы тәртіп деңгейін паш етер көрсеткіштер бар. Соның бірі - әкімшілік айыппұл: ол неғұрлым аз салынса, тиісінше, тәртіп бұзу­шылар қатары да азайған деген байлам жасауға болады. Дегенмен, әзірге басқаша болып отыр. Кеше осы саланың қорытын­дысын шығарған Бас прокуратура жаңа Әкімшілік кодексті қолдану аясында, биылғы 7 айда еліміз бо­йынша 2 миллион 465 мың 24 әкім­шілік құқықбұзушылық тіркел­генін мәлімдеді. Бұл біле білсеңіз, өткен жылғы сәйкес мерзімге қара­ғанда 62,2%-ға көп! Былтыр қаң­тар-шілде айларында респуб­ликада небәрі 1 миллион 519 мың 282 әкімшілік тәртіпсіздік жасалған болатын. Осы жайында «Айыппұл - айлықтың соры!» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Ұлт тарихына қатысты ұлағатты жол» деген мақала жарияланды. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақ хан­дарының жолымен» атты ғылыми экс­педициясы өз қорытындысын шығарды. Экспедиция жетекшісі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Бүркіт Аяған биылғы 3-10 тамыз аралығында жүзеге асқан сапардың барысында қандай тарихи орындарды зерттеп, нендей тұжырымдарға келгендерін айтып берді.

Астанадан жолға шыққан экспедиция қатысушылары жалпы ұзақтығы төрт жарым мың шақырымды жүріп, бірнеше облысты басып өткен. Мұндағы мақсат ұлт тарихындағы ұлағатты жерлерді аралау, олардың қазіргі жағдайын білу, оларды сақтау мәселелерін зерделеу, әралуан зерт­теулер жүргізу болған. Бұл тарихи орын­дарды біріктіретін бір жайт бар: ғалым­дар­дың байламынша, олар қазақ хан­да­рының аттарымен байланысты. - Біз Алаша хан, Жошы хан, Ұлы­таудағы Домбаула мазарларының, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстандағы Созақ, Сы­ғанақ, Сауран көне қалаларының қал­­дықтарының қазіргі жай-күйін бағам­дадық. Бұл маңызды, өйткені оларды жо­ғалтып алсақ, тарихи-мәдени мұралары­ның үлкен бөлігінен көз жазып қалуымыз ықтимал. Мұның сыртында Қазақ хан­дығының астанасына - Түркістанға сапар шектік, Тараз ескерткіштерін - Айша Бибі, Бабаджа қатын, Қарахан мазар­ларын қарадық. Қарағанды облысы Ақ­тоғай ауданындағы Әлихан Бөкей­ханов­тың туған жерлерін араладық. Сондай-ақ ХІХ ғасырдағы қазақтың соңғы хандары­ның бірі - Уәли ханның Ақмола облысын­дағы зиратына арнайы соқтық, - деді Бүркіт Аяған. ***

Павлодар облысында фермер өзінің егістерінде қарбыздың 48 түрін өсіріп жатқан көрінеді. Атап айтқанда, ол бір жылда шыққан өнімге талдау жасап, келесі жылға қалдырылатын түрлерін іріктеп отырады екен. Мәселен өткен жылы Қайрат Шапуовта қарбыздың 62 түрлі сұрыбын ексе, биыл 48 түрін таңдаған. Ол тек ең жақсыларын ғана алдағы жылға қалдырып отырады. Бұл жайында «Литер» газетінің бүгінгі санындағы "48 сортов арбузов выращивает на своих полях фермер из Лебяжинского района" деген мақаладан толықтай оқи аласыздар.