Демографиялық және экономикалық фактор еңбек нарығына қалай әсер етеді?
Орталық Азия үшінші жыл қатарынан Еуразиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірге айналды. ЮНИСЕФ-тің болжамынша, 2025 жылдан 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 30 млн адамға көбейіп, 112 млн-ға жетеді.
Ең жоғары көрсеткіш Өзбекстанға тән — 15 млн-нан көп. Қазақстанда шамамен 5,7 млн, Тәжікстанда 4,8 млн, Қырғызстанда 2,3 млн, Түркіменстанда 2 млн-нан астам адамға артады.
Демек, екі қолға бір күрек іздейтіндер көбейеді, бұл жағдай осы елдердің әрқайсысынан тезірек жаңа жұмыс орындарын құруды талап етеді. Аймақтардың экономикалық дамуы әзірге талап үдесінен шығады.
Орталық Азия университетінің мәліметінше, кейінгі 20 жылда еңбек нарығындағы жағдай айтарлықтай өзгерді.
Жұмыспен қамту ауыл шаруашылығы саласынан ақырындап қызмет көрсету және өнеркәсіп салаларына ауысты. Қызмет көрсету жаңа жұмыс көзіне айналды. Жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі сату, көлік, қонақүй және мейрамхана салаларында құрылды.
Есепте айтылғандай, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен қаржы сияқты жоғары технологиялық салалар әзірге жұмыспен қамтудың аз ғана бөлігін қамтамасыз етеді. Сондықтан еңбек нарығында бұрынғысынша жоғары біліктілікті қажет етпейтін мамандықтар ерекше маңызға ие.
— Бүгінде Орталық Азиядағы еңбек нарығына жеке бизнес пен қызмет ауқымының кеңеюі, электронды сауданың дамуы, цифрландыру, жасанды интеллектінің қолданысқа енуі ықпал етіп отыр. Жұмыс берушілерге дипломның өзі емес, жұмысынан нәтиже шығара алатын білікті мамандар керек. Сол себепті сату мен клиенттерге қызмет көрсету жоғары сұраныстағы бағыттар болып қала береді. Сату — бизнестің жанама жүйесі. Керемет өнім шығаруға болады. Бірақ тұтынушы тауып, оған тауардың құндылығы туралы айтып, сатып алуына ықпал етпесе, бәрі бекер, — деді HR саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Асқар Есімсейітов.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Орталық Азияда жұмыспен қамтылғандардың 48%-ы осы 5 сектордың үлесінде. Шамамен 15%-ы ауыл, орман және балық шаруашылығы сияқты агробизнесте еңбек етіп жүр. Одан кейінгі орында энергетика және инфрақұрылым, қосылған құны жоғары өңдеуші өнеркәсіп, денсаулық сақтау және туризм салалары тұр.
Қазақстан
2025 жылы Қазақстанның электронды еңбек биржасына жұмыс берушілер 1 млн 328 мың бос жұмыс орнын жарияланған. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы және туризм салаларына сұраныс басым.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес 2026 жылы еліміздің еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар мен жаппай сұранысқа ие кәсіп иелерінің бәсі жоғары болады.
Оның ішінде көпсалалы және біліктілігі жоқ жұмысшылар, аула сыпырушылар мен тазалықшылар, сондай-ақ мұғалім, тәрбиеші, орта медициналық қызметкерлер, науқастың күтіміне қарайтын жұмысшыларға сұраныс жоғары.
Орталықтың болжамынша, биыл еңбек нарығындағы негізгі сұраныс жұмысшы мамандықтарына, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы мен халық санының артуына орай сұраныс жоғарылап келе жатқан білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандарына тиесілі.
— Қалалардың дамуын, инфрақұрылымның жаңаруын, жеткізу қызметі, маркетплейстер мен жаңа өндірістердің өркендеуін тек кеңсе қызметкерлерінің күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазірдің өзінде Қазақстанда жұмысшы кадрлар, құрылыс және логистика бос жұмыс орындарының көптігі жөнінен ең ірі бағыттардың біріне айналып отыр. Білікті сатушыларды, клиентпен жұмыс істейтін мамандарды да жиі іздейді. ЖИ хат алмасу мен типтік кеңес берушілердің қызметінің бір бөлігін атқарғанымен күрделі келіссөз жүргізуге, клиенпен сенімді қарым-қатынас жасап, оны сақтап қалуға қауқарсыз. Сондықтан бұл жұмыс адамдардың мойнында, — деді Асқар Есімсейітов.
hh.kz мәліметінше, 2026 жылдың ІІ тоқсанында порталға 118 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Ұсыныстардың көбі Алматы (38,9%) мен Астана (22,3%), Қарағанды (5,2%) қалаларынан.
— Алматыда ірі жеке бизнес құрылымдары, банктер, сауда, фитнес, маркетинг және қызмет көрсету салалары шоғырланған. Астанада мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор, компаниялардың, құрылыс, консалтинг және ІТ кеңселері көптеп орналасқан. Дәл осы қалада көбірек шешімдер қабылданып, жаңа жобалар іске қосылады және жоғары жалақы төленеді, — деп атап өтті Асқар Есімсейітов.
Сарапшының сөзінше, сонда мамандар жұмыс берушілер көп жерге көшіп келеді, ал олар білікті кадрлар, университеттер, инфрақұрылым мен іскерлік байланыс бар өңірлерде кеңсе ашады.
— Бұған қарап аймақтарда жұмыс жоқ деп ойлауға болмайды. Онда өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика, құрылыс және өндіру салаларында кадр қажет. Алайда аймақтық нарық көбіне бірнеше ірі кәсіпорынға тәуелді және мансаптық өсудің әртүрлі жолын аз ұсынады, мәселе осында, — деді Асқар Есімсейітов.
hh.kz мәліметінше, бос жұмыс орындарының негізінен сату және клиенттерге қызмет көрсету, маркетинг және PR, жұмысшы мамандықтар, сән индустриясы, құрылыс және жылжымайтын мүлік, өнеркәсіп, көлік бизнесі, қаржы, транспорт және логистика салаларында жарияланған.
Ұсынылатын медианалық жалақы өткен жылғыдан 4,7%-ға артып, 321,9 мың теңгеге жеткен. Сонымен бірге жұмыс орындарына талас күшейген.
Бір орынға орта есеппен 16 түйіндемеден қабылданып, былтырғыдан 31,4%-ға көбейген. Стратегия және консалтинг, қауіпсіздік, жоғарғы және орта менеджмент, IT және креативті индустрия салаларына үміткерлер көп болған.
Өзбекстан
hh.uz ұсынған мәліметке сүйенсек, Өзбекстанда сату және клиенттерге қызмет көрсету, маркетинг және PR, сән индустриясы, IT, автомобиль бизнесі, туризм, қаржы, өнеркәсіп, сауда, транспорт және логистика салаларында кадрға сұраныс сол күйі қалып отыр. Кәсіби салалардың көпшілігіне қызметкерлер қажет, ол, әсіресе, қауіпсіздік, заңгерлік, басқару, жұмысшы мамандықтар мен өндірісте анық байқалады.
— Өзбекстанда 2025-2030 жылдар аралығын қамтитын бизнесті трансформациялау кезеңіндегі негізгі міндеттердің бірі — білікті кадрлар тапшылығын жою, сондай-ақ қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру. Бағдарламалау, оқыту және тәлімгерлік, сондай-ақ бірнеше тілді меңгеру дағдыларына сұраныстың болжамды өсімі әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, — деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының директоры Әлия Масалимова.
2026 жылдың ІІ тоқсанында hh.uz платформасына 34 мыңнан астам белсенді бос жұмыс орны жарияланған.
Оның көпшілігі Ташкенттен, яғни ел астанасына барлық ұсыныстың 82%-ы тиесілі. Одан кейінгі орында Самарқанд және Ферғана тұр. Дегенмен, бос жұмыс орындарының өсімі елдің басым аумағында байқалды. Ұсынылатын медианалық жалақы — 6,5 млн сом (253 795 теңге). Бұл өткен жылғыдан 0,5%-ға жоғары.
Бос жұмыс орындарының саны ғана артып қоймай, ол үшін бәсеке де күшейген. Орта есеппен бір орынға 18 түйіндемеден келеді, яғни былтырғыдан 10,2%-ға көп.
Ең үлкен сұраныс қауіпсіздік, транспорт және логистика салаларында, үй қызметшілеріне, сонымен қатар стратегия және консалтинг салаларында аса қатты сезілді.
Қырғызстан
2026 жылдың ІІ тоқсанында Қырғызстанның жұмыс берушілері headhunter.kg порталына 12 мыңнан астам, яғни өткен жылғыдан 6,2% көп жұмыс орнын берген. Ұсыныстардың көпшілігі әдеттегідей ел астанасына тиесілі. Барлық бос жұмыс орнының 91,1%-ы Бішкектен.
Жұмыс берушілер сату және клиенттерге қызмет көрсету, маркетинг және PR, автомобиль бизнесі, қаржы және бухгалтерия, құрылыс, туризм, сондай-ақ жұмысшы және әкімшілік қызметкерлеріне көбірек сұрау салған. Ұсынылатын медианалық жалақы — 46,3 мың сом (248 159 теңге), яғни өткен жылғыдан 7,5% пайыз төмен.
Сонымен қатар бос жұмыс орындары үшін бәсеке артқан. II тоқсанда бір орынға 14 адамнан келді, яғни 35,3% жоғары. Бұл үрдіс, әсіресе, қауіпсіздік, көлік және логистика, үй қызметшілері, жұмысшы мамандықтар, сонымен қатар стратегия және консалтинг бағытында байқалды.
Тәжікстан
«Мир24» мәлімдегендей, Тәжікстанда сұраныс құрылыс, өнеркәсіп және туризм салаларында жоғары күйінде сақталып отыр. Бос жұмыс орындарының 34%-ға жуығы инженерлік және IT-мамандықтарға тиесілі. Одан бөлек бухгалтер, заңгер, HR-мамандар мен маркетологтарды жиі іздейді. 2025 жылы елде 280 мың жұмыс орны құрылған, алайда соның тек төрттен бірі тұрақты, ал жартысынан көбі маусымдық.
Asia-Plus хабарлағандай, Тәжікстанның Еңбек министрлігі жаңа білім стандарты әзірленетін 20 басты мамандықты анықтады. Олардың қатарында жасанды интеллект, күн энергиясы, электромобиль жөндеу, ұшқышсыз аппараттарды басқару және лифтіге қызмет көрсету мамандықтары бар.
Еңбек министрі Солехи Холмахмадзоданың айтуынша, білім бағдарламалары ішкі және шетелдік еңбек нарығының қажеттілігіне қарай құрылады. Жоғары сұраныс құрылыс, энергетика, IT, ауыл шаруашылығы, қонақүй бизнесі және қызмет көрсету салаларында қалыптасып отыр.
Түркіменстан
Turkmenistan Altyn Asyr халықты жұмыспен қамтудың электронды порталына сілтеме жасап мәлімдегендей, 2026 жылдың басында Түркіменстанның еңбек нарығында статистика, медицина және білім салаларында, сондай-ақ жұмысшылар мен қосалқы жұмысшыларға сұраныс жоғары.
Сонымен қатар экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін тар бейінді білімі мен дағдылары бар мамандарға қажеттілік артып келеді. Түркімен басылымында келтірілгендей, жасанды интеллектінің тілін сауатты меңгеру көптеген мамандық үшін міндетті талапқа айналды.
Алдағы жылдардан не күтеміз?
Future of Jobs Report мәліметінше, Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жұмыс орындарының болашағы — 2025» атты баяндамасына сәйкес жаһандық еңбек нарығын ауқымды өзгерістер күтіп тұр. 2030 жылға қарай 170 миллиондай жаңа жұмыс орны пайда болып, қолданыстағы 92 миллион жұмыс орны жойылады. Бес негізгі фактор еңбек нарығын өзгертеді.
— Оның біріншісі және ең бастысы — технологиялық өзгеріс. Цифрлық технология мен жасанды интеллектінің кеңінен енгізілуі жаһандық және ұлттық деңгейдегі еңбек нарығының құрылымына түбегейлі өзгерістер әкеледі. Екінші фактор — әлемнің геоэкономикалық картасының қайта қалыптасуы. Соғыстар мен сауда санкцияларының салдарынан экономикалық және кадрлық стратегиялардың бағыты өзгерді. Үшіншісі — «жасыл экономиканың» басымдығы. Бұл экологияға бағдарланған мамандықтар мен дағдыларға сұранысты күшейтіп отыр. Төртінші себеп — экономикалық тұрақсыздық. Одан кейінгі орында демографиялық өзгерістер тұр. Өңірлерде халық санының өсу деңгейі әркелкі. Кейбір жерде қарқынды түрде өссе, енді бір өңірлерде халықтың қартаю үрдісі байқалады, — деп атап өтті Әлия Масалимова.
Баяндама авторларының болжамынша, 2025-2030 жылдары еліміздің еңбек нарығына цифрландыру, өмір сүру құнының қымбаттауы және экономикалық өсімнің баяулауы ерекше әсер етеді. Сондай-ақ «жасыл» технологиялардың дамуы басты фактор болмақ. Осы орайда қазақстандық компаниялардың шамамен 70%-ы білікті кадр тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келеді.
— Менің ойымша, алдағы жылдары, ең алдымен, машинаны оқыту, жасанды интеллект секілді жоғары технологиялық бағыттарға қатысты мамандықтарға сұраныс жоғары болады. Сонымен қатар сантехник, ағаш ұстасы, электрик сияқты жұмысшы мамандықтар да өзектілігін жоғалтпайды. Біз күн сайын үй-жайлар мен түрлі нысандарға қызмет көрсету, жабдықтарды орнату және басқа да жұмыс түрлері үшін осы мамандардың көмегіне мұқтажбыз. Сондықтан қол еңбегін қажет ететін, өз қолымен нақты іс атқара алатын кәсіп иелері ешқашан нарықтан ығыспайды, — деді спикер.
Сарапшының сөзінше, интеллектуалды еңбек өкілдері — ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлер өз биігінде қалады. Әсіресе, өз саласы бойынша терең білімімен қатар цифрлық технологияларды меңгеріп, сабақтас бағыттарды игерген мамандардың маңызы арта түседі.
Осылайша Орталық Азияның еңбек нарығы бүгінде екі түрлі себепке байланысты дамып келеді. Демографиялық дүмпу, урбандалу және қызмет көрсету салаларының дамуы сауда, құрылыс, өнеркәсіп, құрылыс, логистика, білім және денсаулық сақтау салаларының мамандарына сұранысты арттырады. Ал экономиканы цифрландыру, ЖИ мен «жасыл» технологияның кеңінен қолданылуына байланысты жаңа цифрлық біліктілікті игерген мамандарға қажеттілік артады.
Дегенмен, осы аймақтағы мемлекеттер үшін білікті кадр тапшылығы мен сапалы жұмыс орны үшін бәсекелестік әлі күнге өзекті. Демек, алдағы уақытта қызметкерлердің жаңа дағдыларды меңгеруге және өзгеріп жатқан жағдайларға бейімделуге дайын болуы еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы болып қала бермек.
Еске салайық, Орталық Азия экономикасының жартысынан астамы Қазақстанда қалыптасқан.