Орталық Азияны біріктіретін «Zhibek Zholy» туристік пойызы наурызда сапарға шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азияда Қазақстан Республикасын, Өзбекстан Республикасын және Тәжікстан Республикасын біртұтас трансшекаралық бағыт аясына біріктіретін «Zhibek Zholy» халықаралық туристік пойызы жобасы жалғасады, деп хабарлайды Туризм индустриясы комитеті.

Фото: Туризм индустриясы комитеті

Жобаның кезекті кезеңін іске асыру 2026 жылғы 20–25 наурыз аралығына жоспарланған.

— Сапар Ұлы Жібек жолының тарихи бағытымен өтіп, Алматы — Түркістан — Самарқанд — Душанбе — Ташкент — Алматы қалаларын қамтиды. Жоба өңірдің негізгі тарихи-мәдени және рухани орталықтарымен танысуды көздейді, сондай-ақ мемлекетаралық туристік ынтымақтастықты дамытуға және тұрақты трансшекаралық туристік маршруттарды қалыптастыруға бағытталған, — делінген комитет хабарламасында.

Маршрут аясында қатысушылар түркі әлемінің рухани ордасы — Түркістан қаласына, ислам өркениетінің маңызды тарихи орталықтарының бірі — Самарқандқа, бай мәдени мұрасы бар астана — Душанбе қаласына, сондай-ақ өңірдегі ірі әкімшілік әрі туристік орталық саналатын Ташкентке сапар шегеді. Бағдарламада экскурсиялық қызмет көрсету, тарихи-мәдени мұра нысандарын аралау және маршрутқа қатысушы елдердің дәстүрлерін танытатын мәдени іс-шаралар өткізу қарастырылған.

Бұған дейін Астана Еуропаның қолжетімді туризм желісіне ресми түрде қосылғанын жазған едік.