Орташа өсім – 7%
Еуразиялық даму банкінің макроэкономикалық шолуына сәйкес, өткен жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 500 млрд доллардан асты. Өңірдегі экономикалық орташа өсім шамамен 7%-ды құрап, дамушы елдердегі нарықтық көрсеткіштен екі есеге артық екені байқалған.
Экономистер биыл оң динамика сақталады деп отыр. Сарапшылардың бағалауынша, жыл соңына қарай экономикалық өсім 6,5%-дан артып, өңірдің жиынтық экономикасы алғаш рет 600 млрд доллардан асуы мүмкін.
Бес мемлекетке басқаларды басып озуға септескен бес себеп бар: көлік және логистика бағытының дамуы, инвестиция, ішкі реформалар, өңірлік ынтымақтастық пен экспорт.
Қырғызстанның экономика ғылымдарының докторы Толонбек Абдыров Kazinform агенттігіне берген сұхбатында алғашқы себепты тарқатты. Оның пайымынша, Орталық Азия көлік, энергетика және инвестицияның жаңа орталығына айналып үлгерген.
– Жаңа автожолдар, теміржол бағыттары мен логистикалық орталықтар салынуда. Сонымен қатар Орталық Азияның Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық көпір ретіндегі маңызы артып келеді. Қытай, Ресей, Түркия, Еуропалық одақ және Парсы шығанағы елдері өңірге ерекше назар аударып отыр. Олар Орталық Азияны маңызды нарық, табиғи ресурстар көзі әрі қолайлы транзиттік бағыт ретінде қарастырады, – деді Толонбек Абдыров.
Оның айтуынша, экономикаға оң серпін берген өзге факторларды елемеуге болмайды. Аймақта бизнеске арналған реформалар, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, басқару жүйесін жаңғырту басталған. Өңірдің еңбекке қабілетті халқы ішкі сұранысты қалыптастырғанын байқаймыз.
Қырғызстанның халықаралық қатынас, өңірлік қауіпсіздік және Орталық Азия елдерінің саясаты жөніндегі сарапшысы Байқадам Құрамаев көрсеткіштің негізі санатында өңірлік ынтымақтастықты атады.
– Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімінің артуына бірлескен жобалар әсер етіп отырғанын ескеру қажет. Логистикалық, су және энергетикалық бастамалар, көлік тарифтін біріздендіру, инвестиция тарту мен су ресурстарын бөлуді үйлестіру тетігі нәтиже бергенін көрдік. Қазір инвестиция көлемі ұлғайды, жұмыс орны көбейді, экспорт өсті, – деді сарапшы.
Қазақстан: табиғи ресурс және әртараптандыру
Өңірдегі ең ірі экономика Қазақстанға тиесілі. Мемлекет мұнай-газ саласын дамытумен қатар, экономиканы әртараптандыруды жүйелі жалғастырып келеді. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салу, шетелдік серіктестерді тарту, көлік-логистика инфрақұрылымын ілгерілетуде нағыз көшбасшы саналады.
2025 жылы Қазақстан экономикасы соңғы 13 жылдағы ең жоғары өсімді көрсетті – ЖІӨ 6,5%-ға ұлғайды. Көрсеткішке көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары үлес қосқан. Ендігі өсім инфрақұрылымға, әртараптандыру мен бизнес ортаның жай-күйіне қарайды.
Қырғызстан: бизнеске басымдық
Қырғызстан экономикасы да осал емес. Қатарынан үшінші жыл Орталық Азиядағы жоғары өсімді көрсетіп келеді. ЖІӨ-нің артуына тұтынушылық және инвестициялық сұраныс, салық реформасы мен ішкі нарық әсер еткен.
Бішкектің бірнеше басым бағытын айтауға болады. Билік гидроэнергетика, тау-кен өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициядан үмітті. Алайда қазір экспорттық кірістің елеулі бөлігін алтын мен бағалы металдар жауып отыр.
Қырғызстан экспорт географиясын кеңейтуге ниетті. Ол үшін өңірлік ынтымақтастыққа арқа сүйеп, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыруға күш салуда.
Өзбекстан: реформа мен инвестиция
Кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық өсімін салыстырушылар көп. Статистикаға көз шалсақ, шынымен, Өзбекстан экономикасында айтарлықтай алға жылжу бар. Өткен жылы көршіміздің ЖІӨ-сі 147 млрд долларды құрап, 7,7%-ға көбейді. Негізгі қозғаушы күш бөлшек сауда (+14,7%), қызмет көрсету саласы (+14,8%) және құрылыс (+14,2%) болған.
Сарапшылар Ташкент экономикалық реформаларды сәтті жүргізіп отыр деп санайды. Қатаң ақша-несие саясатының арқасында инфляция баяулады, экспорттық кіріс пен ақша аударымдары артқан. Бюджет теңгерімі жақсарып, фискалдық саясат экономикалық белсенділікті сақтап отыр. Осылайша, ұлттық валюта нығая түсті.
Өзбекстанның экономикадағы келешек жоспары Орталық Азия елдерінің бағдарымен шамалас. Алда реформаларды жалғастыруға, экономиканың тиімділігін арттыруға және жаңа инвестиция тартуға басымдық берілмек.
Тәжікстан: өнеркәсіп пен ішкі сұраныс
Тәжікстан экономикасында ішкі сұраныс жоғары, өнеркәсіп өндірісі бірізді. Мысалы, өткен жылы сауда айналымы мен инвестиция көлемі 23%-ға, экспорт 28%-ға артты.
Тәжікстанның ЖІӨ көрсеткішін көтеріп отырған бірнеше саланы айта кеткен жөн: гидроэнергетика, пайдалы қазбалар, тоқыма және тамақ өнеркәсібі. Инвестицияны осы бағыттардан байқауға болады. Елде ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына қаржы құюға ниетті инвесторлар жетерлік. Бұл экономиканы әртараптандырып, жаңа жұмыс орнын ашуға көмек беріп келеді.
Түрікменстан: шикізат экспорты
Табиғи газ қоры бойынша әлемдегі жетекші елдің бірі саналатын Түрікменстан ауқымды шикізат экспортына ие. Мұнда инвестицияның дені газ саласына, инфрақұрылымға, экспорттық нарықтарды кеңейтуге бағытталады.
Сонымен бірге ел билігі химия өнеркәсібін, тоқыма өндірісін және ауыл шаруашылығын дамытуға назар аударып келеді. Жобалар сәтті жүзеге асса, шикізат экспортына тәуелділік біртіндеп төменуі ықтимал.
Болашақ пен болжам
Экономикалық өсімге қарамастан, Орталық Азия елдерінің алдағы дамуы ішкі-сыртқы сын-қатерге байланысты. Әлемдік ахуалға қатысты қандай шешім қабылданатыны басты рөл атқаратын сыңайлы.
Экономика ғылымдарының докторы Толонбек Абдыровтың пікірінше, өңір экономикалары үшін ең үлкен мәселе – шикізат секторына тәуелділік. Мұнай, газ, алтын секілді табиғи ресурстар мемлекетке қомақты табыс әкелетіні рас. Алайда түсім сыртқы дағдарыс пен нарық бағасына қарай құбылатын болады әрі келешек сұранысты болжау қиын.
– Екінші маңызды мәселе – экономиканы әртараптандыру деңгейінің жеткіліксіздігі. Көптеген мемлекетте жоғары технологиялы өндіріс, өңдеу өнеркәсібі және қосылған құны жоғары өнім шығару салалары жеткілікті дамымаған. Соның салдарынан экономикалық өсім халықтың әл-ауқатының тұрақты артуына үнемі әсер ете бермейді, – деп қосты спикер.
Сарапшы атап өткендей, климаттың өзгеруі елеулі қауіптің бірі саналады.
– Орталық Азия үшін су, жер, энергетика және ауыл шаруашылығы мәселесі – тек экологиялық мәселе емес, экономикалық қауіпсіздікке тікелей қатысты қатер. Бұған қоса, геосаяси ахуал, санкциялық қысым, сауда бағытының өзгеруі маңызды мәселе қатарында, – деді ол.
Ал сарапшы Байқадам Құрамаев өңірдің дамуына кері әсер етуі мүмкін сыртқы факторлар тізіміне әскери қақтығыстарды қосты. Таяу Шығыстағы шиеленіс, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, АҚШ-тың санкциялық саясаты экономиканы баяулатады.
Осы орайда сарапшы ОА елдеріне көлік дәліздерін толық пайладануды ұсынды. Себебі аталған саланы негізі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік мол. Мәселен, Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы Түрікменстан арқылы Каспий теңізіне дейін жалғасады, Қытай – Қырғызстан – Қазақстан – Ресей – Еуропалық одақ автомобиль бағыты кеңейді. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты өңірдің транзиттік әлеуетін арттырған.
– Транзиттен түсетін қосымша кірісті мемлекеттер жөнді жұмсауы керек. Қаржыны инфрақұрылымға, экологиялық және әлеуметтік жобаларға бағыттай алады. Қосымша кіріс энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге көмек береді, – деді Байқадам Құрамаев.
Орталық Азияның экономикалық өсімі Еуразиядағы қуатты аймақ ретіндегі позициясын нығайтқаны анық. Дегенмен, динамиканы сақтап қалу оңай болмай тұр. Биылғы жылжабар есепте әртараптандыру, көлік инфрақұрылымы мен аймақ интеграциясы басты рөл атқаратын болады. Бес елдің шикізат экспортына тәуелділікті қалай азайтатыны да болашақты айқындайды.
Айта кетейік, бұған дейін World Impact Media Organization (WIMO) халықаралық ұйымы Қазақстанды Орталық Азиядағы инвестициялық орталық есебінде жоғары бағаланған болатын. WIMO әзірлеген талдамалық есепте Қазақстан экономикасы, инвестициялық тартымдылығы оң баға алған. Ақпаратта шикізатқа тәуелділікті азайту жұмысы да атаусыз қалмады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нәтиже жаһандағы экономикалық тұрақсыздық кезінде аса маңызды.