Орталық Азиядағы жалғыз «Ақсарай» мюзикл театры өз жұмысын жалғастыра бермек

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 14-і ҚазАқпарат /Маржан Кеңесбай/ - Бүгін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Атабаев басқаратын «Ақсарай» мюзикл театрының ешқандай қиындыққа қарамастан өз жұмысын жалғастыратыны мәлім болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған қыркүйек айының 18-і күні өтетін премьераның ашылу салтанаты дәлел бола алады. «Ақсарай» мюзикл театры 2005 жылы құрылған. Бұл театр тек біздің елімізде ғана емес, Қазақстанның өнер жұлдыздарын шет елдерде таныстырып жүрген Орталық Азиядағы жалғыз мюзикл театр. Мәселен, ең алғаш 2005 жылы тұсауы кесілген «Қыз Жібек» спектаклі 2006 жылы Ашғабат қаласында өткен «Қазіргі замандағы дәстүрлі өнер» атты халықаралық театр фестивалінде жеңімпаз атанған. 2006 жылы «Ақсарай» өнер ұжымы Қазақстандағы ең бірінші стационарлы мюзикл театры атанған. Театрдың әртістері бір уақытта жеке әнші-вокалист, хор, балет, драмалық актер және акробатикалық қимылдар жасауға машықтанған.

«Қалың жұрттың көңілінен шығып, өнердің биік шыңына жеткен «Ақсарай» театрының қазіргі жағдайы қиын. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап театр қаржыландырылмай қалды. Оған дейін «БТА банкі» қаржыландырып келген еді. Банктегі жағдайға байланысты қаржыландыру тоқтатылды. Әртістеріміз сегіз ай бойы тегін қызмет жасады. Осыған қарамастан «Ақсарай» театры өз жұмысын жалғастырады», дейді Болат Атабаев.