«Орталық Азияға су дағдарысы жақындап келеді ме?» -республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 наурыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 ***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ортақ пікірлер танытылды» атты мақала жарық көрді. Онда кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты Достастық елдері Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің оты­рысына қатысатын парламенттік делегациялардың басшы­лары­мен бірқатар екіжақты кездесулер өткізгендігі айтылады.Ресей Федерациясы Федерал­ды Жиналысы Федерация Кеңе­сі­нің Төрайымы, ТМД ПАА Кеңе­сінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде Қ.Мәми Дос­тастық парламентшілерінің осы кездесуінің ерекшелігіне тоқтал­ды. 1992 жылғы 27 наурызда Алматыда ТМД Парламенттік Ассамблеясын құру туралы келісімге қол қойған. Қ.Мәми Президент Н.Назар­баев­тың бастамасымен Достас­тық­ты құру туралы 1991 жылғы жел­тоқсан айындағы Алматы декларациясы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ынтымақтастық пен тату көршілестіктің негізін қала­ға­нын еске салды. Парламенттік құрылымның құрылуы ТМД-ға қатысушы елдердің өзара іс-қи­мылына заңнамалық негіз қалып­тастыруға ықпал етті.

Осы басылымның жазуынша, айбынды армиямыздың бейбітшілік туын желбіреткен жауынгерлері Тәуелсіз елімізді, кең-байтақ жерімізді, айдын шал­қар көлімізді көзінің қарашығындай қорғап тұр, қорғай береді де. Осыдан жиырма жыл бұрын тұсауын кескен Қарулы Күштері­міз­дің бүгінде қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Алыс-жақын шетелдік әріп­тестерімен бәсе­ке­ге түсуге толық мүм­кіндік алды. Әрине, мұның бәрі оңай­лық­пен келмегені белгілі. Келмеске кеткен Ке­ңес одағы тарап, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан шақта құрылған қазақ армиясы егемен елімізбен бірге дамып қалып­тас­ты. Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста дербес қарулы күштердің болмауы бетпе-бет келген сын-қатерлердің бірі еді. Сол қатерден аман-сау шығу үшін күн тәрті­бін­де: «Елімізге қандай армия керек? Оның келешегі қандай болмақ? Ұйым­дас­тыру құрылымы қандай болуы тиіс? Қа­жетті кәсіби мамандарды қайдан аламыз? Біздің стратегиялық одақтасымыз кім? Стратегиялық күштер мен ядролық қару­ды не істейміз?» деген сұрақтар тұрды. Сонымен аталған мәселелер қалай ше­шіл­ді. Оны «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақстан армиясы» атты мақаладан оқыңыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Орталық Азияға су дағдарысы жақындап келеді ме?» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, әлемдегі су тапшылығына ұрыну қаупі бар аймақтардың қатарына Орталық Азия аймағы да жатқызылады. Алдағы 15-20 жылдың ішінде Орталық Азия аймағындағы су ресурстары үш есеге дейін азаяды. Сарапшылардың болжауынша, сол уақытта Орталық Азия елдерінің арасында су үшін саяси тартыс басталып, оның арты әскери қақтығысқа ұласуы мүмкін. Тіпті қазірдің өзінде су мәселесі Орталық Азия республикаларының мемлекетаралық қарым-қатынастарындағы потенциалды проблемалардың біріне айналып отыр.

Сондай-ақ осы басылым Елбасының тапсырмасымен еліміздің ірі мегаполистері мен облыс орталықтарында құрылған азық-түлік бағасын тұрақтандырады деген қорлардың жұмысы бүгінде тұрақтана алмай жатқандығын жазады. Соның салдарынан азық қоры қоймада көбірек тұрып қалып, оның алды бүлініп те жатқан көрінеді. Бәрінен бұрын осы факті жыл басынан бері азық-түліктің 1,2 пайызға қымбаттауына ықпал еткен. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Евгений Аманның айтуынша, мұның бәріне айыпты - ісіне жауапсыз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен жергілікті арнайы комиссия. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Шабан шешімдер шығынға батырады» атты мақаланы қараңыз.

 ***

31 мамыр Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Үштөбе қаласының Бастөбе тауының етегінде департацияланған этнос өкілдері алғыс ретінде ескерткіш орнатпақ. Бұл туралы Алматыдағы Кәрістердің музыкалық комедия театрында өткен кәріс ұлты өкілдерінің жиынында Қазақстан кәрістері қауымдастығының вице-президенті Георгий Кан мәлім етті. Оның сөзінше, көптеген жылдардан бері депортацияланған кәрістердің ұрпақтары Бастөбе тауының етегін қасиет санап, қадір тұтып келеді. Сонау 1937 жылы Қиыр Шығыстан қазақ жеріне күштеп көшірілген жүздеген отбасылар тап осы жерде, яғни Үштөбе теміржол стансысына түсірілген. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «От благодарных потомков» атты материалдан оқыңыздар.