«Орталықазиялық ынтымақтастық сыртқы саясаттағы басты бағыттардың бірі болуы керек» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 маусым, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше кешқұрым Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Ташкент қаласына келді. Мемлекет басшысын қаланың халықаралық әуежайында Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов күтіп алды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Көршілестік көкжиегі кеңейіп келеді» деген тақырыппен берілген. «Нұрсұлтан Назарбаевтың көршілес елге ресми сапарының аясында Өзбекстан Президенті И.Каримовпен келіссөздер жоспарланған. Мемлекет басшылары бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысы туралы және мем­ле­кетаралық түрлі ынтымақтастық бағыты мен екіжақты қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқылайды. Келіссөздер нә­тижесі бойынша екіжақты және үкімет­аралық бірқатар келісімдерге де қол қойы­лады деп күтілуде», - деп жазады басылым.


Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын Парламент қабырғасында қорғауы кезінде қоғамда да қызу пікірталастар туып жатқан болатын. Бірақ, соған қарамай, заң жобасы екі палатадан да өтіп, қол қоюға жіберілген-ді. Артынан Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған заңдық құжатқа байланысты арнайы Үндеу жариялап, жағдайға түсінік берді. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті пікірін білмек ниетпен Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевты әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: Шынын айтқанда, заң жобасын өзіміз қинала-қинала қолдап дауыс бердік. Өйткені, көптеген әйелдерге мұның ауыр тиетінін түсіндік. Есесіне Елбасының заң­ды бекітпеген қадамын әйел­дерге жасаған кең­шілігі мен рақым­шылығы деп білемін. Үкімет те осы заң жобасын Парламентке еріккеннен әкелген жоқ қой. Бұл өзі о баста лажсыздықтан туындаған заң жобасы болатын. Қазір бүкіл әлемде осындай үдерістер жүріп жатыр. Елбасы осының барлығын жан-жақты саралап, бюджеттің мүмкіндіктерін терең есептей келіп, тек содан кейін ғана осындай шешімге келді. Президент осылайша тағы да өзінің көрегендігін, халқына деген жанашырлығын көр­сетіп отыр», - деді. Сұхбат «Елімен бірге екенін көрсетті» деген тақырыппен берілген.


***

Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев «Айқын» газетіне берген арнайы сұхбатында аймақтағы қауіпсіздікті сақтау жолдары, елдегі экстремистік ұйымдармен күрес мәселелері, орталықазиялық интеграцияның бағыттары мен «Шал» фильмі тұңғиығындағы идея жайында кеңінен тарқатып айтып берген. Сұхбат «Орталықазиялық ынтымақтастық сыртқы саясаттағы басты бағыттардың бірі болуы керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Кеден одағы да, Бірыңғай эконо­микалық кеңістік те, құрылуға жоспарланған Еуразиялық экономикалық одақ та қауіпсіздікті қамтамасыз ететін немесе саяси бағыттағы ұйым емес. Олар­дың мақсаты - белгілі бір мемлекеттер арасында ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастырып, тауарлардың, капиталдардың, қызмет көрсетудің, жұмыс кү­ші­нің еркін қозғалысын, айналысын қамтамасыз ету. Бұл еліміздің экономикалық әлеуетін күшейтіп, әлемдік экономикада бәсекелестікке қабілетін арттыруға ықпал етпек. Елбасымыз аталған ұйымдарда тәуел­сіздігімізге нұқсан келтіретін мәселелер жүзеге асырылмайтындығын ашып айтты. Саяси интеграция туралы әңгіме жоқ. Бұл жерде мән беретін бір мәселе мынада: бар­­лығы өзінен-өзі бола қалатындай нәрсе ретінде қарамай, осы ұйымдардың ішінде өз саясатымызды жүргізіп, күн тәртібіміздегі мәселелерді дәлелдеп, олар­ды қабылдата білуіміз шарт»,- дейді.

Сонымен қатар, басылым тілшісімен «Шал» фильмі жайындағы пікірімен бөліскен халық қалаулысы: «Фильм сексен пайызға көңілімнен шықты деп айта аламын. Жүз пайыз деуден қорқу керек. Себебі шығармашылық адамына әрі қарай да жетілдіруге, ойлануға бір нәрселер қалуы тиіс. Онда адам тағдырына, рухына, құндылықтарға байланысты идеялар айтылды. Бірақ фильмнің бір-екі жерінде «әрі қарай да дамытуға болар еді» деген ой келді. Бұл - соңғы жоба емес, осы салада басқа ойларымды да жүзеге асыратын шығармын. Мұндай жобалар адамның шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - дейді.

Қазақстанда жаңадан салынатын барлық ғимараттар «төбесі - Күннен, қабырғалары - желден, ал жертөлесі - жерасты термальды көздерінен қуат өндіретін» шағын электр стансаларына айналуға тиіс. «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Енді Күннен, желден қуат аламыз» деген тақырыптағы мақалада Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында сенаторлар Үкіметке осындай ұсыныспен шыққандығы жайлы жазылған. Басылымның атап өтуінше, «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров қорғады. «Жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК-тен) қуат өндірушілердің шығындарын өтеу үшін бюджеттен жыл сайын 800 миллион теңге қажет болады. Бірақ бұл жерде біз құрылғының құнын тек ол Қазақстанда жасалған болса ғана өтейтін боламыз. Және де қуаты 5 киловатқа дейінгі құрылғылардың ғана шығыны өтеледі. Яғни шалғай аудандардағы шағын үй шаруашылықтарына арналғандары ғана», дейді министр.