Облыс әкімі Архимед Мұхабетов Instagram парақшасында хабарлағанындай, ол Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинмен бірге Әулиекөл ауданының Аманқарғай ауылындағы өрттен зардап шеккен азаматтармен кездескен.
«Осы уақытта 1841 адам эвакуацияланды: Озерное ауылы (250 адам) мен Аманқарағай ауылының солтүстігінен (1000 адам), Калинино ауылынан (228 адам), Лесное ауылынан (363 адам). Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл ауылының орта мектебі мен мектеп-интернатына орналастырды. Шұғыл желі іске қосылып, төтенше жағдайлар мен психологтардың және медицина мамандарының көмегі ұйымдастырылды. Арнайы комисия құрылды. Өрттен зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсетіледі»,-деді өңір басшысы.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, 4 қыркүйек сағат 00:00-де жағдай тұрақты және бақылауда.
«Өртенген аумақ әзірге 9 мың гектардан асады. Әлі аумақты тікұшақпен барлап, аэроғарыш түсірілімдері алынады. Жақын маңдағы елді мекендерден адамдар эвакуацияланды. Ешкімге зақым келген жоқ»,-деді Юрий Ильин.
Жанна Мұсабаева