Өскемен тұрғыны өз еркімен полицияға 2 кг героин тапсырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде әйел адам өз еркімен полицияға шамамен 2 кг героин тапсырған. Ол тәртіп сақшыларына есірткі заты колонияда жазасын өтеп жатқан азаматтық некедегі күйеуіне тиесілі екенін айтқан, деп хабарлады YK-news.kz.

ШҚО ІІД ақпаратынша, ағымдағы жылдың маусымында полицейлер азаматты ірі партия есірткі затымен ұстаған. Ер адамды 10 жылға бостандығынан айырған. Ол қазір жазасын өтеп жатыр.

«Жуырда оның 42 жастағы азаматтық әйелі тағы 1967 грамм героинді тапты, - деді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бахытжан Торғаев. - Ол табылған затты полицияға тапсырды. Оның сөзіне қарағанда, бұл азаматтық некедегі күйеуінің меншігі. Полицейлер бұл ақпаратты тексеріп жатыр».