Өскеменде Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалі өтеді

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат -19-21 қыркүйек аралығында Өскеменде Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалі өтеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, осымен 3-ші мәрте өткізілгелі отырған ән додасына Қазақстанның әр өңірінен жас таланаттар көптеп қатысуда.
19 қыркүйекте аталған фестивальдің салтанатты ашылуы және І кезеңі, 20 қыркүйек күні ІІ кезеңі, ал 21 қыркүйек күні сағат 19.00-де Ертіс жағалауындағы Амфитеатрда фестивальдің гала-концерті өткізіледі. Гала-концертте Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Жорабаева, Толқын Забирова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Медеу Арынбаев, «Орда» тобы, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының өнерпаздары Берік Омаров, Гүлдана Ноғайбаева, Вячеслав Ткач, Қалиқайдар Медет және тағы басқалар өнер көрсетеді.
Шәмші Қалдаяқов - қазақтың танымал композиторы, «Қазақ вальсінің королі». «Ақ сұңқарым», «Қара көз», «Қайықта», «Ақ бантик», «Ақ маңдайлым» сияқты көптеген лирикалық әндердің авторы. Оның шығармашылық қоржынында 300-ден астам ән жинақталған және олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Оның 1965 жылы жазған «Менің Қазақстаным» әні 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.
Фестивалдің ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.