Осы Конституцияның арқасында ел үшін қиын кезеңде егемендігімізді сақтап қалдық - ҚР ҰҒА академигі Салық Зиманов

АТЫ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - ҚР қолданыстағы Конституциясын жасаудың алдында қандай жағдайлар болғаны және оның біздің мемлекеттігіміздің дамуындағы маңызы туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ҰҒА академигі, еліміздің Негізгі Заңын жасауда жұмыс  жасаған авторлар ұжымының мүшесі Салық Зиманов әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, 1995 жылғы қолданыстағы Конституцияны қабылдауға ел Президенті бастамашы болды. Бұл күрделі шешім еді. Бұдан 2,5 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданған болатын. «Алайда, жас мемлекеттің жаңа,  екінші Конституциясын жасауға кірісу қажет болды. Оған мұның алдындағы жағдайлар және елдің алдында тұрған жаңа міндеттер себеп болды. Дұрысын айтқанда, ел алдында оның тәуелсіздігін сақтау міндеті тұрды. Оның үстіне, елдің болашақтағы дамуын да ойлау қажет еді. Ол кездегі Конституцияның кейбір баптары елді дамытудың экономикалық жаңа талаптарына жауап бере алмайтын», - деп атап көрсетті академик.

«Мен конституциялық үдерістің стратегиясы қалыптасу кезеңінде оған қатысушы болдым. Сондықтан да 14 жылдан бері қолданыста келе жатқан қазіргі ҚР Конституциясының жасампаздық күші және оның болашағы зор екендігін асқан жауапкершілікпен айта аламын. Әрине, заңгер-ғалымдарда өзгертуді және толықтыруды қажет ететін қолданыстағы конституцияның кейбір жақтары жөнінде пікірлері болуы мүмкін», - деп санайды С.Зиманов.

Заңгер өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында елде шұғыл өзгерістер болып, ішкі және сыртқы саясатта жалпыұлттық басымдықтар өзгергенін еске салды. Уақыттың өзі конституциялық нормалар ауқымында жүзеге асыруға болатын жүйелі шараларды шұғыл түрде қабылдауды талап етті. Бұл талаптар 1993 жылғы ескі Конституцияның нормаларына сыймады. «Әуел бастан-ақ біз таңдаған нарықтық экономикаға бағдарланған, дамыған азаматтық қоғам, тұрақты, орнықты мемлекет құрылысының қазақстандық моделі жүйелі шараларды қажет етті. Бұл саяси, экономикалық реформалар моделі болды және оны жетілдіруді белсенді іздестіру 1993 жылғы Конституцияның аясына тарлық ете бастады», - деп атап көрсетті академик. 

Оның айтуынша, өзінің егемендігін қалыптастыру кезеңінде жас мемлекет көптеген қиыншылықтарға тап болды. Ол жылдарда біздің тәуелсіздігіміздің қалыптасуына нақты қауіптер бар еді. Тұжырымдамалық жағынан басқарудың парламенттік-президенттік түрінен президенттік республикаға көшу қажеттігі пайда болды. Бұл жұмыстардың барлығын шешу мемлекетті ұйымдастыруға келіп тірелді. 1995 жылғы қолданыстағы Конституция қабылдануына орай бұл мәселелер жүзеге асырылды. «Өткен жылдарға көз жіберетін болсақ, сол жылдарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік талантын, ел алдында пайда болған қиыншылықтарды дұрыс, пара-пар бағалау талантын айқын көрсетті. Ал іс жүзінде былай болған еді. Елде парламенттік дағдарыс басталды - ХІІ шақырылған алғашқы Парламент таратылды. Жас мемлекет үшін жаңа Парламентті тарату оңай болған жоқ. Елде әртүрлі өкімет орындарының қарама-қайшылығы пайда болды. Облыстық атқару органдарының басшылары Президентте, ал облыстық кеңестердің басшылары - Парламентте жиналды. Бұл жағдайда қос өкіметке жол беруге болмайтын еді.  Ол жылдарда біздер, заңгерлер баспасөзде жиі сөз алып тұрдық. Мен бұл тақырыпта 33 мақала жарияладым. Олардың бірі: «Диктатура емес, күшті президенттік билік керек» деп аталды», - деп еске алады отандық заң ғылымының қайраткері.

Бұдан басқа, Парламентте жаңа қоғамдық қозғалыстар белсенді қалыптаса бастады, партиялар құрылды. 1991 жылғы қыркүйекте Қазақстан Коммунистік партиясы таратылып, оның атауы социалистік партия болып өзгерді, ал кейбір коммунистер бұған қарсы шықты. Коммунистердің Парламентте 50 депутаты бар еді. 1991 жылдың аяғында Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов басқарған «Қазақстанның Халық конгресі» құрылды, бұл Парламенттегі едәуір елеулі күш болды. Сондай-ақ «Қазақстанның халық бірлігі» қуатты қоғамдық қозғалысы күш алып келе жатты.

Академиктің айтуынша, барлық бұл қозғалыстар мен партиялар арасында қарама-қайшылықтар орын алды. «Жұмыс жасау күрделі, бірақ та өте қызықты болды. Бұл қайшылықтарға, қозғалыстар мен партиялардың әртүрлі декларацияларына, бағдарламаларына қарамастан, біз ортақ тіл таба білдік. Біз бір-бірімізге жол бердік, бірақта та басты бағытты қорғадық және мемлекеттің бастауларын шайқалтпауға шақырдық. Әңгіме мынада, 1994 жылдың соңына қарай БАҚ-та Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу үшін көлеңкелі үкімет пен сепараттық қозғалыс құрған Қазақстаннан депутаттар тобы Мәскеуге жиналғаны туралы ақпарат жарияланды. Мысалға, Петропавлда бір топ депутаттар  Қазақстанның солтүстік облыстары жергілікті кеңестерінің өкілдері сепараттық қозғалысын рәсімдеу қажеттігі туралы бастама көтергені хабарланды. Олар Президенттің, үкіметтің отставкаға кетуін, жергілікті өзін-өзі басқару құқығын беруді, кейіннен солтүстік облыстардың Ресейге қосылуын талап етті. Мұндай оқиғалар 1995 жылы Павлодарда да қайталанды. Бұл елдің тұтастығын сақтауда елеулі сын болған еді», - деп еске түсіреді заңгер.

Жас мемлекеттің егемендігінің қалыптасуы үшін нақты қауіп туындаған жағдайда Президент жаңа конституцияны әзірлеу және қабылдау жөнінде тағдырлы шешім қабылдады. Елдің қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы тамыздың 30-ында бүкілхалықтық референдумда қабылданды, міне біз 14 жыл бойы осы құжатпен өмір сүріп, қадам басып келеміз. Бұл құжатта мемлекеттің құқықтық негізін қамтамасыз ететін  тұтас бірқатар  бұлжымас ұстанымдар белгіленген: олар - биліктің бөлінуі, Негізгі Заңның нормалары мен ұстанымдарының тікелей әсер етуі, кінәсіздік презумпциясы, адам құқығы ең жоғары құндылық екені.

Заңгер 1995 жылы парламенттік басқарудан президенттік республикаға көшкенімізді атап өтті. «Осы қиын жағдайларда біз Парламенттің құқықтарын белгілі бір дәрежеде шектеуге дейін бардық. Күшті президенттік билік жағдайында жұмыс жасайтын Парламент құру қажет болды. Сондықтан да Конституцияны жасаушылар Парламенттің бақылау құқықтарына кейбір шектеулер қойды. Дегенмен, 2007 жылы қолданыстағы конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың арқасында президенттік басқару түрі президенттік-парламенттік республика түріне көшірілді. Бұл туралы Мемлекет басшысының өзі мәлімдеді. Бүгінде өкілетті орган билігінің құқықтары бұрынғыдан әлдеқайда кең. Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда демократиялық реформаларды жасау мен нақтылау жөнінде екі рет комиссия құрылғаны да кездейсоқ емес», - деп атап көрсетті С.Зиманов.

ҚР Конституциясының басты міндеті - елдің тұрақты және орнықты дамуын қамтамасыз ету, нарықтық экономиканы нығайту және нақты мемлекеттік тәуелсіздікті сақтау. Бұл міндет ойдағыдай орындалуда. Қазақстан Конституциясы Негізгі Заң бола отырып, мемлекеттік органдар қызметінің іргелі, құқықтық негіздерін белгілейді, негізгі қоғамдық қатынастарды бекітеді. «Бүгінде оның өміршеңдігін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігін өмірдің өзі қуаттап отыр. 14 жыл бойы ел қолданыстағы конституцияның саяси-құқықтық кеңістігінде өмір сүріп, дамып келеді. Конституцияның сіңірген еңбегі сол, егеменді қалыптасуының күрделі кезеңдерінде ол мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалды», - деп санайды осы құжат авторларының бірі.