– Медицина саласына қалай келдіңіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Мен1986 жылы Жарқайың ауданының Державинск қаласында дүниеге келдім. Жастық шағымда үйімізде жеке кітапхана болатын. Онда алғаш рет кеңестік медицина ғалымы, медицина ғылымдарының докторы Николай Михайлович Амосовтың «Книга о счастье и несчастьях: дневник с воспоминаниями и отступлениями» кітабын оқып шықтым. Сол кітап менің дәрігер болуыма арқау болды.
2004 жылы Тимирязев мектеп-гимназиясын бітірдім. Бұл ҰБТ тапсырған мектеп оқушыларының алғашқы шығарылымы еді. Аудан бойынша жоғары ұпай жинағандардың бірі болдым. Бұл маған медициналық университетке грантқа түсуге мүмкіндік берді. 2004-2010 жылдар аралығында Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетінде оқыдым. Бұл менің өмірімнің ұмытылмас кезеңі еді.
– Алғаш ота жасаған сәтіңіз есіңізде ме?
– 2 курстан бастап «Травматология және ортопедия» ҒЗИ операциялық блогында санитар болып жұмыс істей бастадым. Медициналық академияны бітіргеннен кейін м.ғ.д., профессор Н.Миронюктің басшылығымен Астана қаласының Орталық жол ауруханасы базасында интернатурадан өттім.Өмірдің ыстық-суығының не екенін әлі білмейтінмін. Шыны керек, бастапқыда дәрігер болудан қорықтым, өзіме деген сенім болмады. Дертіне дауа іздеп келген неше түрлі науқастарды көргенде медицина қызметкеріне жүктеліп отырған жауапкершіліктің өте үлкен екенін сезіндім. Аға буынның жас мамандарға деген ілтипаты мен қамқорлығының арқасында өзіме деген сенімділік пайда бола бастады. Кейін уақыт өте келе мамандық таңдауда қателеспегенімді түсіндім.
Өз қолыңмен ота жасаған адамның сауығып кеткенін көрген сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сәтте адамның жүрегі көзіңе елестеп тұрады. Шынымен адамды қайта тірілттім бе деп қаласың. Сонымен бірге, бұл сала медицинадағы күрделі бағыттардың бірі болып саналады, босаңсуға болмайды, үнемі ізденісті талап етеді. Бірінші рет от жасаған кезімде жанымда болған тәжірибелі әріптестеріміз, тәлімгерлеріміз маған медицина тілімен айтқанда «маневр» жасауға үлкен мүмкіндік берді. Ота жасау бөлімшесіндегі алғашқы тәлімгерлерім Вячеслав Дмитриевич Сон, Сергей Карлович Вервейн сияқты тәжірибелі мамандарға алғысым шексіз. Кейін маған сол жерде хирург болып жұмыс істеу ұсынылды. Дәрігер-кардиохирург біліктілігін Минскідегі Беларусь медициналық академиясында оқығаннан кейін м.ғ.д., профессор Ю.П.Островскийдің жетекшілігімен алдым.
– Бүгінде өзіңіз еңбек етіп жатқан Көкшетаудағы кардиохирургия бөлімшесінің жұмысы туралы айтып берсеңіз.
– 2012 жылы досымның ұсынысы бойынша Ақмола облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Минайдаровпен әңгімелесуден өттім. Ол бірден маған Көкшетау қаласындағы кардиохирургтар командасына қосылуды ұсынды. Бүгінде жасаған таңдауыма өкінбеймін. Кардиохирургия бөлімшесінде маманның алаңсыз тәжірибесін шыңдауға барлық мүмкіндік қарастырылған.Ота саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда біздің мамандар айына 25 ота жасайды. Бұрын айтарлықтай аз болатын. Айталық, 2013 жылы жылына 140-150 ота жасалса, ал өткен жылы оның саны 280-ден асты, яғни өсім екі есе артқан. Сондай-ақ, 10 жыл ішінде кардиохирургия бөлімшесінде екі мыңнан астам ота жасалғанын атап өткім келеді. Ал өзім 670 астам науқастың жүрегіне ота жасап, аяғына тік тұрғыздым.
– Кейінгі кезде жүрек ауруларына шалдыққан науқастар саны көбейіп бара жатқаны айтылып жүр. Өкінішке қарай, оның ішінде жастар да бар. Осы ретте, өзіңіз ота жасаған науқастар жайлы айтып өтсеңіз.
– Жүрек ауруы көбіне адам өмірінің басында немесе соңында пайда болады. Сондықтан кардиохирургтар өте жас немесе өте қарт жүректермен жұмыс істейді. Негізінен ересектердің патологиясына маманданамын. Қабылдауымда болған ең жас науқас 15 жаста болды. Мен оған туа біткен жүрек ақауы диагнозы бойынша ота жасадым.
– Өңірде медицина мамандарының тапшылығына қатысты мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Менің ойымша, медицина бір орында тұрмайды, жыл сайын жаңа әдістер пайда болып, база нығайып келеді. Бұл бағыт Көкшетауда дамып келе жатқаны қуантады. Осы жазда емтихан комиссиясының мүшесі ретінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Жалпы медицина факультетінің түлектерінен мемлекеттік емтихандарды қабылдадым. Бір кездері Көкшетауда дәрігерлерді дайындауға болады дегенге ешкім сенбеді. Университетте факультеттің материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін көп жұмыс атқарылды.
Жалпы, елімізде кардиохирургия саласы жақсы дамып келеді. Елімізден шыққан мықты кардиохирургтер бар, кардиохирургия орталықтары заманауи құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген. Отандастарымыз күрделі оталарды шетелге бармай-ақ елімізде жасатып жатыр.
Басты мақсат – rардиохирургия бойынша ересектерге жасалатын отаның барлық спектрін игеру және сапалы орындау. Сонымен қатар, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу аясында білім алуды жалғастырып жатырмыз. Жақында Каунас қаласындағы Литва денсаулық ғылымдары университетіне Болашақ бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуге құжаттар тапсырдым. Оның стипендиаты болдым. Тағылымдамадан шетелдік кардиохирургтардың тәжірибесін алуды, жүректі емдеудің озық әдістерін зерделеуді жоспарлап отырмын.