Оның айтуынша, еліміздегі отандық кәсіпорындар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 75% өндіред і.
«Отандық фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника өндіреді. Бес мыңнан астам адам фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Ірі өндіріс ошақтары еліміздің 4 өңірінде – Алматы мен Шымкент қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында орналасқан. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің 75 пайызын қамтамасыз етеді», - деді министр.
Сала кәсіпорындарының тұрақты қызметі нәтижесінде 2019 жылы өндіріс көлемі 18 пайызға өсіп, 92 млрд теңгені құрады.
«Экспорт 69 пайызға артып, 59 млн АҚШ долларына жетті. Биылғы 8 айда отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген жоғары қажеттілікті қамтамасыз етіп, өндіріс 34,1 пайызға немесе 81,5 млрд теңгеге өсті. Инвестиция 5,2 пайызға артып, 4,1 млрд теңгені құрады», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Сонымен бірге, отандық дәрі-дәрмектердің ішкі нарыққа шығуы жеңілдейді.
«Фармацевтикалық қызметті заңнамалық реттеу аясында отандық өндірушілер мен шетелдік инвесторлар үшін фармацевтика өнімдерінің ішкі нарыққа шығуын оңайлату қарастырылған. Сатып алудағы жергілікті өнім үлесін ұлғайту және сатып алу мерзімін қысқарту көзделеді. Мысалы шет елдердің тәжірибесіне қарасақ, дәрілік заттар айналысын бөлек реттеу мен медициналық бұйымдар айналысына қойылатын түрлі талаптарға байланысты нарыққа тез шығуын қамтамасыз етеді. Келісімшартта өндіріс тетігі пысықталған. Ол отандық тауар өндірушілер базасында әлемдік және отандық фармацевтикалық өндірушілердің бірлескен өндірісін жеңілдетеді», - дейді Б. Атамқұлов.
Барлық жергілікті атқарушы органдар үшін жергілікті қамту бойынша KPI бекітіледі. Фармацевтикалық өнімдердің бағаларын тіркеу мемлекеттік қызмет көрсету форматына ауыстырылады. Бұл шаралардың барлығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және өзге де нормативтік актілерге өзгерістер енгізу арқылы іске асырылады.
Отандық өнімнің баға жағынан бәсекеге қабілетін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді. Онда дәрілердің клиникалық сынақтарын жүргізуге кететін шығынды қайтару ел аумағында өндірілмейтін шикізатты импорттауға арналған шығынды таңбалау және субсидиялау қарастырылады.
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы» бөлімі одақ шеңберінде талаптарды үндестіруді, экспортты ілгерілету және отандық өнім құнын төмендету үшін одақ стандарттарын енгізуді көздейді. Осы мақсатта дәрілік заттар мен медицна бұйымдарын тіркеу мен сараптау кезінде ұлттық режимнен ЕАЭО режиміне көшу ұсынылады. Шикізат пен жинақтаушы материалдар үшін кедендік баж мөлшерін төмендету жоспарланған», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оған қоса, GLP стандарттарына сәйкес келетін отандық зертханаларды дамыту бойынша жеке нормативтік құқықтық база әзірлеу көзделген.
«Фармацевтикалық өнім өндірісін одан әрі ынталандыру үшін АЭА аумақтары мен қызмет түрлері кеңейтіледі. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстар шеңберінде фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың перспективалық секторын айқындау бойынша орта мерзімге болжам жасалып, талдау жүргізіледі. Өнім сапасын арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту үшін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау бойынша пилоттық жоба енгізіледі. Сондай-ақ міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтіледі. Дәрілік заттарды таңбалау және оның балама тәсілдерін енгізу кезеңдері айқындалады», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Саланы кадрлық қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық өнім өндірушілердің қажеттіліктерін ескеріп, еліміздің ЖОО-ларында мемлекеттік білім беру тапсырысымен мамандар даярлануда. Дәрілік заттар саласындағы кәсіби стандарттар жаңартылып, ұлттық біліктілік шеңберімен үйлестіріледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, еліміздің 41 коллеждінде және 8 жоғары оқу орнында Фармация мамандары әзірленеді. 2020 жылы Фармация мамандығы бойынша 277 бакалавр-фармацевт, 16 магистр және 5 PhD докторы және орташа медициналық білімі бар 853 түлек оқу бітірген. Елімізде барлығы 17 мың 150 маман жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, COVID-19 вирусына қарсы дәрі-дәрмектің 48% отандық өндірушілерден сатып алынады.
«2009 - 2019 жылдары Бірыңғай дистрибьютордың жұмыс кезеңінде 32 отандық тауар өндірушімен 3600 дәрі-дәрмек жеткізу туралы 63 ұзақ мерзімді шарт жасалды. 2020 жылы олардың 586-сы жеткізіледі, қалғандары бойынша өндіріс алаңдары іске қосылып жатыр.
Айта кету керек, COVID-19 ауруы бойынша дәрілік заттардың 48% отандық тауар өндірушілер қамтамасыз етеді. Бұл қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, өңірлер қажеттілігін жедел қамтуға мүмкіндік береді. 10 жылда отандық тауар өндірушілердің өнімі шамамен 300 млрд теңгеге сатып алынды, ал оның үлесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 70%-ға жетті», - деді Алексей Цой.
Үкімет отырысының соңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Отандық фармацевтиканы дамыту жоспарын мақұлдап, жауапты мемлекеттік органдарға оны сапалы және уақтылы іске асыруды тапсырды.
«Фармацевтика өнеркәсібі экономиканың өте маңызды секторы және халық өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығының негізі болып табылады. Биыл фармацевтика өнеркәсібінде – 34,1%, инвестицияларда 5,2% серпінді өсу байқалуда. Танымал компаниялардың, оның ішінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен 41 жоба іске асырылды, оның ішінде антибиотиктер, алколоидтер, антисептиктер шығаратын жеке қорғаныш құралдарын және хирургиялық мақта шығаратын аса ірі компаниялар бар. Бұл шаралар арқылы 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуда отандық өндірушілердің үлесі 30% дейін өсті, бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікіріне сәйкес, елдің дәрі-дәрмек бойынша қауіпсіздігі өзіндік фармацевтика өндірісі кемінде 30% болған жағдайда қамтамасыз етіледі, ал ұсынылып отырған Кешенді жоспардың арқасында 2025 жылға қарай өз өндірісімізді нақты мәнде 50% дейін жеткізе аламыз», - деді Премьер-Министр.
Бүгін ұсынылған Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бойынша 30-дан астам жаңа ірі фармацевтика өндірістері іске қосылады, бұл дәрілік заттарды өндіру көлемін 2,5 есе, экспортты 3 есе өсіруге, 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды даярлауға және оларға тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Жалпы, осы қабылданып жатқан жүйелі шаралар халықтың денсаулығын сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар мынадай маңызды мәселелерге назар аудару қажет. Біріншіден, барлық инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе клиникалық сынау және клиникаға дейінгі сынау бөлігінде мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейту қажет. Индустрия, Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктері дәрі өндірісін елімізде оқшаулауға Big Pharma – Top 50 тізімінен әлемдік фармацевтика өндірушілерді тарту бойынша ұсыныстар енгізсін», - деді А. Мамин.
Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ мерзімді келісімшарттарды іске асыру механизмін кеңейтіп, елдегі дәрілік заттарға қажеттіліктерді нақты жоспарлау мен айқындауы қажет.
«Медицина бұйымдары мен дәрілерді сынақтан өткізетін зертханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Кешенді жоспардың іске асырылуын ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрларды даярлау жөнінде шаралар қабылдансын. Үшінші, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері жергілікті жерлерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алған кезде жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды (KPI) бекітсін», - деді Премьер-Министр.