Отандық газ - елдің ырысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда кез келген адамның күнделікті тіршілігі үшін ең қажет энергетика түрлері - газ бен электр энергиясы екені белгілі. Тұрмыс жағдайында олардың маңызы мұнайдан әлдеқайда зор. Қазақстан өзі үшін жеткілікті көлемде газ бен электр энергиясын өндіре алады және және өндіріп те жатыр.

Бірақ, өкінішке орай, осы уақытқа дейін халықты газбен және  электр энергиясымен қамту жағынан  импортқа тәуелділік сақталып отыр.  Ал бұл жағдай Қазақстанның бірқатар аймақтарында халық өзі тұтынатын энергетиканың осы екі маңызды түрінің құнын ел ішінде емес, басқа мемлекеттерде қалыптасқан баға негізінде төлеуге мәжбүр дегенді  білдіреді. Ал, мұндай төлемақы еліміздегі орташа ақыдан жоғары  болады. Сондықтан, ішкі сұранысты өтей алатындай деңгейде энергетика қорын өндіру қажеттігі туындап отыр. 

Соңғы кезде  газ өндіру көлемі біршама ұлғайды. Ал оны тұтыну көрсеткіші болмашы  ғана өсті. Мәселен,  2013 жылы ол 10,9 млрд. текшеметрді құраған. Ал газды өндіру көрсеткіші болса сол уақытта 39,3 млрд. текшеметрге дейін өскен. 2014 жылы «көгілдір отын» шикізаты  өнімінің көлемі 2,2%-ға  ұлғайған. Бұл 43,2 млрд. текшеметр деген сөз. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда газ өндіру көлемі 2015 жылы негізінен 2014 жылғы деңгейі көлемінде қалғаны байқалды. Дегенмен, бұның  өзі ішкі тұтыныс көрсеткішінен әлдеқайда жоғары. Алайда, еліміз әлі күнге дейін өз азаматтары пайдаланатын газдың біраз бөлігін сырттан сатып  әкелуге мәжбүр.  

 Мәселен, кейінгі кезге дейін тұрғындары ел халқының 40 пайызына жуығын құрайтын оңтүстік аймақта - Алматы қаласында және Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында - тұтынылатын «көгілдір отын» негізінен Өзбекстаннан алынады. Оның үздіксіз берілу жағдайы мен    бағасының тұрақсыздығы кейде біраз қиындықтар туғызатыны анық. Әрине, егер сол оңтүстік аймақты түгелдей отандық газ есебінен қамтамасыз ету мүмкін болса, бұндай мәселеге бас ауыртудың қажеті болмас еді. Бұл ретте аталған мәселені шешудің екі жолы бар.

 Біріншісі - жергілікті мүмкіндікті пайдалану. Ол импорттық газға деген тәуелділікті біршама қысқартуға ықпал етеді. 

 Екіншісі - оңтүстік аймаққа өз еліміздің солтүстігінде өндірілетін газды тасымалдайтын  құбыр тарту.

Осы екі амалдың біріншісі қазірдің өзінде жүзеге асырылу үстінде. Айтқалы отырғанымыз, Жамбыл облысында орналасқан Амангелді газ кенішін игеру жайында. 2001 жылы жүргізілген бұрғылау  жұмыстары ондағы қор көлемінің 51 млрд. текшеметрге дейін жететінін көрсеткен. Бұл кенішті игеруді өз  қолына алған «ҚазМұнайГаз» мамандары бастапқыда  өнім жылына 1 млрд. текшеметрге жетеді деп күткен болатын. Соның нәтижесінде оңтүстік аймақтағы газ импортына деген деген тәуелділікті біршама азайтуға сеп болады.

 Дегенмен, солтүстік аймақтан оңтүстікке газ құбырын тарту жобасы жүзеге асырылу үстінде. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры қазірдің өзінде  аяқталуға жақын. Оның бірінші сатысы 2013 жылы берілсе, жылына 10 млрд. текшеметр табиғи газ жеткізе алатын қуаты бар екінші сатысы 2015 жылдың  қараша айының 23-і күні  іске қосылды. Бұл торап Қазақстан аумағы  бойынша кез келген бағытта газ тасымалдауды әртараптандыруға және импорттық газға деген тәуелділікті толық жоюға кепілдік береді.

   Жалпы, «ҚазТрансГаз» транзиттік әлеуетті арттыру және энергия ресурстарын тасымалдау жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды жүзеге асыруды жалғастыра бермек. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралінің ұзындығы 1475 шақырымды құрайды. Бұл газ құбыры 577 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның 230-ы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Аталмыш елді мекендердің бір бөлігі бұған дейін ешқашан газдандырылмаған. Екінші бөлігі көгілдір отынды әзірше Өзбекстаннан алып отыр. Осы магистральдің іске қосылуымен Қазақстан толықтай отандық газбен қамтамасыз етілетін болады.

Ал Батыс Қазақстан облысында жағдай басқаша. Мұнда еліміздегі бүкіл «көгілдір отын» қорының 4/1 немесе 25 пайызға жуығын қамтитын  Қарашығанақ кеніші орналасқан. Ондағы жер қойнауында газдың көлемі  452 млрд. текшеметрден 1,3 триллион текшеметрге дейін жететін көрінеді. Бұған қоса, сол Батыс Қазақстан облысының үстімен өтетін және түрікмен мен өзбектің «көгілдір отынын» Ресей жаққа қарай тасымалдайтын «Орта Азия-Орталық» халықаралық магистральдік құбырының бар екенін еске салайық.

Дегенмен, бұл өңірдің халқы әлі күнге дейін Ресейден импортталатын  газды тұтынады. Бірақ Батыс Қазақстан облысында оңтүстік аймақтағыдай «көгілдір отынның» уақтылы беріліп тұруы мен оның бағасының тұрақты болуына қатысты әзірге айтарлықтай қиындықтар туындай қойған жоқ. Себебі, бұл жердегі мәселенің  мәнісі мынада. Осы күнге дейін бұл облыс өз жерінде өндірілетін газды өңдеуге  алдымен Орынбордағы «Оренбурггазпром» өндірістік бірлестігіне жібереді, сонан соң оны қайтадан сатып алады. Яғни, шындығында, мұндағы халықтың тұтынатын газы - Қазақстанның газы, ал өңделуі - Ресейден.  Сондықтан да оның беріліп отыруы - тұрақты, ал бағасы - айтарлықтай төмен.  Қазақстан газын бірлесіп игеру туралы келісімдерден соң, Батыс Қазақстан облысындағы осы қолайлы жағдай әрі қарай сақтала беруі бек мүмкін.