көзделген дүниелердің өмірмен біте қайнасуы үшін өндірісті ғылыми жобаларсыз өркендету мүмкін еместігі де қазір анық білініп отыр. Бір сөзбен айтқанда, сапалы білім мен ғылымсыз Қазақстан әлемдік бәсекеде қою шаңның арасында қалып қоюы мүмкін. Бұған жол бермес үшін мемлекет еліміздің білім беру саласын одан әрі дамытып, ғылымды заман талабына жауап бере алатындай сапалы деңгейге көтеру мақсатында бұл күндері ауқымды реформаларды қолға алуда. Төртінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиімді индустриялық саясат инновацияларға, ең заманауи білім-білікке және технологияларға негізделуі тиістігіне тоқтала келе, Үкіметке ғылым туралы жаңа заңды әзірлеуді тапсырып, оны жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Осыдан кейін іле-шала Ақордада Президенттің төрағалығымен ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда отандық ғылымды дамытуға кедергі келтіріп отырған қадау-қадау проблемаларды шешу жолдары егжей-тегжейлі талқыланды. Сол алқалы басқосуда Президент Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия стратегиялық орган болуы тиістігін, ол ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын анықтап, ғылымға арналған жалпы бюджетті айқындап, оны басым бағыттар арасында бөлуі керектігін айрықша атап көрсеткен-ді. Осы орайда Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның өкілеттігін ғылым туралы жаңа заңда бекіту қажеттігін тапсырған болатын. «Біз қоғамға және экономикаға қажетті идеяларды, білімді, технологиялық серпінді жандандыруға қабілетті ғылыми жүйені құруға тиістіміз. Ғылым мен инновацияны екінші басымдыққа жатқызған ел бірде-бір салада бірінші бола алмайды», - деді сол жиында Н. Назарбаев.
Осы тұста атап өтерлігі, Елбасының өзі бас болып ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғаны, экономиканы өркендету үшін бизнесті ғылыммен қоян-қолтық жұмыс істеуге үндегені мемлекеттің бұл мәселеге бәсі артық маңыз беріп отырғанының анық айғағы іспетті. Мемлекеттің отандық ғылымның көкжиегін кеңейтуге мықтап көңіл аудара бастағаны Н. Назарбаевтың кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойы аясында білім ордасының профессорлары мен оқытушыларының, студенттерінің алдында оқыған дәрісінен де анық аңғарылды. Онда «Зияткер ұлт» жобасының мән маңызына тоқталып, жобаның екінші аспектісі - ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру екендігін айтқан Президент, ғылым инновациялық экономиканың негізі болуы тиістігін қадап айтты. Бұл ретте Қазақстанға ең озық ғылыми салаларда жұмыс жасайтын талантты ғалымдар қажеттігіне баса назар аударды. Азғантай жылда экономикалық даму жолында үлкен секірістер жасаған Жапония, Корея, Сингапур, Малайзия, Қытай сынды мемлекеттердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, олардың ғылыми жобаларға әртүрлі көздерден инвестициялар тартып, сөйтіп өндірісті өркендетуге қол жеткізгенін, бұл елдерде ғылым шын мәнінде инновациялық экономиканың негізіне айналғанын аңғарамыз. Азаматтары білімді, мықты-мықты ғалымдардан кенде емес, экономикасы қалыпты даму жолына түскен, ғылымды дамытуға қаражаты бар Қазақстанның да қай жағынан алып қарасақ та жоғарыдағы елдердің қатарынан табылуға, шикізаттық мемлекеттен өндірісі өркендеген, инновациялық экономикасы дамыған елге айналуға әлеуеті жетеді. Ол үшін отандық ғылымның әлеуетін экономиканың сан-салаларында тиімді пайдалану қажет. Бұған қол жеткізу үшін ең алдымен барлығын заңнамалық тұрғыдан реттеп, жүйелеп, жөнге салу керек болып тұр.
Дәл қазіргі уақытта елімізде осы іс қолға алынуда. Қазір Парламентте талқыланып жатқан «Ғылым туралы» жаңа заң бойынша ғылыми жобаларды сұрыптап, ғылым гранттарын беру жөніндегі шешімдерді қабылдайтын ғылыми кеңестерді құру көзделіп отыр. Бұл ғалымдардың ғылыми гранттар алу процедурасына шенеуніктерді араластырмау үшін қолға алынып жатқан қарекет. Ғылыми кеңестердің негізгі рөлі - ғылыми жобаларға сұрыптау жүргізіп, ғылым гранттарын беру жөніндегі шешімдерді қабылдау. Яғни, басты идея - ғылымға қажетті қаржыны мемлекеттік шенеунік емес, ғалымдар анықтайтын болады, сөйтіп ол ғылыми кеңестердің шешімі бойынша бөлінеді. Бұдан бөлек, заң аясында елімізде ғылыми қызметті қаржыландырудың жаңа жүйесін қолданысқа енгізу жоспарлануда. Ол бойынша ғылымды үш тетік арқылы - базалық, гранттық және бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру көзделіп отыр. Атап өтерлігі, қолданыстағы жүйе бойынша ғылыми жобаны қаржыландыруға тапсырыс алудың өзі ғана кем дегенде 5 баспалдақ - институт басшылығы, ғылыми орталық, ғылым жөніндегі комитет, салалық министрлік, Үкімет арқылы өтеді екен. Қазір басы артық функциялардан арылу үшін ғылымды қаржыландыру жүйесі оңтайландырылып жатыр. Мәселен, базалық қаржыландыру күнделікті өмірдегі мұқтаждықтарды қамтамасыз ету, яғни ғимараттарды ұстап тұру, ғылыми дәрежесіне қарай ғалымның еңбегіне, сондай-ақ әкімшілік персоналдың еңбегіне жалақыны төлеу үшін қолданылатын болады. Гранттық қаржыландыру жүйесі ғылыми идеялардың нақты бәсекелестігін, шығармашылық әлеуеті жоғары ғалымды ынталандыруға бағытталған. Бұл жүйенің жұмыс істеп кетуі үшін жобаларды ғылыми-зерттеу институтының, орталықтың, ғылым комитетінің немесе Білім министрлігінің талап келісімінсіз-ақ, ғалым мен ұжым өздерінің ғылыми жобаларымен ғылыми кеңестерге тікелей өтініш жасай алуы тиіс. Яғни, ғалымдар қаржыландыру үшін тікелей жоғарыда айтып өткен мамандандырылған ғылыми кеңестерге жүгінетін болады. Бір сөзбен айтқанда, гранттық қаржыландыру бұл негізгі төлем болады. Ғылыми мақсатқа арналған барлық шығындар мемлекеттік сатып алулар жүйесінен шығарылады. Яғни, Білім және ғылым министрлігі мен ғылым комитеті осы ғылыми жүйенің жұмыс істеуінің барлық қаржылық, материалдық-техникалық сипаттарын қамтамасыз етуі тиіс. Одан арғысы - ғылым мен ғылыми кеңестердің жұмысы. Ал бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру мемлекеттік маңыздағы өзекті проблемалар мен міндеттерді шешуге бағытталатын болады.
Енді бір тоқталып өтетін мәселе - инновациялық қызметті оңтайландыру. Бұл міндетті орындау үшін Үкімет бірқатар істің бетін қайыруы тиіс. Кешегі дәрісінде Президент инновациялық-технологиялық дамуды басқарудың тиімді жүйесін құру қажеттігін айтып қалды. Бұл үшін жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған барлық жобаларға сараптама жүргізетін жауаптыларды тағайындай отырып салаларда, министрліктерде, ұлттық компанияларда ғылыми-техникалық бөлімшелер құру қажет. Министрлердің бір орынбасары және ұлттық компаниялардың басшыларының бірі ғылым үшін жауап беріп, бұл бағытта атқарылып жатқан істерді баяндап отыру тиіс. Осы орайда Қазақстанда инновациялық ғылымды дамытуға инвестиция жұмсауды заңмен міндеттеу көзделіп отыр. Әрине, Қазақстанның келешек дамуы үшін ауадай қажет бұндай жұмыстарды білікті кадрларсыз жүзеге асыру әсте мүмкін емес. Сондықтан да, ойға алған мақсаттарға қол жеткізу үшін ең алдымен адами әлеуетті дамытып, жас мамандарды даярлауға көңіл бөлу қажет. Мамандарды даярлау ісі де көп қаржыны қажет ететіні белгілі.
Тәуелсіздік жылдары ішінде бірнеше дағдарысты басынан өткерсе де Қазақстан білім беру саласын, ғылымды қаржыдан қысып көрген емес. Керісінше жыл сайын бұл салаға қазынадан бөлініп жатқан қаржы көлемі көбейіп келеді. Мәселен, ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы бес жылда қазақстандық ғылымды қаржыландыру төрт есеге жуық ұлғайып, үстіміздегі жылы 18,5 миллиард теңгені құрапты. Мемлекеттің ғылымды дамытуға күш салып отырған тұсында бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы ұлғаймаса, азаймайтыны анық. Ендігі міндет - ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмай, жастардың арасынан білікті кадрлардың, яғни ғалымдардың шоғырын қалыптастыру. Күрделі болғанымен, еліміздің келешегі үшін аса қажетті бұл міндетті шешуге мемлекеттің, қоғамның әлеуеті жетеді. Ең бастысы - бұған ел басшылығы ерік-жігер танытып отыр. «Ел - бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, сайып келгенде ел ағалары бұның барлығын ел ертеңі, экономиканың игілігі үшін жасап жатқанын ұғынғанымыз жөн.