Олардың қатарында Коксты қайта өңдеу бойынша мұнай-химия өндірісі, Алматы облысындағы GMP стандарттарына дәрілік препараттар шығаратын фармацевтикалық зауыт, Ет өңдеу комбинаты, Қазақстандағы құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығаратын өндіріс орны, Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС жүн өнімдері, Оңтүстік Қазақстан облысында «Әлем БТ» ЖШС-ның дайын тоқыма бұйымдары өндірісі, елордада «ASTANA Ютария Ltd» инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС-ның "KazTexExpo" автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені, Алматыда «COLOR International Technologies» ЖШС-ның лак және бояу материалдары өндірісі, Қызылорда облысында"РМЗ-Шапағат" ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты, «Астана Дизель Сервис» ЖШС-ның дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауытты, «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені бар. Мұнан бөлек, "Жас қанат-2006" құс фабрикасы жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшіп, Астананы 100 пайыз құс етімен қамтамасыз ететін «Capital Project LTD» ЖШС-ның жобасы іске қосылды.
Жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы: «Біз бәсекеге қабілетті 30 дамыған елдің санатына қосылу үшін шикізаттық бағдарламадан арылып, өңдеу жолына түскен елміз. Оны мен өз Жолдауымда айтқан едім. Біз 2010 жылдан бастап Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып келе жатырмыз. Өндірісті жаңғыртуды сол кезде қолға алмағанда бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін мұнан да қиын болар еді. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде, тіпті дамыған елдердің өзінде өңдеу өнеркәсібінің кері шегінуі байқалып отыр. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес, бұл саладағы Қазақстанның өнім көлемі 2008 жылғы 17 млрд. доллардан 24 млрд. долларға дейін өсті», - деді.
Елбасының атап өтуінше, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер сыртқы нарыққа шығып, Қазақстанның атын шығаруда. Бүгінде еліміздің өнімдері әлемнің 111 мемлекетінде саудаланады. Алдағы уақытта да өңдеу саласында өнім еселене түсетін болады. Дүниежүзілік банк мәліметтеріне қарағанда, алдағы 5 жылда еліміздің өңдеу саласындағы өнім шығару көлемі 24 млрд. долларға дейін арта түседі.
ҚР Президенті өз сөзінде бүгінгі телекөпір барысында 16 жобаның іске қосылып, 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылғанын айта келе: «Олар Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің 8 басымдықты саласында жүзеге асырылып отыр. Екі кәсіпорынның әрқайсысы жыл сайын орташа есеппен 81 млрд. теңгенің өнімін өндіретін болады. Ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар біздің экономикамызға қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкеледі», - деді.
Мемлекет басшысы бірінші бесжылдықтың қорытындысына сәйкес өңделмеген алтын өндірісі 50 тоннаға дейін артып, 2 есеге жуық өсім көрсеткен, елде өндірілген барлық алтынның 90 пайызы өзімізде өңделетіндігін баса айтты. «Елдің Ұлттық банкі осы жылдар ішінде 76 тонна отандық алтын құймаларын сатып алды. Мұның барлығы да біздің қорымыздың қазақстандық алтын қоры болып табылады», - деді Елбасы.
Ұлт көшбасшысы экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіз қалыптастыруымыз қажеттігін, бұл мәселеде - негізгі драйвер - трансұлттық корпорациялар болуы керектігін баса айтты. Барша қазақстандық кәсіпорындарды Отанымыздың индустриялық қуатын арттыруға шақырды.
«Құрметті отандастар! Бүгін жаңа индустриялық жобаларға бастау бере отырып, біз халқымыздың басты мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқына сый жасап отырмыз. Бүгін мен отандық кәсіпорындардың барлығын тағы да бір рет Қазақстанның индустриялық қуатын арттыруға белсене атсалысуға шақырамын. Бұл - біздің болашағымыз. Индустрияны дамыту арқылы ғана біз өзге елдердің көшіне ілесе аламыз. Ал, жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырамын. Бұл - уақыт талабы. Ал, бүгін экономикалық әлеуетімізді жаңа өндіріспен толықтырған, кәсіпорындар туралы жіті баяндаған сіздерге, кәсіпорынды салған, оны пайдалануға берген қызметкерлердің барлығына, аймақ әкімдіктеріне алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, Қазақстанның қуатты мемлекет болуына барлығымыз үлесімізді қосайық. Мәңгілік еліміздің мерейі үстем, айбыны асқақ болсын! Істеріңіз ілгері болсын!» - деп түйіндеді телекөпірді Н.Назарбаев.
Шара соңында Мемлекет басшысы ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады. «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС лауреат атанып, кәсіпорынның президенті Владимир Ким Елбасының қолынан "Алтын сапа" сыйлығын алды. Сондай-ақ, Президенттік арнаулы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС топ жарып, «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-приі «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамына тапсырылды.
Айта кетерлігі, Индустрияландыру күні аясында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов «Парыз» жүлдесінің алтын мүсіншесі мен «Халық тұтынатын ең сапалы тауар көшбасшысы» арнайы сыйлығын табыстады. Сонымен «Парыз» жүлдесінің «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғарғы кәсіпорын» аталымы бойынша алтын белгісіне Қызылорда облысындағы «Саутс-ойл» ЖШС ие болды. Компания директоры Серікжан Сейітжанов Үкімет басшысының қолынан алтын мүсінше мен диплом алды. Бұл компания 2014 жылы қайырымдылық және демеушілік көмек үшін 63 млн теңге, Қызылорда қаласындағы теннис орталығының құрылысы үшін 440 млн теңге бөлген. Сонымен қатар Арал қаласында 100 орынға арналған спорт-сауықтыру кешенін салуға мұрындық болған. Ал «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясы бойынша «Парыз» сыйлығының алтын белгісін Ақтөбе облысындағы «Ақбұлақ» АҚ-қа бұйырды. Премьер-министр К.Мәсімовтің қолынан алтын белгі алған компания директоры Айбек Сағиевтің кәсіпорны еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен қызметкерлерінің демалыс уақыты үшін өте тиімді кесте құра білген. «Халық тұтынатын ең сапалы тауар шығарушы» арнайы сыйлығын Алматы қаласындағы «Рахат» АҚ ие болды. ҚР Премьер-Министрі сыйлық пен арнайы дипломды «Рахат» компаниясының экономика және қаржы жөніндегі директоры Зәуреш Төлеубаеваға табыстады.
Үкімет дағдарысты еңсеруге тас-түйін дайын
Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспарды бекіту туралы» ҚР Президентінің Жарлығы жобасы қаралып, Үкімет пен Ұлттық банктің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары егжей-тегжйлі талқыланғаннан кейін қабылданды. Мұнан бөлек, «Жұмыспен қамту -2020» жол картасын жандандыру және «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелері қаралды.
Бастапқы екі мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Елбасы Жолдауында айқындаған 5 негізгі басымдықты жүзеге асыру 5 бағытта өрбитіндігін атап өтті.
Оның айтуынша, қаржы секторын тұрақтандыру ауқымында 2016 жылғы сәуірде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады. Жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген күйзеліс-тестілеудің нәтижелері бойынша қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2016 жылғы қыркүйекке дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қабылданады. Зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында 2016 жылғы наурызға дейін зейнеткерлік активтерді инвестициялау тәсілдері қайта қаралып, келер жылдың шілдесіне дейін зейнеткерлік қорлар активтерін қазақстандық немесе шетелдік жеке компаниялардың басқаруына беру тетіктері әзірленеді. Алдағы жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Проблемалы кредиттер қоры және басқа да қаржы институттары Ұлттық банктің бақылауынан шығарылады.
Ал бюджет саясатын оңтайландыру барысында оның негізгі мақсаттары қатаң үнемдеу, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және Ұлттық қор қаражатын ұтымды пайдалану болатындығын баса айтқан министр: «Осыған байланысты, 2016 жылғы сәуірге дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасының және 2016 жылғы тамызға дейін жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобалары әзірленеді. 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 2016 жылғы сәуір-тамызда тиімсіз шығыстарды және жеке сектор қаржыландыруы мүмкін шығыстарды алып тастау арқылы бюджет шығыстарын оңтайландыра отырып, республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізіледі. 2016 жылғы наурызға дейін Бюджет кодексіне қолма-қол ақша тапшылығын жабу үшін жергілікті атқарушы органдардың үш жылға дейінгі мерзімге Үкіметтен қарыз алуын көздейтін толықтырулар енгізіледі. Бюджеттен күрделі шығыстарды қаржыландырудың сервистік моделін қолдану мүмкіндігі үшін 2016 жылғы наурызға дейін үлгілік сервистік келісімшарт әзірленетін болады», - деді.
Министрдің айтуынша, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру бөлігінде Yellow Pages Rules қағидаттарына сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін акцияларының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесі бекітіледі. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап үстем немесе монополиялық жағдайға ие Нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі жойылады. 2016-2017 жылдары табиғи монополиялардың базалық субъектілері шекті тарифтер бойынша жұмысқа көшіріледі.
«Ел экономикасына инвестиция тартуды жандандыру үшін 2016 жылғы ақпанда ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде шараларды көздейтін Егжей-тегжейлі жоспар қабылданады. Осы жұмысты ұйымдастыру үшін 2016 жылғы қаңтарда Үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылатын болады және «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар жөнінде комитеті мен «Казнекс Инвест» АҚ-тың қызметі күшейтіледі», - деді ол.
Сонымен Е.Досаев Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен жаңа әлеуметтік саясат аясында әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру, әлеуметтік атаулы көмектің жаңа форматын енгізу тәжірибесін кеңейту, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын айқындау әдіснамасын өзгерту, сондай-ақ азық-түлік себетінің құрамын және тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларын қайта қарау мақсатында 2030 жылға дейін әлеуметтік даму Тұжырымдамасы өзектілендірілетінін, 2017 жылдан бастап білім беру саласында «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық тегін білім» туралы жаңа жобаны іске асыру басталатынын атап өтті.
Министр өз сөзінде әлемдік экономикадағы ахуалдың және Қазақстан экономикасының даму болжамының нашарлауын ескере отырып, Үкімет экономикалық өсуді ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және халықтың кірісін қолдауға бағытталған қосымша жедел шараларды әзірлегендігін де айтып, оның негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Бірінші бағытқа сәйкес өндірістің және отандық кәсіпорындар өнімі экспортының төмендеуіне жол бермеу мақсатында МТЖ қызметтері мен электр энергиясы тарифтеріне 2016 жылға уақытша төмендету коэффициенттерi беріледі. Отандық тауар өндірушілердің өнімін өткізуді қамтамасыз ету үшін жүйе құраушы және ірі кәсіпорындармен және ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар мен меморандумдар жасалады, сондай-ақ «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және ИИДМБ инфрақұрылым құрылысында отандық материалдарды пайдалану ынталандырылады.
Екінші бағытта түйінді инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын жеделдету үшін «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында қосымша қаражат тарту көзделеді. «Астана-Теміртау» және «Астана-Павлодар» автожолдарында жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін 2016 жылы 75 млрд. теңге және 2017-2018 жылдары 225,1 млрд. теңге сомасына мемлекет кепілдігімен қарыз қосымша тартылады. Бұдан басқа, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ автожол жобаларын іске асыруға Қытай Халық Республикасының Эксимбанкінен 2,6 млрд. АҚШ доллары сомасына қарыз алады
Үшінші бағытта шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі. «Ағымдағы жылғы желтоқсанда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға өңірлерге 7,2 млрд. теңге сомасына, 2016 жылы инвестициялық кредиттерге субсидиялауға және кепілдендіруге - 7 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінетін болады. Бұл экономикаға 202 млрд. теңге сомасына кредиттерді тартуға, өнім өндіруді 418 млрд. теңгеден астам сомаға ұлғайтуға, кемінде 15 177 жұмыс орнын сақтауға және құруға, 50 млрд. теңге сомасында бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнеске кредит беруді ұлғайту үшін 2016 жылы 65 млрд. теңге сомасына Халықаралық қаржы ұйымдарынан кредит желілері тартылатын болады, оның ішінде Дүниежүзілік Банктен - 30 млрд. теңге, Азия Даму Банкінен - 30 млрд. теңге, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен - 5 млрд. теңге», - деді Е.Досаев.
Төртінші бағытта халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру үшін 2016-2018 жылдары жалға берілетін алаңы 817 мың шаршы метр немесе шамамен 13 600 пәтер тұрғын үй салу және оны сатып алу қамтамасыз етіледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ клиенттерінің барлық салымдарына өтемақы беру үшін Үкімет резервінен 2016 жылы 20,9 млрд. теңге және 2017 жылы 16 млрд. теңге бөлінеді.
Бесінші бағытта суландыру және гидромелиорация арқылы суармалы жерлерді қалпына келтіру жобаларын іске асыру үшін 2016-2018 жылдары 153 млрд. теңге сомасына халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары мемлекеттік кепілдіктермен тартылатын болады. «ҚазАгро» ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, ет пен сүт өндіру және өндеу жөніндегі басым инвестициялық жобаларын іске асыру мақсатында 2016-2018 жылдары 300,7 млрд. теңге сомасына мемлекеттік кепілдіктер беру көзделеді.
«Алтыншы бағытта 2016 жылғы наурызда 10 млрд. теңге сомасында мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздарды тарту есебінен «Шүлбі ГЭС-і - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы Жоғары кернеулі желі» 500 кВ электр тарату желісі құрылысының жобаларын іске асыру жалғасатын болады. Сондай-ақ 2016-2018 жылдары «Интеграцияланған газ-химия кешені, 1-фазасы» жобасын іске асыру үшін 556,7 млрд. теңге сомасында мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар тартылады. 2017 жылы Жамбыл облысында «ЕвроХим-Удобрения» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар өндіру зауыты үшін инфрақұрылым салынатын болады, ол үшін республикалық бюджеттен 11,1 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ республикалық бюджеттің 1,5 млрд. теңге қаражаты есебінен ғарыш аппараттарының жинау-сынақ кешенінің құрылысы аяқталады», - деді министр.
Жетінші бағытта жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында 2016 жылы өңірлік Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын іске асыру жалғастырылып, кадрларға қажеттілікті айқындау арқылы жұмыскерлердің босатылуы мен жаңадан құрылатын жұмыс орындарының жиынтық картасы өзектендіріледі. 2016 жылғы наурызда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлайтын болса, аз қамтылған отбасыларға қосымша мақсатты көмек көрсету бойынша ұсыныстар енгізіледі.
«Жалпы алғанда жоғарыда аталған шараларды уақтылы орындау Мемлекет басшысының 2015 жылғы жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды, елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және тұрақты өсу үшін берік негіз құрады», - деп түйіндеді сөзін Е.Досаев.
Осыдан кейін Қаржы, Инвестициялар және даму, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ауыл шаруашылығы министрлері, Ұлттық банк төрағасы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» , «Бәйтерек» ҰБХ басқармаларының төрағалары сөз алып, өздерінің салалары бойында Елбасы Жолдауын жүзеге асыру және дағдарысқа қарсы шаралары жайында баяндама жасады. Мәселен, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі күнге дейін мүлікті жекешелендіру аясында 430 млрд. теңге заңдастырылғанын, заңдармен заңдастыру үдерісін тежейтін барлық шектеулер алынып тасталғанын атап өтті. «Дағдарысқа қарсы жоспардың «Жекешелендіру, мемлекет иелігінен шығару және заңдастыру» бөлігінде біздерге заңдастыру шарттары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту және оның қатысушыларына кепілді қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Мүлікті заңдастыру 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын болады», - деді ол.
Ал Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев 2015 жылдың қорытындысында 618 шақырым автомобиль жолының құрылысы аяқталып, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аясында Шымкент пен Тараз арасында қозғалыс жанданатындығын. «Алматы-Қапшағай», «Астана-Теміртау», «Орталық-Шығыс» жобаларының 9 учаскесі пайдалануға берілетіндігін айтты. «2016 жылы 9 жобаны жүзеге асыру үшін 240 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. 2016 жылдың қорытындысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Бейнеу-Ақтау», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай-Талдықорған», «Астана-Петропавл» жобаларын толық аяқтау жоспарлануда», - деген министр «Қазавтожол» компаниясы Қытайдың Эксимбанкінен қаржы тарту арқылы мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде «Талдықорған-Өскемен», «Алматы-Қапшағай», «Үшарал-Достық» сынды жобалар жүзеге асыратындығын еске салды.
«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын жекешелендіруді ұсынса, «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевта өзі басқаратын компанияға қарасты Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі, ҚазЭкспортГарант, Қазақстан Инвестициялық қорының активтері мен жобалары, сондай-ақ Ұлттық технологиялық даму жөніндегі агенттіктің келер жылы бәсекелестік ортаға берілетіндігін ашық айтты.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері жоғарыда аталған екі мәселені де егжей-тежейлі қарап, соңында бірауыздан қабылдады.