***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Қилы жол» драмасы 9 қазанда Тараздағы Орталық алаңда көрсетіледі. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры да үлкен дүбірге қосылып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойға өзіндік тарту жасау үшін бұл күндері қызу дайындық жүргізуде. Мерейтой қарсаңында Алматыдағы аталмыш театрдың шығармашылық ұжымы Тараз қаласына аттанды. Тараздағы Орталық стадионда Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» тарихи драмасын қояды. Үлкен стадионда қойылатын ауқымды спектакльге М.Әуезов театры мен Тараз қаласының 400 әртісі атсалыспақ. Сондай-ақ, 150 адам би көріністерін ортаға салады. Ашық аспан астында жүретін ауқымды жобаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов бастаған Алма Кәкішева, Елік Нұрсұлтан, Мұхтар Қапалбаев сынды режиссерлік топ басшылық етеді.
Ал жоба жетекшілері - Қазақстанның халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, театр директоры Ерлан Біләлов.
Қазақ хандығының негізі қаланған өңірде өтетін драмада Талас пен Шу өзендерінің арасында Керей және Жәнібек сұлтандар құрған Қазақ хандығының шежіресі сахналанады.
Осынау айтулы оқиғаға байланысты М.Әуезов театрының ұжымы жазғы демалысқа қарамастан, барынша үлкен дайындықтар жүргізген. Бір сағатқа жоспарланған спектакльде Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр ханнан бөлініп, азаттық пен бостандықты арман еткен қалың қазақты артынан ертіп, бір ту астына жинаған кезеңі бейнеленеді. Бұл материал «550 адам қатысатын қойылым» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Басты бағыт - білікті кадр дайындау» деген тақырыппен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің мақаласына жарияланды. «Білім саясатын жаңарту оқытудың барлық деңгейлері бағдарламалар негізінде іске асады. Идеясы академиялық пәндер, зерттеу және сабақтан тыс қызмет, қосымша білім, элективтік курстар арқылы мектеп мазмұнына қосылып «Мәңгілік Ел» құндылықтарын енгізуге мүмкіндік беретіндігі маңызды. Экономиканың басты алты саласы үшін білікті кадрларды даярлау мақсатында жоғары оқу орындары мен колледждерге өндірістен 2 мыңнан аса маман тартылады. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жоғары оқу орындары үшін 24 зертхана мен колледждер үшін 57 зертхана жабдықталатын болады. Назарбаев Университеттің тәжірибесі есепке алына отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық еркіндігін кезең-кезеңмен кеңейту басталады»,-деп жазады министр.
***
Жақында Алматыда өткен Internet Avenue атты Халықаралық интернет-форумда жағымсыз жәйттердің басы ашылды. Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Ш.Сабировтің мәліметінше, Қазақстан әлем бойынша кибер шабуылдарға жиі душар болатын бірден-бір мемлекет екен. Сорақысы, кибер шабуылдардың кесірінен қазақстандық қолданушылар 80 доллардан астам қаржыны жоғалтатын көрінеді. Ал мемлекеттік деңгейдегі зиян мен ақпараттық қауіпсіздікке келтірілетін залал көлемін өлшеу қиын. «Айқын» газеті еліміздің неліктен киберқылмыскерлердің назарына ерекше ілігіп отырғанын сұрау үшін танымал IT маманы Ерлан Оспанды әңгімеге тартыпты.
«Иә, мен бұл статистикамен таныспын. Бірақ шынымды айтсам, неліктен еліміздің көштің соңы боп тұрғанын түсінбедім. Статистиканың методикасы көрсетілмегесін, бұл жайында бірдеңе деу қиын. Бұл қандай қауіптер? DdoS-шабуыл ма? Пошта жәшігін барымталау ма? Фишинг пе? Сондықтан кері жору әдісіне сүйеніп, «жер шарының анау шетіндегі бұзық болсам, шабуылдау үшін неге Қазақстанды таңдар едім?» деген сұраққа жауап беріп көрейін. Біріншіден, қазақстандық сайттар көбіне «сайтты жасадым-тапсырдым-бітті» деген схемамен жасалады. Сайт иесіне тапсырылып, сақал сипалып, сауда аяқталады. Ал сайт - шындап келгенде, әр мезет сайын жүздеген мың процестер жүріп жататын тірі жүйе. Оған үнемі бақылау керек. Енді қараңыз: кәсіби форумдарда «осындай кодта осындай қате бар, хакерге сара жол екен, сайттарыңыздың кодын жаңартыңыздар!» деген хабарландыру шығады. Ал сайттың кодын кім жаңартады? Әрине, оны жасаған адам, архитектурасын бес саусақтай білетін маман жаңартады. Бірақ айтып өткенімдей, бізде сайтқа дайын автокөлік сияқты аяқталған өнім ретінде қарау әдетке айналған. Осы күні «сайтыңыздың қауіпсіздігіне жауап берейін, айына 20 (жиырма) мың теңге беріп тұрсаңыз болады» деңізші. Сізге жынды кісіге қарағандай қарайды. Ендеше, қазақстандық сайттар - түрлі алаяқтарға, оның ішінде, хакерлік романтикаға берілген адамдар үшін машықтануға тамаша алаң»,-дейді Е. Оспан. Бұл сұхбат « Отандық сайттар - хакерлердің машықтану алаңы» деген тақырыппен жарияланды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, соңғы жылдары дәрігерлер жастардың, әсіресе, қыздардың тар киім кию үлгісі денсаулыққа зиян екенін айтып алаңдай бастады. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Қазір жастарды қойып, тұрмысқа шыққан, балалы болған келіншектер де тар шалбармен жүре береді. Оның жүргенге, жылдам қимылдағанға ыңғайлы екені рас. Көп жағдайда жас қыздар өздерінің толықтығын жасыру үшін де тар киім киюге тырысады. Мұның аз күндік қана қуаныш екенін осы бастан түсінгеніміз абзал. Осы жайында « Тар киімнің тауқыметі көп» атты мақаладан толық оқи аласыздар. «Литер» газетінің бүгінгі санында « В Семее 32 многоэтажки могут остаться без тепла » атты мақала жарық көрді. Тұрғын үй қорының жылу беру маусымына даярлығы мәселесі Семей әкімінің төрағалығымен өткен арнайы кеңесте талқыланды. 1316 көп қабатты үйдің 93 пайызында дайындық құжаттарына қол қойылды. Алайда коммуналдық қызметтерді алдағы жылу беру маусымына 32 көп қабатты үйдің тұрғындары мен басқару органдарының жайбарақат қарауы алаңдатып отыр. Егер де тұрғындар жылу үшін қарыздарын өтемесе және үйді жылу беру шараларына даярламаса, онда оларға белгісіз бір мерзімде жылу берілмейді. Өз үйлерінің күтіміне селқос қарайтын тұрғындарға қатысты жергілікті атқару билігі осындай қатаң ұстанымға бармақ. ***
«Литер» газетінің бүгінгі санында « В Семее 32 многоэтажки могут остаться без тепла » атты мақала жарық көрді. Тұрғын үй қорының жылу беру маусымына даярлығы мәселесі Семей әкімінің төрағалығымен өткен арнайы кеңесте талқыланды. 1316 көп қабатты үйдің 93 пайызында дайындық құжаттарына қол қойылды. Алайда коммуналдық қызметтерді алдағы жылу беру маусымына 32 көп қабатты үйдің тұрғындары мен басқару органдарының жайбарақат қарауы алаңдатып отыр. Егер де тұрғындар жылу үшін қарыздарын өтемесе және үйді жылу беру шараларына даярламаса, онда оларға белгісіз бір мерзімде жылу берілмейді. Өз үйлерінің күтіміне селқос қарайтын тұрғындарға қатысты жергілікті атқару билігі осындай қатаң ұстанымға бармақ.