Балалардың тынығуы кезінде оларға белсенді демалып, әртүрлі мәдени және спорт шараларына қатысу, ең бастысы - ана тілін меңгеру жөніндегі білімдерін шыңдау мүмкіндігі ұсынылды.
Бұл жұмыс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы қызметінің жаңа бағыты ауқымында жүргізіліп, шетелдегі қазақ диаспорасы жастарын ана тіліне оқытуды көздейді.
Бұл бағытқа басшылық жасайтын Академия президентінің кеңесшісі Ділдаш Рысқұлбекқызы Битуова осы жұмыс Мемлекет басшысының өткен жылғы мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында берген тапсырмаларын орындау мақсатында жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Делегаттар бірқатар өтініштер мен ұсыныстар білдірген Құрылтайдан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Бқытжан Жұмағұлов арнайы бұйрық шығарды. Бұл жұмыста диаспора арасында тілдік орта сақталып отырған еуропалық елдердегі қазақ жастарына баса назар аударылуда.
Д.Битуованың айтуынша, жұмыс Еуропа қазақтары қауымдастығының штаб-пәтері орналасқан Парижде конференция өткізумен басталды. Бұл конференцияда Еуропадағы қазақ жастары үшін қысқа мерзімді курстар ашу туралы мәселе талқыланды - диаспора өкілдері әлденеше рет осындай тілек білдірген болатын. Қазақстанның Франциядағы Елшілігімен бірлесіп, биылғы жылы Парижде қазақ тілі курстары ұйымдастырылды. Бүкіл әлемде ағылшын тілін үйрету үшін жасалған «Тойфл» жүйесі негізінде Шырын Әбдіғалиева мен Ділдаш Битуова жасаған жаңа оқулықтың арқасында курстарға барлық қатысушылар екі апталық оқытудан кейін тұрмыстық деңгеде қазақ тілін меңгеріп шықты және тіпті грамматиканы да еңсере бастады. Енді оқытудың екінші деңгейіне арналған оқулық әзірленуде.
«Бұған дейін арнайы қаржыландыру болған жоқ. Дегенмен енді Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті конкурс жариялады, біз оған қатысуға өтінім бердік. Бұл орайда біздің жинақтаған тәжірбеміз болғандықтан конкурста ұтып шығамыз деген сенімдеміз. Бұған елеулі қаржы бөлінбек, сондықтан да біз Комитет тапсырысына сәйкес терминологиялық сөздік шығарып, электрондық оқулық жасауға, сондай-ақ қазақ тілін өздігінен оқып-үйренуге арналған интернет-ресурс жасауға ниеттеніп отырмыз», - деді Д.Битуова.
Ғылыми-әдістемелік жұмысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Садықов бастаған ғалымдар тобы орындайтын болады. 30-дан астам елде, соның ішінде 10 еуропалық мемлекетте қазақ жастарына ана тілін үйрету жоспарлануда. Бұдан басқа шетелдердегі қазақ балалары мен жастары әртүрлі олимпиадаларға, соның ішінде тілдік жарыстарға шақырылады. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында шетелдердегі қазақ жастарының қатысуымен вокалдық-би фестиалын өткізу көзделуде.
Д.Битуова сондай-ақ шетелдердегі диаспора өкілдері үшін курстардың оқытушылары ретінде жұмыс жасауға студенттер мен магистранттарды даярлау жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Қазақстанда тілді үйренгісі келетін Еуропа студенттерінің тобы күтілуде. Біздің университеттерде доктурантураны бітіргісі келетін қазақ түлектерге Қазақстандағы оқу шығынын төлеуге Бейжің университеті жақсы бастама көтеріп отыр.
Әңгімесінің соңында Д.Битуова «Балдәурен» балалар лагерінде ана тілін білу дәрежесін жетілдірумен бқоса айналысқысы келетін шетелдердегі қазақ балаларының жазғы демалысы үшін барлық жағдай жасалып отырғанын атап өтті. «Балдәурен» балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын лагерлердің алғашқы әлемдік ондығына кіреді, барлық корпустар әртүрлі спорт түрлерімен айналысу үшін барлық қажетті заманауи жабдықтармен жарақтанған, таза ауада айналысатын спорт алаңдары бар. Орталық қызметкерлерінің шетелдерден балаларды қабылдауда зор тәжірибесі бар - 2010 жылы мұнда 51-ші Халықаралық математикалық олимпиада өткізілді, лагерге әлемнің 100 елінен 600-ден астам бала келді.
«Балдәуренде» тыныққан әртүрлі елдердің балалары өздерінің тамаша әсерлері туралы айтты, лагердің педагогикалық ұжымына алғыстарын білдірді.
Жансая Қалдекенова:
- Мен Ресейден келдім. Біз Алтай Республикасының Қосағаш ауылында тұрамыз. Маған «Балдәурен» туралы ұстазым айтып берген болатын. Ол: «Егер де сен «Абай жолы» байқауынан бірінші орын алсаң, «Балдәуренге» жібереді. Бұл өте жақсы лагерь. Оған түрлі елдерден диспора өкілдері келеді», - деген еді. Мен бірінші орынды иеленіп, ұстазым осында алып келді. Маған «Балдәурен» қатты ұнайды. Осы жерде әртүрлі елдерден келген балалармен таныстым. Егер мүмкіндік болып жатса, осы жерге тағы да келер едім.
Еламан Сәрсенбаев:
- Мен Қырғызстанда, Бішкекте тұрамын. Мен ата-аналарым Қазақстанда, ал мен Қырғызстанда дүниеге келгенмін. Мен қазақ тілінен олимпиадаға қатысып, Қырғызстан қазақтары қауымдастығының көмегімен Павлодар облысының Баянауыл ауылына бардым. Ал «Балдәуренде» жаңа адамдармен таныстым, біз көп әңгімелесеміз және де бұл менің ойымша, одан арғы оқуыма әрі тіл білуімді жетілдіруге көмектеседі.
Асем-Аян Қаппарова:
- АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрамын. Менің ата-анам ол жаққа баяғыда көшіп барған еді. Ал мен Бостон қаласында дүниеге келдім. Жыл сайын мен Қазақстанға келемін. Осы жолы менің әкем бір газеттен «Балдәурен» және осы бағдарлама туралы оқып біліпті. Содан кейін ініміз екеуіміз осында келуге шешім қабылдадық. Бұл жер маған өте ұнайды, тәрбиешілер де өте қайырымды, қамқоршыл. Әртүрлі іс-шаралар өткізіледі, үнемі көңілді. Осы жерге келесі жылы да келгім келеді.
Кішкентай кезімде қазақ тілін білетін едім, кейіннен ұмытып қалдым. Менің ойымша, осы лагерьде болу арқылы қазақ тілін үйреніп аламын.
Әйгерім Серлан:
Сұлтанбек Сәдібеков:
- Мен Ташкент қаласында тұрамын, сол жақта дүниеге келгенмін. Комаров атындағы №125 гимназияда оқимын, 9 сыныпқа көштім. «Балдәуренге» баруға туыстарым кеңес беріп, оны ата-анам да қоштады. Үйде мен ата-анаммен және туыстарыммен қазақ тілінде сөйлесемін. әрине, бұл лагерьге тағы да келгім келеді. Жалпы, Қазақстанда жиі боламын, біздің туыстарымыз Шымкентте, Алматы мен Астана қалаларында тұрады.
Шахназар Қадырбек:
- Мен Моңғолияда дүниеге келгенмін, қазіргі уақытта біз Түркияда тұрамыз. Бірақ моңғол азаматтары болып саналамыз. Ағымдағы жылы «Балдәурен» лагері туралы естіп, келуге шешім қабылдадым әрі көңілімнен шықты. Мен түрік мектебінде білім аламын, онда түрік, араб және ағылшын тілдерін оқытады. Ал қазақ тілінде мен тек анаммен және апайыммен сөйлесемін. Моңғолияда орыс тілінде оқыған едім. Сондықтан осы жерге келгенім әрі жергілікті қазақтармен және басқа да елдердің балаларымен араласуым мен үшін өте жақсы болды.
Қырғызстан қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Тілеуқор Бошымова:
- Мен бұл жерге Қырғызстаннан біздің балаларды Отанын көруі, бір-бірімен таныс болуы үшін алып келемін. Балалар өте разы. Осы жылы мен 7 бала алып келдім. өткен жылы 14 бала келген еді, бұл бөлінетін квотаға байланысты. Қырғызстанда қазақ мектебі, тіпті қазақ тілдерін оқытатын курс та жоқ. Балаларға тілдерін дамытуға ешқандай мүмкіншілік болмай тұр. Дегенмен біздің балалар мен жастар Қазақстанға келуге ұмтылады, біз де оларды түрлі іс-шараларға, олимпиадаларға алып келеміз. Соңғы 10 жылдың ішінде өте үлкен жұмыстар атқарылды, Қырғызстанның көптеген балалары Қазақстанда грант бойынша білім алуда. Бізге көрсеткен көмегі үшін Қазақстанға, сонымен қатар жылы қабылдаған «Балдәурен лагеріне ризамыз.