Өткен 5 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,9 пайызға артты

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылдың қаңтар-мамыр айларында еліміздің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,9 пайызға артты.

Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2010 жылғы қаңтар-мамыр айларында 2009 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда темір кенін, шикі мұнайды, табиғи газды, көмірді өндіру көрсеткіштері біршама артқан. Бұдан бөлек, азық -түлік тағамдарын өндіру мен мұнай өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, металлургия мен химиялық өнеркәсіп өнімдерін шығару көрсеткіштері де жоғарылап отыр.

Өндірістің өсу деңгейі еліміздің барлық өңірлерінде байқалған.

Атап айтқанда, 2010 жылдың қаңтар-мамыр айларында жекелеген тауар түрлері бойынша, оның ішінде газ конденсатын қоса алғандағы мұнай 32,8 млн. тонна шамасында өндірілсе, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 107,3 пайызды құрайды. Сонымен бірге, есепті кезеңде ұн өндіру 1,5 млн. тоннаға жетіп, 113,4 пайызды құрады. Бензин өндіру 1,4 млн. тонна деңгейінде болса, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 132,5 пайызға тең болып отыр.