Өткен демалыс күндері республика жолдарында 15 адам мерт болып, 12 адам зардап шекті

АСТАНА. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат - Өткен сенбі және жексенбі күнгі демалыстарда Қазақстанның автожолдарында 15 адам қайтыс болып, тағы 12 адам түрлі дене жарақаттарын алды,

деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Ірі апаттардың қатарында желтоқсанның 5-і күні Алматы облысы Алматы-Бішкек автожолының 39-шы шақырымында «Мерседес» автокөлігінің аударылуы салдарынан 19 жастағы жасөспірім мен 10 және 7 жастағы балалардың  қазасымен аяқталған оқыс оқиға бар.

Осы күні сондай-ақ, Алматы-Моловодное-Есік автожолының 35-ші шақырымында «Ниссан» және «ГАЗ» автокөліктерінің соқтығысуы орын алып, оның салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның 58 жастағы жолаушысы оқиға орнында мерт болды.

Қарағанды облысы Қарағанды-Абай автожолының 5-ші шақырымында «Фольксваген» шағын автобусы мен «Ауди» автокөлігінің түйісуінен, «Аудидің» 39 жастағы жолаушысы алған жарақаттардан ауруханада жан тәсілім етсе, оның жүргізушісі мен 9 жастағы тағы бір жолаушысы және шағын абтобусқа мінген 5 жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Желтоқсанның 6-сы күні Алматы облысы Алматы-Ұзынағаш автожолының 56-шы шақырымында «Мерседес» автокөлігінің аударылуы салдарынан оның 41 жастағы жолаушысы сол орында өлім құшты, 34 жасар жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласы Полтавский көшесінің бойында сағат 17.10-да «Ауди» және «Лексус» автокөліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында, бірінші көліктің жолаушысы мерт болып, оны басқарған жүргізуші мен «Лексустың» жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті.