Өткен он айда жол қозғалысы ережесін сақтамауға байланысты 79 242 әкімшілік хаттама толтырылды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. 10 қараша. ҚазАқпарат/ Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының жол тәртіп сақшылары ағымдағы жылдың он айында жол қозғалысы ережесін сақтамауға байланысты 79 242 әкімшілік хаттама толтырған,

бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімінен салыстырғанда 4 705-ке артық.

Осы уақыт аралығында өңір жол бойларында 388 апатты жағдай тіркеліп, соның салдарынан 133 адам қаза тауып, 473-і әртүрлі дене жарақаттарын алып отыр. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жол апаты - 3,2, мерт болғандар - 12,8, жарақаттанғандар 15,7 пайызға кем.

Жол көлік апатының 334-і - жүргізушілерге, ал 11-і жаяу жүргіншілерге қатысты болған. Тәртіп сақшыларының жыл ішінде көлікті ішкілік ішіп жүргізген - 4 мың, жылдамдықты шамадан тыс арттырған - 11 602, қарсы бетке шығып кеткен - 820, қауіпсіздік белдігін тақпаған 5 978 жүргізушіге тиісті шара қолдануларына тура келген.