Өткен жылы Алматыда көзделген әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асты - қала әкімі

АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек / – Өткен жылы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қала алдына қойылған тиісті міндеттер, әсіресе әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асырылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Мәслихат депутаттарының форумында қала әкімі, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрағасы Ахметжан Есімов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қала әкімінің айтуынша, өткен жылдың бюджеті қиын жағдайға тап болған. «Біз бұл бағытта бюджетті әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламалар пайдасына қайта бөлдік. Бірде-бір денсаулық сақтау және білім беру бағдарламаларын қаржыландыру қысқартылған жоқ», деді А.Есімов. Нәтижесінде, барлық көзделген бағдарламалар орынды жүзеге асқан. Мәселен, Құлагер, Қалқаман, Ұлжан шағын аудандарында 3 мектеп пен 3 арнаулы мектепке қосалқы ғимарат пайдалануға берілген.Құлагер, Шаңырақ-1, Мамыр, Жетісу-2 аудандарында 4 балабақша мен Жұлдыз ықшам ауданында 1 аурухана іске қосылған. Бұл нысандардың іске қосылуы жақсы әлеуметтік әсер берген. Мектептер мен балабақшаларда 5 мыңнан астам оқушыға орын табылып, орын тапшылығын 17 пайызға азайтқан. Ал Жұлдыз шағын ауданындағы аурухана Түркісіб ауданының 30 мың адамына қызмет көрсетеді. «Бұл соңғы 17 жылдағы ең ірі денсаулық сақтау мекемесі. Оқу орындары мен аурухананың ашылуы 600 адамға жұмыс тауып берді», деді А.Есімов.