Өткен жылы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрамындағы компаниялардың сатып алулары 3,5 трлн. теңгеге жуықтады

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрамындағы компаниялардың сатып алулары 2010 жылы 3,5 трлн. теңгеге жуықтады.

Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының алқа мәжілісінде Басқарма мүшесі, Басқарушы директоры Қайрат Әйтекенов мәлім етті.

«Отандық өндірушілерді қолдаудың өте маңызды формаларының бірі - бұл ұлттық компаниялардың сатып алулары. Осыны шағын және орта бизнесті қолдаудың екінші тірегі деп айтуға болады. Бүгінде қордың ережесіне сәйкес сатып алуларды (қордың құрамына кіретін) 260 ұйым жүзеге асырады»,-деп атап өтті Қайрат Әйткенов.

Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдың қорытындысы бойынша сатып алулар туралы келісімшарттардың жалпы көлемі 3 трлн. 472 млрд. теңгеге жетті. Оның ішінде тауарлар бойынша 1,5 трлн. теңгеден астам, жасалған жұмыстар 928 млрд. теңгені, ал қызмет көрсетулер 880 млрд. теңгені құрады.

«2011 жылы сатып алулар көлемі 3,5 трлн. теңгеден асып түседі деп күтілуде. Оның ішінде 1 трлн. теңгеге жуығы тауарларды алуға жұмсалмақ»,-деді Қ. Әйтекенов.

Бүгінде отандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық тұрғысында оң тәжірибелер бар екеніне тоқталған ол, «биыл 96 қазақстандық машина құрылысы кәсіпорындарымен 70 млрд. теңгеге 443 келісім жасалды. Химия өнімін шығаратын 20 өндірушімен 25 млрд. теңгеге келісім бекітілді»,-деді.

Мониторинг нәтижесіне қарағанда, осы сатып алулардағы қазақстандық қамту 50 пайыздан асып отыр. Бұдан былай бұл көрсеткіштер ара түсетінін, сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімдер жасауға жаңа серпін берілетініне тоқталған Қ. Әйтекенов: «Негізгі басымдық ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа беріледі»,-деді.