«Өткеніңе қарап, ертеңіңді түзе» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

*** Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы өтті. Онда жауапты мемлекеттік органдардың «Халық тарих толқынында» бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ, жұмыс тобының бірінші және екінші отырыстарында қойылған міндеттерді іске асыру барысы қаралды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында үлкен мақала беріп отыр. Басылымның жазуынша, Президент тапсырмасына орай, тарих бағытында жұмыс бастағанымызға 100 күннен астам уақыт өтті. «Аз уақыт аралығында еліміздің барша тарихи қауымдастығы осы мемлекеттік маңызды жобаға жан-жақты атсалысып жатқанын көріп-біліп отырмыз. Ведомствоаралық жұмыс тобының алғашқы отырысынан бергі үш айдан астам уақыт ішінде біз бәріміз бірлесе ұлттық тарих ғылымын дамыту ісіне елеулі қозғау салдық деп ойлаймын», - деді Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин. Отырыстың күн тәртібі өте ауқымды болды. Алғашқы отырыс өткеннен бергі уақыттағы атқарылған істердің қорытындысын жариялаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің баяндамаларына қоса, уәкілетті мекемелер өкілдерінің төрт хабарламасы тыңдалды. Газеттің жазуынша, ұлттық тарихты зерделеу отандық БАҚ-та жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Осы жылдың 1 маусымынан 13 қыркүйекке дейінгі аралықта баспа БАҚ-тарында тарих тақырыбы бойынша барлығы 656 материал жарияланса, телеарналар эфирлерінде 489 сюжет шыққан. Сондай-ақ, ақпарат агенттіктерінің таспаларында 802 жаңалық хабарламалар орналастырылып, 50 баспасөз басылымы мен Интернет-ресурстарында қазақ тарихына арналған тақырыптық айдарлар қолданылған. Оған «Жалын», «Жұлдыз», «Нива-Простор» сияқты әдеби журналдар да тартылған, тіпті балаларға арналған «Балдырған» журналында да балалардың ой-өрісіне лайықталған айдар ашылған. Бұл мәліметтерді келтірген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед тарих мәселелері арнайы бағдарламалар, циклдік хабарлар шеңберінде жиі талқыланатынын, тіпті интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде іске асырылып жатқан шаралардың кеңінен талқылануы Қазақстан азаматтарының мемлекетіміздің өткенін зерделеуге, оның жалпы дүниежүзілік тарихи үдерістегі орнын түсінуге, өзінің тарихи түп-тамырын ұғынуға, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға қызығушылығын арттыратынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ, соңғы бес жыл көлемінде тарих тақырыбына арналып, мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан кітаптардың барлығы да жуырда ашылған тарихи порталға табыс етілгенін хабарлады. Мақала «Өткеніңе қарап, ертеңіңді түзе» деген тақырыппен берілген. Қазақстанның Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесіне қатысу дәстүрі бұдан кейін Испания Корольдігіндегі ЭКСПО-2008 - Сарагосада, Қытай Халық Республикасындағы ЭКСПО-2010 - Шанхайда, Оңтүстік Кореядағы ЭКСПО-2012 - Есуда жалғасын тапты. Алдын ала айта кететін болсақ, Испания Корольдігінде өткен осы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінде әлемнің 104 мемлекетінің ішінде Қазақстан павильоны «С» категориясы бойынша үшінші орынды иеленіп, қола жүлдені жеңіп алған еді, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Қазақстандық және әлемдік көрме» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, үш ай бойы, яғни 2008 жылғы 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Испания Корольдігінің Сарагоса қаласында ЭКСПО-2008 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрменің жалауы желбіреді. Сарагосада өткен көрменің 2005 жылы Жапонияда және 2010 жылы Қытайда өткен Бүкіләлемдік әмбебап жетістіктер көрмесінен ерекшелігі бар. Халықаралық көрмелер бюросының шешіміне сәйкес Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмелер әмбебап көрмелердің аралығында жалпы ұзақтығы үш ай мерзімге және шектеулі аумақта (25 гектардан артық емес), белгілі бір тақырып шеңберінде ғана өткізіледі. 2008 жылы Испания Корольдігіндегі Арагон автономиялық облысының астанасы Сарагоса қаласында өткізілген көрме нақ осындай мамандандырылған көрме болып табылады, оның басты тақырыбы «Су және тұрақты даму» деп аталды (сөз реті келгенде айта кететін болсақ, 2017 жылы Астана қаласында өтетін көрме де осындай маман­дандырылған көрмелер қатарына жатады). Жарты миллионнан астам тұрғындары бар Сарагоса қаласы Испаниядағы өнеркәсібі дамыған елдегі көлемі жағынан алтыншы орынды иеленетін қала. Мұнда тұрғындардың және туристердің жоғары сұранысына жауап беретін көлік инфрақұрылымы дамыған. Эбро жазығы есте қалар ерте кезеңнен-ақ қоныс тебуге қолайлы мекен болып келеді. Көне арагон диалектикасында сөйлейтін иберий тайпалары бұл жерді біздің эрамызға дейінгі дәуірлерде мекендеген. Пиреней түбегі оларға сырттан келетін жаулап алушылар үшін қорған болды. Алайда, Рим императоры Августаның мұздай қаруланған әскері ақыры арагондықтардың әскерін талқандап, біздің эрамызға дейінгі 27 жылы осы жерде «Император Августаның қаласы» Сарагосаның іргетасын қалады. Күні бүгінге дейін Сарагоса қаласында Рим дәуіріндегі қорғандардың сұлбасын көруге болады. «Сарагоса қаласында өткен мамандандырылған көрме де тарих парағына айналды. Алайда, көрме қалашығы күні бүгінге дейін мұнда келетін туристердің қызығушылығын туғызуда. Әсіресе, көрме қалашығы шеңберінде бой көтерген «Су мұнарасы» ерекше көз тартады. Архитектор Энрике де Тересаның шығармашылығы нәтижесінде дүниеге келген 78 метр биіктіктігі бар, сансыз су тамшыларын елестететін бұл мұнара толығымен шыныдан жасалған. «Су мұнарасы» Испанияда өткен ЭКСПО-2008 көрмесінің символына айналды. Еліміздің айбарына айналған ару Астанада осындай «Су мұнарасы» сияқты немесе 1889 жылғы Париж көрмесіндегі Густав Эйфельдің мұнарасы сияқты ЭКСПО-2017-нің қайталанбас символы бой көтеретіндігіне де сеніміміз зор», - деп ой түйеді мақала авторы. Қазақ руханиятына олжа салар тағы бір атаулы күн ел құлағын елең еткізері сөзсіз. Осы жылдың 28 қарашасында Мұхтар Әуезов мемориалдық музей-үйінің алғашқы келушілеріне есігін айқара ашқанына 50 жыл толғалы отыр. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің қасиетті ордасының мерейтойы құрметіне ертең М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты салтанатты мәжіліс өткізеді, деп жазады «Егемен Қазақстан». Осыған орай басылым тілшісі «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаевқа жолығып, әңгімелескен екен. Сұхбат «Ұлылық пен ұлағат ордасы» деген тақырыппен берілген. Д. Қонаевтың айтуынша, 1930 жылдардың басындағы «Қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты әділетсіз үкіммен екі жыл қамауда отырғаннан кейінгі Әуезовтің өмір жолы түгелдей Алматы қаласымен байланысты болды. 1938 жылға дейін Өзбек көшесіндегі (қазіргі Сейфуллин), одан 1951 жылға дейін отбасымен Калинин көшесіндегі, Абай атындағы опера және балет театрының қарсысындағы үйде тұрған. Театрдың қасындағы бау-бақта 1967 жылы қойылған Әуезов ескерткіші тұр. Ал үйдің қабырғасына Мұхтар Омарханұлының бейнесі бедерленген, осында тұрған жылдары көрсетілген ескерткіш тақта орнатылған. М.Әуезов әрқашан өз үйі болуын арман еткен. Сол арманын жүзеге асыру үшін 1949 жылы Г.Денякин деген кісіден шағын үйлі жер телімін сатып алады. Сосын үй бұзылып, қосымша қора-қопсылары тазартылып, құрылыс жүргізетін алаң дайын болады. Одан әрі Әуезов болашақ үйдің жобасын жасау үшін сәулетші Георгий Герасимовтың көмегіне жүгінеді. Ол өз ісінің шебері, тәп-тәуір суретші, кейінірек Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген құрылысшысы атағын алған екен. Осы Герасимовпен біріге отырып жазушы үйдің жобасын бірге ойластырған, сызбалар мен нобайларды да өзі сызған. Сайып келгенде, ол жобаның қосымша авторларының бірі болған. Құрылыс 1950 жылдың мамыр айында басталып, М.Әуезов ондағы жұмыстарды қатты қадағалап, жиі барып тұрған. Жеке үй-жайдың құрылысы 1951 жылы аяқталады. Өзінің мәскеулік досы, әдебиетші З.Кедринаға осы жылдың тамыз айында жазған хатында М.Әуезов маусымның соңында отбасының жаңа үйге көшіп кіргенін хабарлайды. Сөйтіп, Абай көшесіндегі (қазіргі Төлебаев) №159 мекен-жайындағы екі қабатты үйде ұлы жазушы өмірінің соңғы 10 жылы өтеді. «Уақыт алға жылжыған сайын әрбір ұрпақ ұлы жазушы мұрасының қаншалықты қымбат екеніне көз жеткізеді. Ойшыл да саңлақ жазушының туындылары, ұстаздық ұлағаты, өмір жолының өнегесі қаншалықты мол мағыналы болса, оны аялай сақтап, халқымыздың санасына жеткізудің өзі биік мәдениетті қажет ететін, қиын да күрделі, мәртебелі қызмет. Міне, осындай әрі абыройлы, әрі жауапкершілігі мол міндет жүктелген Мұхтар Әуезовтің мемориалдық мұражай-үйі өзінің 50 жылдық мерекесі күніне лайықты тартулармен, толымды нәтижелермен келді деп айта аламыз. Халық «Әуезов үйін» ұлылық пен ұлағат ордасы, қазақ руханиятының Меккесі деп қабылдайды. Өмір сүрген заманы алыстаған сайын жазушы рухы ұрпақ жүрегіне жақындай түсіп, оның өлмес мұрасына деген ел ықыласы, оқырман қызығушылығы бәсеңдемей, қайта өсе түскенін көру біз үшін зор мәртебе. Бұл алдағы уақытта бізге бұдан да жауапты міндеттер жүктейді. Біздің парыз сол міндеттің үдесінен шығу», - дейді мұражай директоры. *** Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті қабырғасында «Созидая будущее: сердцем и делами» жастар форумы өтті. Форумның ұйымдастырушылары - «Жас Отан» жастар қанаты мен республикалық жастар бірлестіктері, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Болашақ үшін жазылған доктрина» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, форумға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, «Қазақстанның жастар конгресі» ЗТҰ атқарушы директоры Роллан Құспан, «Қазақстан студенттер альянсы» Республикалық студенттер қозғалысының көшбасшысы Арман Абдоллаев, сондай-ақ саясат және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жас мамандар, жастар ұйымдарының өкілдері және жастар қатысты. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев осы жоғары оқу орнын 1967 жылы бітірген екен. Биылғы қазан айында университеттің 50 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Мерейтой қарсаңында оқу орнында Президенттің Теміртаудағы өмірінің үш қыры: студенттік, еңбек жылдары және қоғамдық-саяси қызметі көрсетілген жаңартылған мұражай ашылатын көрінеді. Форумға қатысушылар Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің мұражайын тамашалады. Форумның ашылуында жастар ұйымдарының өкілдері ұрпақтар сабақтастығы жөнінде айтып, оның «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси Доктринасында айқындалғандығын ескере кетті. Өз сөзінде Бауыржан Байбек: «Доктринаның әр тезисі болашақ үшін жазылған, ал болашақ - прогрессивті және бәсекеге қабілетті жастар. Партия жас қазақстандықтарға үміт артады, себебі қазіргі жастар біздің бүгінгі бастамаларымызды жүзеге асырады» деді. Сонымен қатар «Егер сіздер мемлекетіміздің келешегін кемелдендіру, болашағын баянды етуге талпынсаңыздар «Жас Отан» жастар қанатына шақырамыз. Бұл өзін танытудың, күш-жігерін пайымдаудың, лидерлік қырларын танытудың үлкен мүмкіндігі» деп форумға қатысушыларға ой тастады. Баяғыда «шетелде байлардың жеке ұшағы болады екен» деп таңғалушы едік. Ал бүгінде Қазақстанда жеке ұшағы барларға бала екеш баланы да таңғалдыру мүмкін емес. Бұл туралы «Айқын» газеті «Аспандағы алтын сарай» алпауыттар үшін түк емес» деген тақырыппен берілген мақаласында жазып отыр. Басылымның атап өтуінше, жұртты енді байлардың бұрынғыдай ішіп-жегені мен киінгені, яғни жердегі өмірі емес, аспандағы өмірі қызықтыратын болған.Әлемнің қалаған нүктесінен төрт-бес қабатты вилла сатып алудың, кез келген байдың өзі міне алмайтын аса қымбат көлік мінудің, платина мен бриллиант сағат тағудың алпауыт қазақтар үшін түк те қызығы болмай қалды. Олардың ендігі модасы - жеке ұшақ (бизнес-джет). Ал ондай ұшақта не жоқ дейсіз: мақпал кілем, пальма ағашы, қымбат былғары креслолар. Ұзақ жолда кең диванға көміліп ұйықтап барады. Жуынатын душы бар бөлме, мейрамхана, кинотеатр, шағын бассейн, жаттығу залы, компьютермен жарақтанған жұмыс кабинетінен бөлек, конференц-залына дейін болады. Оққағарлары мен қызметшілеріне де қолайлы жағдай жасалған. Тап бір аспан әлемін билеушінің ғарыш кемесінің кабинасы дерсің. Дәлірек айтсақ - «ұшатын алтын сарай». Шетелдегідей резиденциясының қасынан ұшып-қонып, тікұшақ қонатын алаңқайы үйінің қақ төбесінде болмағанмен, оңаша қойнаудағы үйінің жанына екі-үш шақырым әуежолын төсеп тастағандар біздің елде де жоқ емес. «Дәл осындай жеке ұшағы жоқ бай-бағыландар оны кез келген уақытта жалға алып, әлемнің бір түкпіріндегі экзотикалық аралға «айт шүу, қарагер!» деп тартып кете алатын күн туды. Мұндай ВИП-ұшақтар мен тіккұшақтар қазақ елінде қалтасы қалыңдарға қызмет көрсетуге сақадай-сай. Тек қомақты ақшаң болсын! Әрине, шетелдегідей жекеменшік авиация дами қоймағанмен, талпыныстар жүріп жатыр. Көршілес Ресейде 158 реактивті бизнес-ұшақ тіркелсе, Қазақстанда әзірге 15 шақтысы тіркеуде деседі», - дейді автор. Белоруссияның президенті Александр Лукашенко марқұм Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың тақымынан қалған «Боинг-767» әуе көлігін ерттеп мінеді. Мұндай ұшақтың бағасы 124 миллион доллардан кем тұрмайды екен. Брунейдің сұлтанынікі секілді ұшақ салоны тұтас алтынмен апталмағанмен, қымбат тастар мен металдармен әрленген көрінеді. Ресей президенті Путиннің бірнеше ұшағы бар. Сол көп ұшақтың бірінде Путин шоқынатын икона ілінген, Библия тұратын бөлмесі де бар десе-ді. Путиннің ұшақтарының құны шамамен 300 миллион долларға дейін барса, орыстың атышулы олигархы Роман Абрамовичтің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі орнатылған жеке ұшағының құны бір миллиард доллар тұрады десе-ді. Мұндай ұшақпен Абрамовичке Чукотка мен Лондонның арасында қалай сайран салса да жарасады, әрине. Олигархтардан бүгінде орыстың бай сенаторлары мен депутаттары, Пугачева секілді жұлдыздар мен шоубизнестің атақтылары да жеке ұшаққа мініп жарысудан қалысар емес. «Ақшаңыз болса, Қазақстанда сіз үшін жеке ұшақты брондап қойып, кез келген уақытта, дүниенің кез келген нүктесіне ұшып кете аласыз. Адам лық толы терминал, қауіпсіздікті ұзақ тексеру дегендердің бірде-біреуі болмайды. Сондай-ақ қаласаңыз, кез келген шетелде, болмаса алыс қалада, ұшақтан түсер баспалдақта, сізді жеке жүргізушісі бар лимузин күтіп тұратын болады. Қаласаңыз әуежайға тікұшақпен жеткізеді. Сондықтан ақ жағалылар елімізден ұрлап-жырлаған алтындарын алаңсыз тиеп алып, әуежайдан жеке терминал арқылы шетелдерге тал түсте табанын жалтыратып жатса, түк те таңғалуға болмайтын шығар. Алматының түбіндегі Боралдай аэродромынан қалаған тікұшағыңызға мініп, Іле Алатауының ақбас шыңдарын шарлауға, Алакөл асуға, Балқашты барлап қайтуға, Түрген мен Көлсайға, Шарын шатқалына шауып кетуге кез келген уақытта жол ашық. Төрт адамдық тікұшақтың бір сағаттық ұшу бағасы шамамен 150-200 мың теңге десе-ді білетіндер», - деген ой түйеді автор. *** Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен жаңа оқу жылының басында іске қосылған «Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде» болды. Жаңа мектепте аймақтағы білім саласын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан бағдарлама жөнінде әңгіме қозғалды, деп жазады «Дала мен қала» гезеті «Сыр сипаты» атты бас мақаласында. Басылымның жазуынша, республика бойынша 14-ші болып есігін айқара ашқан айтулы оқу орны биылғы жылы озат 553 оқушыны қабылдады. Мектеп жаңа компьютерлік жүйемен, мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті тақталар­мен, инновациялық бағдарламалық жүйемен жабдықталған. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Қызылорда қаласында биылғы жылы жазда абаттандыру және көгалдандыру бағытында жүргізілген жұмыстармен танысты. Мұнан соң Елбасы жаңадан салынған «Мұз айдыны» спорттық-сауықтыру кешенін көрді. Аймақ табиғаты жазда ыстық болса да жастардың мұз айдынында спортпен шұғылдануына жағдай жасау көзделгені айтпаса да түсінікті. Жалпы аумағы 7985 шаршы метр болатын кешенде хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек секілді қысқы спорт түрлерін аймақта дамытуға мүмкіндік береді. Спортсүйер жастар сонымен қатар мұнда гандбол, волейбол, баскетбол, күрес және көркем гимнастика секциясына қатыса алады. Осы спорт кешенінде Қазақстан Президенті екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин бастаған облыс спортшыларымен кездесті. Одан кейін Мемлекет басшысы «Бастау» бизнес орталығында облыстың түрлі салада еңбек етуші азаматтарымен, активімен бетпе-бет жүздесу жасады. Жүздесу алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық жолаушылар терминалының жобасы таныстырылды. Жалпы аумағы 9200 шаршы метр болатын жаңа әуежай халықаралық стандарттарға сәйкес салынбақ. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын 2014 жылдың күзіне дейін аяқтау көзделген. Бұл әуежайдағы ұшақтардың ұшып-қону алаңы 3 жыл бұрын қайта жаңғыртудан өтіп, халықаралық талаптарға сәйкестендірілген. Осы басқосуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің өзекті мәселелеріне тоқталып, «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы Стратегиясы» құжатының негізгі бағыттарымен таныстырды. Елбасы ауыл шаруашылығы саласына қатысты сын-ескертпесін қадап айтты. - Қызылорда облысы - еліміз бойынша 90 пайыз күрішті өсіретін аймақ. Алайда, Вьетнам күрішінен өзіндік құны үш есе қымбат өнім бізге неге керек. Күріш технологиясы ғылыми негізге сай дамымаса, оған шығындалған мол су ресурсын мал шаруашылығына бұру қажет шығар. Сондай-ақ, өңірде ежелден қалыптасқан бау-бақша, көкөніс өсіруді де өркендеткен жөн. Мен Аралдан Жаңақорғанға дейін аралап көргенмін. Шалқия металлургиясын, оның ішінде ванадий өндірісін қолға алу керек. Рас, бүгінгі таңда Қызылорда облысында жақсы жұмыстар бар, әлі де дамыту бағытындағы жобалар жеткілікті. Оны орындауда ел азаматтарына сенемін, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.