«Ойбай «озоннан» басталады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 11 сәуір, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында қазақтың әйгілі батыр қызы Мәншүк Мәметова туралы табылған тың деректер ұсынылып отыр. «Мәншүк Мәметова. Көне дерекке жаңа көзқарас» атты мақала оны көз жұмар алдында 5-10 минут бұрын көрген соғыс ардагерімен сұхбаттан, сонымен қатар Мәншүктің балғын балалық шағына жалғыз куә - жеңгесі Майра Мәметова апаймен әңгімеден туған толымды зерттеу дүние деп айтуға болады.

«Соғыстың да соғысы бар. Егер, Мәншүк 100-ші бригадада болмай, басқа ортаға түскенде, жағдайы әлдеқандай болатыны және белгісіз еді. Негізінен ұлттық, яғни қазақ бауырларынан, басшылары да өз ағайындары болғандықтан олар Мәншүкке қорған бола білген, әрқашан жанашырлықпен қараған. Сондықтан да оны үнемі штабта ұстауға тырысқан. «Ортамыздағы жалғыз қаракөз қарындасымызды оққа ұшырып алсақ, елге не бетімізбен қараймыз, бір қызға қараған ештеңе жоқ», деседі екен. Сөйтсе де Мәншүк өжеттігінің арқасында туасы көрмеген бар қаруды бес саусағындай үйреніп алады. Үздік пулеметші атанып қоймай, аз уақытта бөлімшенің командирі, батальон комсомол комитетінің жетекшісі болады, әскери шені сержантқа дейін көтеріледі. Соның негізінде Мәншүк Невель қаласының түбіндегі Изочи стансасы үшін қантөгісте өзінің кім екенін тарих бетіне қанымен жазып кетті. Оның басынан бақайшағына дейін қаруланған көп жауға жалғыз өзі қарсы тұрып, алға жылжытпай жер бауырлатуы көзсіз батырлық еді. Соғыстың заңы, денеңнен қан шыққан жарақат алсаң, ұрысты тастап, кейін қайтуға рұқсат. Мәншүк басынан жараланса да: «Сендер бара беріңдер, мен қалмасам сендер шепке жете алмайсыңдар», деп жалғыз өзі жолдастарынан қалып, көпе-көрінеу ажалмен бетпе-бет келіп, жанын құрбандыққа шалуы - ерліктің ерлігі», - делінеді мақалада.

***

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үй» және басқа да интерактивті өнімдердің тұсаукесер рәсімі өтті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ұлықтауға лайық ұлттық құндылық» атты мақалада.

Мақалада атап көрсетілгеніндей, шара шеңберінде министрлік тарапынан шығарылған оқу-әдістемелік құралдардың, көркем және аударма кітаптардың, балаларға арналған әдебиеттердің, сөздіктердің көрмесі де ұйымдастырылған.

Таяуда ғана Мәдениет министрі болып тағайындалған Арыстанбек Мұхамедиұлы айтулы шара барысында таныстырылған қызық дүниелердің бірі «Электронды қазақ үйі». Киелі қазақ үйінің кішірейтілген нұсқасының ішіне бесік жыры, ертегілер, балалар әндері, халық және халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухты көтеретін айтулы дүниелер, Абайдың 45 қара сөзі енгізіліпті.

***

«Қазақстанға қарсы Батыс экономикалық санкциялар енгізуі мүмкін», деп хабарлайды «Айқын» басылымы «Ойбай «озоннан» басталады» атты мақалада.

«Бұл туралы кеше Парламентте Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров ескертті. Сондықтан еліміз тоңазытқыштар мен ауабаптауыштарға қатысты халықаралық құжатты ратификациялауға ұйғарыпты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыста сенаторлар «Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль Хаттамасына 1999 жылғы 3 желтоқсанда, Бейжіңде қабылданған Түзетуді» бекітті. Сөйтсе, тоңазытқыштар мен кондиционерлерде озон қабатын ыдырататын улы заттар қолданылады екен. Егер бұл Түзетуді құптамаса, Қазақстандағы осы саладағы кәсіпорындар дағдарады», - деп жазады басылым.

Газетте атап көрсетілгеніндей, қазіргі кезде Бейжің Түзетуін әлемдегі 194 мемлекет ратификациялап болыпты. Тек 3 ел ғана қосылмаған, бұлар - Қазақстан, Ливия, Мавритания.

Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстан осы Түзетудің қатысушысы болмағандықтан, Кеден одағы аясында Ресей мен Беларусь озон қабатын бұзатын заттардың саудасы бойынша елімізге қарсы шектеу енгізуге міндетті болып отыр. Толығырақ, «Айқын» газетінде оқи аласыздар.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында мұнай нарығындағы ахуалға қатысты «Қара алтын» қашан құлдырайды?» деген тақырыппен сараптамалық материал жарық көрді.

«Сарапшылардың болжамы бойынша мұнай бағасы биылғы маусым айына дейін біраз төмендейтін сыңайлы. Болжам жасаушылардың сөзіне қарағанда тіпті оның бір баррелі 70-80 долларға дейін құлдырауы мүмкін», - делінген мақалада.

АҚШ сарапшыларының айтуынша, дәстүрлі емес мұнай көздерін ашудың соңы алдағы бес жыл көлемінде қазіргі мұнай бағасын 100 доллардан 75 долларға дейін түсіреді. Жалпы, мұнай-газға деген сұраныс құрылымына баламалы энергия көздерін жаппай пайдалану өзгерістер енгізеді деп күтілуде. Нәтижесінде әлемде мұнай өзінің нақты бағасына түсіп, одан қайтып ауытқымауы керек деген болжамдар да бар.

***

«Түркістан» басылымы соңғы кезде апатты жағдайлары жиілеп кеткен атышулы «СКАТ» әуекомпаниясының сүреңсіз жұмысына қатысты сыни мақала жариялап отыр. «СКАТ» СЫНАҚ ЖАСАУҒА КӨШТІ МЕ?» деп аталатын материалда Азаматтық авиация комитеті әуе компаниясына қатаң тексеріс жүргізуді бастағандығын мәлім еткен.

«Тексеріс барысында әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуі де басты назарға алынады. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұхтыбаев: «Компания жоспарлы, сондай-ақ кезектен тыс инспекциялық тексерістерден өтіп жатыр. Айта кетейін, бұған дейінгі тексеру жоспарға сәйкес өткен. Енді жоспардан тыс тексеріс өткізбекпіз. Оған Азаматтық авиация комитетімен қатар өзге де құзырлы мекеменің мамандары тартылатын болады», - деді. Бұл оқиғаға байланысты «темiржол, әуе немесе су көлiк қозғалысы мен қауiпсiздiк ережелерiн бұзғаны үшін» Қылмыстық кодекстің 295-бабы, 4-тармағы бойынша іс қозғалды», - деп жазылған мақалада.

***

«Еуразиялық экономикалық одақты құруға алып келе жатқан Еуразиялық ықпалдастық Қазақстан мүддесіне толық сай келеді», деп жазады «Казахстанская правда» басылымы.

«Мамандардың пікірінше, Еуразиялық экономикалық кеңістіктің қатысушы елдері ықпалдастық саласында үлкен жетістіктерге жетті. Ұлттық экономикалардың бірігуі ауқымды жаңа мүмкіндіктер туғызып, Қазақстанда, Беларусьта және Ресейде инвестициялық климатты жақсартады. Бұл түптеп келгенде, бизнестің дамуына оң жағдайлар жасап, өнеркәсіптік қуаттың артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына септеседі», - деп жазылған «Евразийское будущее закладывается сегодня» атты мақалада.