Ойсылқараның бабын тапқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының Көксу ауданында ауыл шаруашылығының арқасында ауылдастарының алдынан көрініп, кәсіпкерліктің көрігін қыздырып отырғандар баршылық.

Солардың арасында атакәсіптің ажарын ашып, бағын тасытып, төрт түлікті күтіп-бағудың нәтижесінде бала-шағасын қатардан қалдырмай, ұлттық тағамдарды кеңінен насихаттап жүрген жерлестеріміз де кездеседі, деп жазады «Айқын». 

 Ел аузында айтылатын: «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген тәмсілге тамсана отырып, сондай шаруақор жандарды көріп қайтуға бел буған едік. Аудандық әкімдіктегі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына жауапты тұлғалар өтінішімізді құп көріп, Жетіжал ауылында түйе өсіріп, Балпық би кентінен шұбатхана ашып, жерлестерін шипалы сусынмен, қазақтың дәмді тағамдарымен тамсандырып отырған «Мейрамбек» шаруа қожалығының жұмысымен таныстырды. 

Бізге ең алдымен Мейрамбектің кішіпейілдігі, қарапайымдылығы жақсы әсер етті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында біраз жетістікті бағындырып, көпшіліктің құрметіне бөленгенімен, осы дәрежеге жеткенше басынан өткен қиындықтарды айтқанда, табыстың оңай жолмен қолға ілікпейтініне көзіміз жете түсті. Басында өзімізге шұбат болсын деп 1-2 сауын түйе ұстағаны, кейіннен осы кәсіпті түбегейлі таңдап, Жетіжал ауылынан түйе бағатын жер алып, ойсылқараның сүтті тұқымын өсіріп, еңбегін еселей түскені кім-кімге болса да үлгі боларлық екені анық. 
Түйе әдетте бір және екі өркешті болып бөлінеді. Бір өркешті түрі, негізінен, араб тұқымдас болса, екі өркештісі Ресейдің Астраханында, Қалмақ Республикасында және Қытайдың батыс аймағында көп өсіріледі. Ал Мейрамбек бір өркешті түйе өсіруді таңдапты. Өйткені  ойсыл­қара­ның осы аталған тұқымы шөп талғамайды, өзге мал жемейтін шеңгел, бұталарды, ақ тікенекті азық ете береді. Құмдауыт жерде өсетін жыңғыл мен сексеуілді, сортаң да құрғақ жердегі шөптерді де жейді. Оған әуе айналып жерге түсетін 40 градус ыстық та түк емес, 40 градустық аязда да қалтырай қоймайды. Жайылып, өз жемін өзі тауып жеп, жүре береді. Дауыл, боранды күндері ықтасын іздемейді. Осы орайда Жетіжал өңірінің тура сондай түйе өсіруге керемет қолайлы екенін де айта кеткен жөн. Елді мекеннің бір жағы жатаған төбелерге жалғасып, екінші жағы құмды алқапқа кірігіп тұрады. Айта кетерлігі, бір өркешті түйелерге судың да қажеті шамалы. Апталап, айлап су ішпей жүре береді. Су ащы не тұщы болса да бәрібір. Талғамайды. Мейрамбектің айтуынша, Жетіжалдың ылғалды, сазды алқабы да аруаналарға үйлесімді. Өрнекті өңірдің шөбі ерте көктемде қаулап өскенімен, жаздың басындағы аптап ыстықта қурап қалатындығы да басқа түлікке қарағанда түйе өсіруге ыңғайлы. Оны шаруашылық иесі ойсылқара өсірумен айналысқан 10 жылға жуық уақыт ішінде байқап, бағамдап үлгеріпті. Ал түйе түлігінің қасиеті жайлы да айтары көп.

- Түйе сүтінің сапасы жоғары. Алғашқы сауған саумал сүт кезінен бастап, әбден ашыған шұбатқа дейінгісінің барлығы ем. Ғалымдардың дәлелдеуінше, түйе сүтінен дайындалған шұбат құрт ауруына, қаназдыққа, асқазан, ішек ауруларына, сусамыр ауруларына таптырмас ем. Оны ұдайы ішкен жанға жұқпалы аурулар да жоламайды. Түйенің жүні қойдікіне қарағанда сапалы әрі құнды. Ата-бабаларымыз түйе жүнінен шекпен тоқып киген. Киіз үйдің керегелерін ойсылқараның жүнімен көктеген. Қымыз құятын сабаны түйенің мойын терісінен жасаған. Түйе сүтінен май шайқап, айран ұйытуға да болады. Құрт, ірімшік те жасайды. Бәрі де дәмді, адам ағзасына таптырмайтын азық. Алайда біз қазір тұтынушыларды шұбаттың өзімен жеткілікті түрде қамти алмай отырмыз. Сұраныс көп. Тіпті саумал мен шұбатты емдеу орындарының өзі арнайы тапсырыспен алып жатады. Екі-үш күн бұрын берілген тапсырыстың өзін уақытында қамдай алмайтынымыз бар. Бағасы да қалыпты. Литрін 600 теңгеден саудалап келеміз, - дейді Мейрамбек Отарбай.
Түйе өсіру - атакәсіп әрі күнделікті нәсіп. Жас жігіт кәсібін дөңгелетумен қатар оншақты адамға тұрақты жұмыс беріп, өзімен бірге олардың да нәпақасын айырып келеді. 
- Әдетте бір өркешті түйе жуас келеді. Оны кез келген адам еркін сауа береді. Інгендер өз иесін жақсы таниды. Сауыншыларды боталары да біледі. Аруаналарды сауатын кезде боталарды қораға қамап, бөлектеудің қажеті жоқ. Күніне 3 уақыт сауылатын 30 түйені екі адам сауып үлгереміз, - дейді түйеші әрі сауыншы Айтнұр Үсейінбекұлы.
Жас кәсіпкердің игі бастамасының өміршеңдігін байқаған аудан әкімшілігі мен кәсіпкерлікті қолдау палатасы оған мүмкін болған қолдау мен көмекті қажетінше көрсетіп отырған көрінеді. Соның арқасында Жетіжал ауылынан шаруа қожалығын құруға ыңғайлы жер телімі мен түйе өсіруге 500, оның азығын дайындауға 15 гектар суармалы жер берілген екен. Сонымен бірге Балпық би кентіндегі орталық саябақтың маңынан, кәсіпке ыңғайлы жерден шұбатхана ашып, тіршілік жасауға да қолдау жасапты. Шұбатхананың бар тіршілігі зайыбы Нәзигүл Мақайқызының мойнында. Қазір осы жерге киіз үй тігіп, шұбатпен қоса түрлі ұлттық тағамдар сатып, жұмысын жүргізіп отыр. Күн өткен сайын оның өніміне сұраныс артуда.