Ойыншықтардың қауіпсіздігі мәселесі талқыланды - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Петропавлда мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі» және «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенттерін іске асыру мәселелері тақырыбында республикалық семинар болып өтті.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жиын барысында негізінен 2011 жылғы 23 қыркүйекте Кеден одағы комиссиясының шешімдеріне сай қабылданған, «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» және «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенттерін іске асыру жоспары талқыланды. Аталған техникалық регламенттер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін болады. Сондай-ақ шара аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдер мен ойыншықтардың қауіпсіздігін зертханалық бақылау әдістері жайында да сөз болды.

Семинарға мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының қызметкерлері, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өкілдері қатысты.