Қызметкерлердің 46%-ы жұмыстан шығуға мәжбүр болған – депутаттық сауал

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі ірі ұйымдарда бір жылдың ішінде қол астындағы қызметкерлердің 30%-нан астамы жұмыстан шыққан жағдайда бірінші басшыға әкімшілік жауапкершілік тағайындау, ал 50%-ы жұмыстан шыққан жағдайда басшыны қызметінен босату ұсынылды. Бүгін Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау қызметкерлердің жаппай жұмыстан кету проблемасын көтерді.

Фото: Мәжілс

«Қазақстанда, кадр тапшылығы өткір мәселе, 2030 жылға қарай мамандарға деген қажеттілік 1 млн 800 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Қоғамда дәл осындай күрделі мәселе барда, жұмысшылардың қызметінен жаппай босатылып жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл мәселені жаңалықтар да жарыса айтуда, мұндай жағдайға тап болған жұмысшылар әлеуметтік желілерде қорған сұрап, үндеу жолдауда, алайда құзырлы органдар әрекетсіз отыр. Бірқатар үндеудің негізінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресурстарды басқару жүйесінің базасынан нақты мәліметтерді сұратып, мынадай жағдайларды анықтадық. Бір жылдың көлемінде Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында 398 адам, №10 қалалық емханасында 121 адам, №30 қалалық емханасында 90 адам және Көкшетаудағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасында 153 адам жұмыстан кеткен», - деді Нұргүл Тау Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдай отырып. 

Халық қалаулысының айтуынша, жаппай жұмыстан кетуге жаңа басшының келуі мен қысымның күшеюі себеп. 

«Сірә, қызметкерлерді жұмыстан шығарудың тиімді тәсілі – қысым көрсету болса керек. Аймақтарға жұмыс сапарым барысында дәл осындай жағдайға байланысты, бір топ азаматтармен кездестім. Нақты айтқанда, Алматы қаласы Кардиологиялық орталығында зейнет жасындағы жаңа басшының келуімен министрліктің базасынан алынған мәліметтерге сәйкес 1 жылдың ішінде 218 маман жұмыстан шыққан. Олардың қатарында білікті кардиохирургтар, 15-20 жылдан астам қызмет еткен тәжірибелі дәрігерлер, зейнет жасына таяған мамандар, техникалық қызметкерлер бар. Түрлі қысым көріп жұмыстан шыққан ақ халатты жандар уәкілетті органдарға ұжымдық хат жолдаған, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат та берген. Осы істің мән-жайын анықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тексеруді ұсындым. Министрлік жүргізген анонимді сауалнама нәтижесінде қызметінен өз еркімен босатылған қызметкерлердің 46%-ы жұмыстан шығуға мәжбүр болғандығы анықталған. Үш азамат статьямен жұмыстан кетіп, сот шешімі арқылы жұмысқа қайта орналасты. Өзге де анықталған құқықбұзушылықтар бойынша мекемеге ескерту беріліп, бар жоғы 110 мың теңге ғана әкімшілік айыппұл салынған», - дейді ол. 

Мәжіліс депутатының мәліметінше, аталған жайт денсаулық сақтау, білім беру секілді мемлекеттік және бюджеттік салаларда жиі кездеседі. 

Одан әрі Нұргүл Тау мәселені шешу жолдарын ұсынды: 

  • Біріншіден, ірі ұйымдарда бір жылдың көлемінде қол астындағы жұмысшылардың 30%-нан астамы жұмыстан шыққан жағдайда бірінші басшыға әкімшілік жауапкершілік тағайындау, сондай-ақ 50%-ы жұмыстан шыққан жағдайда басшыны лауазымдық қызметінен босату ұсынылады. Жағдай қайталанбауы үшін басшы өзімен бірге командасын ертіп жүруін тоқтатуға бағытталуы керек; 
  • Екіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыстан жаппай шығу немесе шығару жағдайларының есебін жүргізуі, тиімді тексеріс өткізу әдістерін әзірлеуі және қолданысқа енгізуі керек. Себебі, қазір статистика да, нәтижелі тексеріс те жүргізіліп жатқан жоқ; 
  • Үшіншіден, басшыға зейнет жасына таяған қызметкермен еңбек шартын жасасудан негізсіз бас тартқаны немесе тоқтатқаны үшін жауапкершілікті көздеу керек; 
  • Төртіншіден, кәсіподақ қызметін жетілдіру керек. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіподақтардың қызметіне қатысты ашықтықты және нәтижелілікті арттыратын тетіктерді енгізуі қажет. 

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев шаруалардың проблемасын көтеріп, астық экспорттауға берілетін субсидияның ашықтығына алаңдаушылық танытты