Өз көлігін ұрлап, несие төлеуден жалтарған азаматтың қылмыстық ісі әшкереленді

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ақтөбе қаласының 40 жастағы тұрғыны кепілдікте тұрған өз көлігін ұрлауды ұйымдастырып, оны сату арқылы пайда көргісі келген. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Оның мәліметі бойынша, өткен жылдың қараша айында Орал қаласының полиция бөліміне Ақтөбе қаласының 40 жастағы тұрғыны арызданып, оның 5,5 миллион теңге тұратын «Тойота Прадо» автомашинасын ұрлап кеткені туралы хабарлаған болатын. Шұғыл-тергеу амалдары барысында көлік ұрлауды иесінің өзі ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұл машинаны Орал қаласындағы екінші деңгейлі банктердің бірінен несиеге алып, кейінгі уақытта қарызды қайтара алмағандықтан, көлікті сату мақсатында ұрлау фактісін ұйымдастырған. «Оны полиция қызметкерлері өткен аптада ұстады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді Қ.Жұманов.