ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Республикасының Орталық банкі қазіргі таңда мемлекет аумағында банктердің ескі үлгідегі 100 АҚШ доллары банкноттарын (2009 жылға дейін шығарылған) сату-сатып алу операциялары еш қиындықсыз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі UzAға сілтеме жасап.
Сондай-ақ, банк ескі үлгідегі 100 долларлық банкноттардың ешбір мемлекет шотындағы заңды төлем құралы ретіндегі мәртебесі өзгермегенін мәлімдеді.
Өзбекстан Орталық банкі халықты және кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік желілерде тарап жатқан тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.
Сондай-ақ, коммерциялық банктердің валюта айырбастау пункттерінде ескі үлгідегі 100 АҚШ доллары банкноттарын қабылдау кезінде қиындықтар туындаса, Орталық банктің «Жедел желі» байланыс нөміріне (71 200-00-44) немесе аймақтық бөлімшелеріне хабарласуға болатыны айтылған.
Өз кезегінде Өзбекстан Орталық банкі осыған байланысты жағдайды үнемі қадағалап отырғанын айтады.
Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының «Валюталық реттеу туралы» Заңына сәйкес, резиденттер мен бейрезиденттердің мемлекет аумағында шетел валютасын сатып алу және сатуы тек жергілікті банктер арқылы жүзеге асатынын ескертеді.
Еске сала кетейік, Өзбекстанға ақша аударымдары өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға өскені жайлы жазған едік.
Бекабат Узаков
Бекабат Узаков(Бегабат Ұзақов) Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты. Шығармалары 1987 жылдан бастап баспасөзде жарияланады. Бірнеше прозалық кітаптардың авторы. Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Туындылары мен өмірбаяны Қазақстанда қазақ тілінен басқа тілдерде оқытатын мектептердің 7-сыныбына арналған “Қазақ тілі және әдебиетінде”, Өзбекстанда ЖОО-ларға арналған оқулықта оқытылуда. 2023 жылы жазушының 50 жасқа толуына орай “Биікке беттеген Бегабат” атты кітап жарық көрді. Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қазақстан мерзімді басылымдарында қызмет еткен. 2021 жылдан бері “ҚазАқпарат” халықаралық ақпарат агенттігінде шығарушы редактор.