Өзбекстанда ұсталған сегіз кәмелетке толмаған бала 30 шілдеге қарай елге қайтарылады

ТАШКЕНТ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - 30 шілдеге қарай Өзбекстанда ұсталған қазақстандық сегіз бала елге қайтарылады. Бұл туралы агенттіктің тілшісіне Өзбекстан Республикасындағы ҚР Елшілігінің консулы Бабыр Дәуренбек мәлім етті.

Сондай-ақ Өзбекстандағы ҚР Елшілігінің көмегімен бүгін күннің екінші жартысында ұсталған балаларды ата-аналарымен кездестіру ұйымдастырылмақшы.

Жұма, 29 шілде күні Б.Дәуренбек тиісті консулдық көмек көрсету үшін ұсталған төрт ересек азаматпен кездесу өткізбекші. Қазақстанның бұл азаматтары тергеу амалдары мен сотты күтетін болады. Алдын ала болжам бойынша, мәселе айыппұл төлеу жолымен шешіледі. Өзбекстандық шекарашылар ұстаған жерлестеріміздің бірінен 100 оғы бар «Сайга» маркалы аңшы мылтығының табылуы істі қиындатып отыр.

Оңтүстік Қазақстанның тауларында 12 туристің жоғалып кеткені, олардың төртеуі - ересек, қалған сегізі - кәмелетке толмағандар екені бұған дейін хабарланған болатын. Шымкенттен шыққан топ Сайрам шыңына көтерілмек болған, алайда Қазақстан азаматтары 14 шілде күні Өзбекстан аумағында ұсталған.

Қазір ересек төртеу Ташкент облысының Қыбырай қаласындағы Оңалту орталығында отыр. Ал кәмелетке толмағандар осы облыстың Янгиюль қаласындағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы мекемеде. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес.