Конференцияда Ресей, Татарстан, Өзбекстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тарихшылар «Алаш» қозғалысы туралы архивтік қорлардағы құжаттарды таныстырды.
Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің аға ғылыми қызметкері Шахида Давудованың айтуынша, қазіргі таңда Өзбекстандағы архивте Түркістан өлкесі бойынша құнды материалдар сақтаулы тұр.
«Бақытжан Қаратаевтың өзінің досына, «Алаш» партиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановқа жазған хаттары бар. Онда Б.Қаратаев татарлардың жаңа өмірге бет бұрғанын, олардың соңынан қырғыздар (қазақтар - авт.) да өз жері үшін оянуға тиіс екендігін атап өтеді. Хаттың соңында: «Мүмкін, мен қателесіп отырған шығармын. Менің хатыма жауап жазуыңды сұраймын. Сенің Чедерти ісіне қатысты пікіріңді құрметтеймін. Қырғыздарға жер мәселесі бойынша қалай көмектесуге болатынын жазшы», - деп кеңес сұрайды Б.Қаратаев. Сонымен қатар, Түркістан аудандық қорғау бөлімінің жалпы қорында «Алаш» қозғалысының қалыптасуына, дамуына және Түркістандағы түрлі саяси ұйымдардың қызметіне қатысты көптеген құнды құжаттар табылды», - деп түсіндірді Шахида Давудова.
Шахида Хайдарқызы Өзбекстан архивінде Ресей империясының мұсылман халқы мен олардың көшбасшыларына қатысты саясатын сипаттайтын бағалы материалдар да кездесетінін атап өтті.
«Мысалы, Барлыбек Сыртанов, Отыншы Әлжанов пен Тұрсынбай Саурамбаевтың үйін тінту мақсаты туралы құжаттар да сақталған. Сонымен қатар, архивтің қорында 1911 жылдың 28 қарашасындағы Тыңшылық бөлімінің басшысы Склюевтің Б.Сыртановтың Петербургке баруы үшін әр қырғыз болысынан ақша жинау туралы агентуралық деректерді алғаны жайлы хаттама бар. Архивтік құжаттарда «Алаш» партиясы мүшесінің атына жолданған хаттар да жоқ емес. Мысалы, инженер Мұхамеджан Тынышпаевтың 1920 жылдың 20 қыркүйегіндегі Қырғыз институты комитетіне математикадан сабақ беруді келісу туралы хаты және оның Қырғыз институтына мұғалім болып кіргені туралы мандаты бар», - дейді Ш.Давудова.
Өзбекстан мемлекеттік архив қорында Түркістан автономиялық республикасының Орталық атқару комитеті қызметкерлерінің, соның ішінде Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың қысқаша өмірбаяндары сақталған.
«Жалпы, «Алаш» қозғалысы туралы деректерді 1917-1920 жылдары жарық көрген мерзімді басылымдардан, атап айтқанда, «Уақытша үкімет хабаршысы», «Түркі ОАК хабары», «Кизил Узбекистон», «Семиречинск облысы хабаршысы», «Түркістан хабаршысы», «Түркістан даусы», «Ферғана облысыы хабаршысы» газеттері мен «Ұлттық өмір», «Түркістан мәдениеті мен өнері», «Қазақстан халық шаруашылығы», «Түркіодақ бюллетені», «Социал-демократ» журналдардан кездестіруге болады», - деп қорытындылады аға ғылыми қызметкер.
Еске салайық, биыл Алаш қозғалысының ғасырлық тойы - Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Аталмыш мерейтойға орай республика көлемінде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Алаш қозғалысының идеяларын елдің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан конференциялар, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдерде насихаттауда.