Өзбекстанмен трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту нәтиже береді – Еркін Тұқымов

Фото: Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-өзбек сарапшылары Астанада бас қосты.

Сондай-ақ, аталған кездесу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылып отыр. 

«Қазақстан мен Өзбекстан президенттері 2022 жылдың желтоқсанында одақтастық қатынастар туралы келісімге қол қойды. Біз сараптамалық кеңесте елдеріміздің басшылығына одақтастық қатынастарымыздың болашағын анықтауға көмектесуіміз керек. Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы 5, 10, 50 жылдан кейін қандай болады? Бұдан екі елдің азаматтары не ұтады? Одақтастық қатынастар дегеніміз не? Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы Орталық Азия аймағының интеграциясына қалай әсер етеді?», - деді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында директоры Еркін Тұқымов. 

Институт басшысы шекаралық бақылау рәсімдерін жеңілдету арқылы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін алға тартты. 

«Екі ел азаматтары шекарадан өтуі неге оңайлатылған құжат айналымына көшпеске. Ташкент – Шымкент, Ташкент – Тараз, Ташкент – Алматы, келешекте Ташкент – Астана жүрдек пойыз бағыттарын іске қоссақ. Трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту нәтиже береді және басқа аспектілерді де жандандыра түседі», - дейді ол. 

Одан бөлек, ҚСЗИ басшысы Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтымен екі елдің өзара іс-қимыл мәселелерін жеке қарастырып, бірлескен зерттеулер жүргізуді ұсынды.

Еске сала кетейік, 7-8 тамыз күндері Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапары болады

9 тамыз күні Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы консультативтік кездесуі өтеді.